Анонс


Ұлттық музейде «Киелі кимешек» атты жеке көрме ашылды (ФОТО) Таңдаулы

Сейсенбі, 10 Желтоқсан 2024 19:18
Ұлттық музейде «Киелі кимешек» атты жеке көрме ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Ұлттық музейінде ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, халықаралық ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, этнодизайнер Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» атты жеке көрмесі ашылды. Көрмені «Қара Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрме аясында ұлттық нақыштағы киімдер түрінен дефиле көрсетіліп, ұлттық киімдердің ою-өрнегі, жас ерекшелігіне қарай қалай кию керектігі жайлы дәріс, кимешек кию мен шылауыш ораудан шеберлік сабақ өтті.

Көрме экспозициясын Қазақстанның өңір-өңіріне тән көне кимешектер мен шебердің өз қолынан шыққан ұлттық бас киімдер құрайды.

Тілек Сұлтан көптеген жылдар бойы әйелдердің бас киімі – кимешекті зерттеп, оның кестесімен белсенді айналысып, ұлттық киімдер мен зергерлік әшекейлер, тұрмыстық бұйымдардан тұратын мол этнографиялық коллекция жинады.

Шебер біз кестемен тігу техникасында жұмыс істейді және бұл өнерді барлық қызығушыларға жүйелі түрде үйретіп келеді. Тілек Сұлтанның бұйымдары Алматы, Тараз, Семей қалаларында өткен шеберлер байқауларында мойындалып, сондай-ақ Түркия, АҚШ, Үндістан, Өзбекстан, Түркменстан және Қырғыз Республикасында өткен халықаралық көрмелерде ұсынылған. 2023 жылы «Қазақ ұлттық киімдері» коллекциясы АҚШ-тағы көрмеде көрсетіліп, сондай-ақ Түркменстанның Түркменабад қаласында жеке көрмесі ұйымдастырылды.

Тілек Сұлтанның шығармашылығы қазақ мәдениетінің өткен мен қазіргі арасындағы тамаша үйлесімін көрсетеді.

Көрме 2025 жылғы 5 қаңтарға дейін жалғасады.

Айта өтейік, көрмені Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының «Руханият» КММ қолдауымен «Қара Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірлесіп ұйымдастырды.

336 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper