Автор мақаласында Жәңгірдің хан сарайындағы алғашқы ұйымдастырған қару-жарақ палатасында болған қарулар жайлы мәселе көтерді. Шынымен де, «Қару-жарақ палатасындағы хан әулетінің қадір тұтатын құнды заттары Жәңгір хан өлгеннен кейін қайда кетті? Кім қолданды? Қазірге дейін сақталды ма?» деген сұрақтарға шешім табылмауда. Бұл сауал тарихшыларды ойландырары сөзсіз.
Тарихи тұрғыдан құнды жәдігерлерді атақонысқа қайтару үшін Бөкей ордасы тарихи-музей кешені директоры іздестіру жұмыстарын қолға алды. Бастамалары нәтижелі болып, орыс зерттеушілері Киттары мен Сабанщиковтың жазбаларында көрсетілген Жәңгір ханның «Қару-жарақ палатасында» болған Әбілхайыр әулетінен Бөкей және Жәңгірдің хан тағына отыруына орай Ресей патшалары берген қылыштары табылды.
Бірде Ғайса Махимов Ресейден шығатын «Мир музея» журналындағы «В Соколиной башне Ханского дворца», Галина Останенко, Музей истории и культуры крымских татар «Ханский дворец» деген мақаланы кезіктіреді. Бұл мақалада көптен бері іздеген хан Жәңгірдің 1823 жылы таққа отырған кезінде Александр І патшаның сыйға тартқан қылышы туралы айтылған екен. Осы мәліметтерге сүйене отырып, ғаламтор арқылы «Бахчисарайский историко-культурный и археологический музей-заповедник» музейінің «В Бахчисарае открылась выставка средневековых оружий» деп аталатын қару-жарақ экспозициясы туралы түсірілген деректі фильмді тауып алады. Көрмеде көз тартарлықтай көне қарудың түр-түрі жетерлік екен. Ішінде мақалада жазылған Александр біріншінің Жәңгір сұлтанға хан дәрежесіне көтерілуіне байланысты сыйға тартқан қылышы да тұр. Экспозицияны таныстырып жүрген экскурсия жүргізушісі құнды жәдігерді Бөкей хандығынан қалған деп айтып өтті (суретте). Ішінде Жәңгірдің жинақтаған басқа да қарулары болар деген оймен ғаламтор арқылы музейге Жәңгір ханның қару-жарақ палатасының басқа да жәдігерлерін сұрастырып хат жолдайды. Көп күттірмей Хан сарайы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Полканова Анна Юрьевнадан жауап келді. Онда: «На Ваше письмо о клинке, указанном в статье Г. Останенко «В Соколиной башне Ханского дворца» в журнале «Мир музея за ¹314 от 10 октября 2013 года сообщаем, что он действительно находится в фондах нашего музея» деп жазылған.
Ханнан қалған мұраның сақталғанына көз жеткен соң, қалған жәдігерлерді сұрастырып тағы да хат жолдайды. Арада сегіз ай өткен соң мынадай қуанышты хабар келеді: «Уважаемый Гайса Темирбулатович, пишет Вам Зайцев Илья. В недавнем прошлом я работал заместителем директора Бахчисарайского историко-культурного заповедника. Мне переслали Ваше письмо в Музей о казахских клинках. Действительно, в Музее есть два клинка ханов Букея и Джангира. Я совсем недавно делал доклад о них в Москве на конференции (с переводом надписей и обстоятельствами попадания сабель в Бахчисарай). Этот доклад готовится сейчас к публикации в журнале в Москве. Я готов переслать Вам мою статью. С уважением, Илья».
Бұл жаңалықты оқырманмен бөлісу мақсатында хаттарды толықтай жариялап отырмыз. Бөкей ордасы тарихи-музей кешені құрамындағы екі ғасырға жуық сақталған хан сарайының шығыс бөлігі мен Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдаған «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы қайтадан қалпына келтірілген хан сарайының «орталық бөлігі» мен «батыс бөлігі» болашақта ханның мемориалдық музейі болып жасақталмақ.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай белгіленген шаралардың бірі Хан ордасы ауылында өтеді деп күтілуде. Осы айтулы оқиға қарсаңында қос ханның қылышы өзінің тарихи орнына қайтарылса ғой...
Нұрлыбек РАХМАНОВ,
Батыс Қазақстан облысынан
арнайы kazmuseum.kz сайты үшін