Анонс


Айша бибі және оның кесенесі туралы аңыз

Сәрсенбі, 24 Шілде 2024 03:38
Айша бибі және оның кесенесі туралы аңыз KAZMUSEUM.KZ -  

ХІ–ХІІ ғасырлармен мерзімделетін Айша бибі кесенесі – сәулет өнерінің үздік нұсқасы. Ескерткіш Тараз қаласынан 18 шақырым жердегі Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында орналасқан. Біздің ғажап өлкемізге аяқ басқан әрбір адам мұсылман әлемі құрмет тұтатын, «әулие орын» деп аталған ортағасырлық сәулет өнерінің ескерткіші Айша бибі кесенесіне ат басын бұрмай өтпейді.

Орталық Азия мен Қазақстандағы өн бойы ою-өрнектермен көмкерілген жалғыз ескерткіш. Ескерткіш Ахмет Яссауидің шәкірті әрі ақын, әрі әйгілі ғалым Хакім Сүлеймен Бақырғани мен Әнуар бегімнің қызы Айша бибінің мәңгілік жер бесігінің үстіне тұрғызылған. Кесенені Қарахан өзінің сүйіктісі Айша бибіге арнап салдырғаны бізге мәлім. Кесенені тұрғызған шеберлердің қайталанбас өнер туындысы саналатын ескерткіштің салыну тарихы және оны салған тұлғалар туралы ресми мәліметтер жоқ, тек ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер қалған. Әр аңыз өзінше ерекшеленеді. Бірақ бәріне ортақ кейіпкер көркіне көз тоймайтын көркем Айша туралы. Ендеше Айшаның кім болғандығы жайлы аңыз әңгімелер мен ресми деректерге тоқтала өтсек.

Айша бибі – орта ғасырда өмір сүрген ару қыз. Аңыз бойынша, Айша бибі бірде Ысмайыл атаның туған қызы, кейде қытай билеушісінің қызы, Әмір Темір әйелінің сіңлісі ретінде көрсетіледі. Келесі бір аңызда төрт түліктің бірі – сиыр малының атасы – Зеңгі бабаның, яғни Айқожаның қызы делінеді. Айқожа – Хакім ата Сүлейменнің шәкірті. Хакім ата Сүлеймен өлгенде Айқожа оның жұбайы Әнбарға үйленеді, одан Айша бибі туады. [Пәкістан, Өзбекстан архивінде, Ә. Диваев, Ә. Марғұлан жазбаларында кейбір деректер бар]. Ш. Уәлихановтың жазуынша Әнбар бибі мен Сүлейменнен Айша, Ерхуббу, ал Зеңгі атаға тиген соң, Әлиасқар туады [ІІІ-том, 50–51 бет, 1985 ж.]. Зеңгі ата мен Әнбар бибі мазарлары Ташкент облысының Зеңгі ата ауданының сол аттас орталығында орналасқан [1]. [Автор Тараз Жамбыл болысы энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2003].

Ару жайлы ақиқаттар (Тегі, заманы туралы толғаныс): Атақты археолог А. Н. Бернштамның өткен жүзжылдықтың 30–40 жылдардағы зерттеулері негізінде бұл көне ғимараттар ХІ–ХІІ ғасырларда салынған деп жазылған. Археологтар мұнда ескерткіштердің салынған жылын дәл атап көрсетпесе де құрылыс ерекшеліктеріне байланысты жалпы мерзімін негізінен дұрыс топшылайды. Әйтсе де ежелгі тарихымызды зерделегісі келген әрбір адам бұл ғимараттар кімдерге, қашан салынғанын, оларды кімдер салғанын білгісі келетіндігі табиғи нәрсе.

Ең бастысы Ташкент мұрағатындағы «Туркестанские ведомости» газетінің 1900 жылғы № 97 және 1904 жылғы № 37 сандарында Әбубәкір Диваев Айша бибінің әкесі Сүлеймен Бақырғани, яғни Хаким ата және асырап алған әкесі Зеңгі бабаның тегі туралы деректер жариялапты. Сондай-ақ Ташкент түбінде Зеңгі бабаның мазары, Айша бибінің анасы Әнбар бибінің және әжесі Ұлықпатшаның басына тұрғызылған қабірлер жақсы сақталған. «Зеңгі» арабшадан аударғанда қара түсті, еуропалықтар мен американдықтар айтатындай негр деген мағынаны білдіреді. Оның өзінің азан шақырып қойған аты – Айқожа. Әкесінің аты – Тәжіқожа... Зеңгі бабаның алтыншы атасы атақты Қожа Ахмет Яссауи сопының ұстазы Арыстан баб екен. Өзбекстандық зерттеушілер бұл шежірені Пәкістандағы Лахор қаласынан алыпты. Өзбекстанның көп томдық энциклопедиясының 4-томында Зеңгі атаның өлген жылы 1258 жыл екендігі анық жазылған. Бірақ туған жылы белгісіз.

Зеңгі бабаның зәулім биік мазары Ташкент қаласынан 25–30 километрдей жерде оңтүстікке, Самарқанға қарай апаратын жол бойында. Бұл атырап қазір Зеңгі ата ауданы деп аталады. Қазақтар сиыршылардың пірі Зеңгі «баба» десе, өзбек ағайындар «ата» дейді, мұның өзі оның жас шамасы кемінде сексеннен асқан-ау деп болжауға мүмкіндік береді. Өзбекстан энциклопедиясында сол сияқты Зеңгі атаның басына көтерілген күмбездің әр қырынан түсірілген суреттері, оюлы кірпіштерінің кескіндері берілген. Қазақ Совет Энциклопедиясында Зеңгі баба туралы дәл деректер жоқ. Есесіне ұлы Шоқан Уалиханов 1858 жылы қазанның 25 күні «Қашқар күнделігінде: В Ташкенте могила Зенги ата... Анбар ана – жена Зенги, вдова учителя Зенги Хаким-ата, Эрхуббу, сын ее от первого брака, Али Аскар – от второго. Анбар-ана носила обед, когда муж пас коров...» деп жазыпты [Собрание сочинений, 3-т., 50–51 б., 1985].

Қазақтардың да, өзбектердің де арасында Әнбар бибінің алғашқы жұбайы Сүлеймен Бақырғани сопы қайтыс болған соң оның шәкірті әрі жақын туысы да болуы керек Айқожа шейхқа Әнбар бибінің қалай ерге шыққаны туралы да аңыз бар.

Солардың бірі Аякөз қаласындағы Ғабдылахмет қожа Шекеров. Бұл кісі Аякөз өзені жағасында қазақтарға қарсы жоңғарлар тұңғыш рет 1718 жылы зеңбіректер қолданып, ата-бабаларымыз қирай жеңіліп, еңіреуіне байланысты Еңірекей атанған таудың етегінде 1916 жылы өмірге келген. Ғұлама қожа тұқымы болғаны үшін большивиктерден қуғын-сүргін көргендіктен отызыншы жылдары Қытай асып, 1956 жылы ғана туған жеріне оралған. Өзінің оқыған-тоқығанын бір қалың кітап етіп шығарыпты. Сол кітаптың бірі – Тараз қаласында тұратын қызында сақтаулы. Кезінде облысымыздың орталығындағы мәдени-ағарту училищесінде кітапхана ісінен дәріс берген жоғары білімді осы маманның қолындағы кітапта Айшаның анасы бір, әкесі бөлек, ағасы не інісі Ғабдімәлік туралы жазылған. Алайда, одан тұқым қалған-қалмағандығы белгісіз. Ғабдылахмет қожа Шекеров айтуынша: Сүлеймен Бақырғани – Қожа Ахмет Яссауи сопының атақты шәкірттерінің бірі. Ол Өзбекстандағы Бақырғани қыстағында туғандықтан Бақырғани, яғни бақырғанидық деп аталып кеткен. Сүлеймен Қожа Ахмет Яссауидің өте тапқыр да , білімді шәкірттерінің бірі болғандықтан оған ерекше ықыласпен қараған. Сүлеймен Бақырғанидың «Ақыр заман» кітабы, Иса пайғамбардың анасы туралы «Бибі Мариям» дастаны көне түркі шағатай тілінде 1848, 1898 жылдары Қазан қаласында жарияланған екен. Өзбек тілінде бұл кітап 1991 жылы Ташкент қаласында жарық көріпті. Сүлеймен Бақырғанидың өмірі туралы деректерден оның туған жылы беймағлұм болғанымен, опат болған жылы 1186 екендігін білуге болады. Олай болса, Сүлеймен сопы мен Әнбар бибінің артында қалған қызы Айша ең бері дегенде 1185 жылы өмірге келген болып шығады. Сүлеймен өмірден өтер алдында үйіне кіріп-шығып жүрген Зеңгі бабаға қарап, жұбайы Әнбар бибіге қарап күліпті деседі аңыз. Сонда Әнбар бибі: «Сопы, жылағанды сұрама, күлгенді сұра» депті жұбайына. Сонда көріпкелдігі де бар Сүлеймен: «Мен өлген соң сені осы шәкіртім айттырады. Түсі қара деп тимей жүрме, сенің қадіріңді біледі», - деп уағыз өсиетін айтып, көзін мәңгілікке жұмады. Жесір қалған уыздай аппақ сұлу жесір келіншек уақыт өте келе өзін қайта-қайта айттырған Зеңгі Айқожа шейхқа тұрмысқа шығып, одан жалғыз ұл тапқан екен.

Жоғарыда аталғандай, Ш. Уәлихановтың дерегінде Айшаның ағасы Ерхұббу, інісі Әлиасқар. Анасынан үшеу, туған әкеден екеу, Айшаның тұрмысқа шыққандығы оның «бибі» деген қосымша атауынан анық байқалады. Түркі халқында хан әйелін ертеректе «қатын», кейініректе «ханым», қызын «ханша», би мен бай әйелін «бәйбіше», қызын «бикеш», «бике» десе, қожа қыздары ерге шыққанда оларды тек «бибі» деп атағандығы белгілі. «Айша» деген сөздің мағынасы арабшадан аударғанда «өмірге құштар, іңкәр» деген мағынаны білдіреді. Айша 1185 жылы өмірге келген болса, ол бойжеткен кезде Тараз қаласын билеген Қарахан әулетінің кезекті өкілі түркіше лақабы – Арыстан, мұсылманша Мұхаммед аталған хан еді. Бұл Қарахан Мұхаммед 1212 жылы Тараз қаласынан қуылып, Қашқарды паналағанда сол жерде бақталастарының қолынан қаза тапқанын академик В. В. Бартольд жазған болатын. Қарахан Мұхаммедті Тараздан әуелі қуалаған қара қытай гурханы Чулуку мен найман ханы Күшлік болса, кейін біржолата бездіріп жіберген Хоремшах Мұхаммед еді.

Айша бибі Қарахан Мұхаммедке ол қаза табардан әлдеқайда бұрын тұрмысқа шыққаны күмән туғызбайды. Өйткені, Айша бибі ескерткішін Мұхаммед тұрғызды деп батыл айтуға болатын бір жәйт бар. Қазақстанның сәулетші зерттеушілері В. Қадырбаевтың, Н. Бәсеновтың және басқалардың мәлеметтеріне қарағанда, күмбездің маңдайшасында мазарды тұрғызған Мұхаммед деген сөздер бертінге дейін сақталған.

Өзінің асырап алған әкесі Зеңгі бабаның сиыршы – падашылар пірі болғаны, Айшаның махаббат пірі, ғашықтардың пірі саналатындығы тегін емес. «Айша қатын» деген атау ұлы тарихшымыз Дулат Мұхаммед Хайдар мырзаның «Тарих-и-Рашиди» кітабында да кездеседі. Қазіргі Аса өзені бұдан бес ғасыр бұрын Айша қатын аталса керек. «Қатын» демекші, бұл сөз, кейбіреулер жазып жүргеніндей, ешқандай парсы сөзі емес, көне түркі атауы. ХІ ғасырда өмір сүрген қашқарлұқ ғұлама Махмуд бабамыз өзінің түркі сөздігінде «қатын» деген атау Алып Ер Тоңаның қыздарына байланысты айтылғандығын жазады. Айша бибінің тегі, туған, өлген жылдары, заман туралы осындай мәліметтерді ортаға сала отырып, оның мазары басындағы ХІ–ХІІ ғасыр деген болжам мезгілді ХІІ ғасырдың соңы – ХІІІ ғасырдың басы деп дәлірек жазсақ деген ұсыныс өзінен-өзі туындайды [Әбілдаұлы Б. Талас. Айша бибі. Қарахан. Көмекші қу құралы. – Алматы: «Санат», 2002, –93–104 бб. // «Егемен Қазақстан», 29 мамыр, 2002 жыл].

Айша бибі өмір сүрген дәуір Қарахан әулетінің, оларға бағынышты ата-бабаларымыздың әуелі қара қытайларға, одан кейін хорезмшах Мұхаммедке, артынша әуелі христиан дінінде болғанмен көп ұзамай қарақытай гурханның қызына үйленген соң будда дініне көшкен найман Күшлік ханға қарсы күрескен заманына тұтас келеді.

Енді Қарахан атауына тоқталған жөн болар. Көп жұрт Қараханды билеушінің аты деп ұғады. Бұл мүлдем қате түсінік. Қарахан лауазымы көне түркі заманында ұлы хан деген мағынада қолданылған. Мәселен, «қара халық» деген сөз «көп халық», «ұлы халық» деген мағынаны білдіреді. Ал сол ұлы ханға бағынатын хандарды «илек хандар» деп атаған. Қарахан әулиетін «қараханидтер» деген атауды көне грек дәстүріне сәйкес орыстың шығыстанушысы, Шоқан Уәлиханов шығармашылығын алғашқы зерттеушілердің бірі В. Григорьев ғылыми айналымға енгізген болатын.

Осы орайда Тараз қаласының қақ ортасындағы сазардағы «Әулие ата танған Қарахан кім?» деген сауал өзінен-өзі туындайтындығы сөзсіз. Ғалымдар бұл мәселеге де жауап беріп отыр. Австрия ғалымы О. Прицак, О. Восфордтың «Мусульманские династии» деген кітабында 1059 жылға Таразды билеген Қарахан Ша-махмуд (Шах-Махмуд) екендігін нумизматикалық деректер арқылы дәлелдеп көрсетсе, академик В. В. Бартольд сол Ша-Махмудтың қара қытайларға қарсы талай қырғын соғыстарға қол бастап, талай жеңістерге жеткенін, бірде Талас өзенімен тоғытылатын қойдай ағып бара жатқан жау өліктерін көріп, жиреніп, алтын тағын мүлдем тастағанын, сопылық жолға түсіп, жер астынан қылует үй қазып алып өле-өлгенше Аллаға жалбарынып өткенін, сондықтан Әулиеата атанғанын жазған еді. Академик Әлкей Марғұлан да «Шоқан және Манас» деген кітабында әулие атанған Қарахан туралы жазады» (А., 1971, 65, 83 б.).

Айша бибі – қазақ халқының, әлбетте, түркі халқының екі жарым мың жылдан да ары тарихына терең бойлайтын Қарахан әулиетінің бір ұрпағына ерге шыққан қасиетті анамыз. Екі ғашықтың іңкәр сезімдерінен туындағын махаббаттары жайлы аңыздардың 28 түрлі нұсқасы ел аузында сақталған. Жаңғара Дәдебаев«Талас аңыздары» кітабында бірнеше нұсқаларын келтірген болатын.

Енді кесене құрылысы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына тоқтала кетсек, Кесене құрылысын 1897 ж. В. А. Каллаур, 1938–1939 жж. А. Н. Бернштам бастаған КСРО ҒА Қазақ филиалының тарих және материалдық мәдениет экспедициясы, 1953 жылы Қазақстан ҒА-ның экспедициясы зерттеген. Кесенені салған сәулетші туралы нақты дерек жоқ [Тараз Жамбыл облысы энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2003].

Мазар сырты ерекше қапталған, оны тек Бұхарадағы Исмаил Самани мазарымен ғана салыстыруға болады. Айша бибі кесенесі 62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкеріліп, әр қилы үйлесім мен нұсқалардан тұратын, түрлі өсімдік гүлдері мен геометриялық түрлер сарынындағы  өрнектерге бай Орта Азия мен Қазақстандағы ою-өрнекпен әдіптелген жалғыз ескерткіш. Айша бибі кесенесі – өз алдына бір музей сияқты. Сондықтан, Айша бибі кесенесі қазақ халқының ежелгі ою өрнегін  сақтаған мұражай іспетті. Қошқармүйіз, жапырақ, қыңырмүйіз, қазмойын, бітпес, жауқазын, құсқанат,төртқұлақ. Композициялық  ою-өрнектің барлық түрін осы кесенеден көруімізге болады. Кесене қазақ халқының ежелгі ою өрнегін  сақтаған мұражай іспетті. Қошқармүйіз, жапырақ, қыңырмүйіз, қазмойын, бітпес, жауқазын, құсқанат,төртқұлақ. Композициялық ою-өрнектің барлық түрін осы кесенеден көруімізге болады. Айша биби кесенесіне қолданылған барлық декоративті тәсілдер оның салынған уақыты ХІ ғасыр және ХІІ ғасырдың бас кезінен кеш емес екендігін көрсетеді, ал кейбір әдебиеттерде бұл кесененің салынуын ХІІ–ХІІІ ғасырларға жатқызып жүр. Айша бибі кесенесінен қалған кірпіштерді тексеріп зерттеудің нәтижелері көрсеткендей, бұл ескерткіш тек сәулетшінің тапқыр констриктив тәсіл қолдануының арқасында ғана сақталған [Марғұлан Ә., Бәсенов Т. К., Меңдіғұлов М.VII–XII ғасырлардағы Қазақстан архитектурасы. – Алматы, 1959, 113–115 бб.]. Өкінішке орай, кесене бізге күмбезсіз, қираған күйде жетті, тек қасбеті ғана жақсы сақталған. Кесененің қасбеті толығымен өсімдік және геометриялық ою-өрнектері бар оюланған терракоталық плиткалармен безендірілген [Денике Б. П. Архитектурный орнамент Средней Азии // Издательство всесоюзной академии архитектуры. – Москва, 1939].

Ескерткішті қалаған кірпіштердің әртүрлілігінің өзі таң қалдырады. Сегіз сәулелі жұлдыз орта ғасырлардағы ғылымның тілі болған араб тілінде бұл таңба «руб әл-хизб» ислам символы немесе «Оғызханның жұлдызы» деп аталады. Араб  тілінен  аударғанда хизбаның  төрттен бір бөлігі деген мағынаны  білдіреді ( бұл бөлу жүйесінің негізгі мақсаты: Құранды оқуды жеңілдету.) Арабта 8 саны «^» былай жазылады. Көне заман адамдары сегіз санын сенімділіктің, өркендеу, шыңдалудың шыңы деп есептеген. Сегіз санының құпиясы әлемдегі мәңгілік үздіксіз қозғалысты білдіреді. Қарахан мемлекеті тұсында сопылық ілім айрықша дами түсіп, жарық дүниеден баз кешкен сопы дәруіштер көбейіп, діни мешіттер көптеп салынуының әсерінен осындай белгілерге көп көңіл бөлінді. Жәннаттың 8 қақпасы (қызыл жақұт, күміс, зумруд, лағыл, гауһар, нұр, зүбаржат, алтын). Қазіргі кезде сегіз сәулелі жұлдыз  өткеннің ескерткіші ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің ажарын ашатын рухани құндылық ретінде тарихи өлкеміздің логотипіне айналып үлгерді. 1979 жылы сақталған кесене қабырғаларын жауын шашыннан қорғау мақсатында әйнекті жабумен жабылды. Қаншама жылдар бойы археологтар, сәулетшілер, жаңғыртушы-реставраторлар кесенені қайта жаңғырту туралы пікірталас жүргізді. 2002–2005 жылдар аралығында «Қазқайтажаңарту» мекемесінің Түркістан филиалы мамандары жөндеу жұмыстарын жүргізді. Кесене 2005 жылдың көктем айында алғашқы қайталанбас көз қуантарлық ғажап келбетіне енді. Қазіргі таңда кесене 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпы ұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.

 

Ұлжалғас ШАИЗХАН, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттіктарихи-мәдени музей-қорығы Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау  бөлімінің басшысы

1432 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper