Анонс


Қазақстан музейлеріне заманауи менеджмент қажет

Жексенбі, 11 Тамыз 2024 21:24
Қазақстан музейлеріне заманауи менеджмент қажет KAZMUSEUM.KZ -  

Елімізде бүгінгі таңда 276 музей бар, олардың басым бөлігі Түркістан облысында шоғырланған. Республика бойынша туристер ең көп баратын музей — «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы, 2023 жылы мұнда 677 мыңға жуық адам келген. Мұндай деректерді FORBES.kz сұрақтарына жауап берген музейтанушы маман Нұрсерік Жолбарыс алға тартты. Сарапшының айтуынша, түркі жұрты үшін киелі орын Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішкі туризмді дамытуға қосып отырған үлесі өте зор. Шетелдік және отандық туристер Астанадағы Ұлттық музей мен Алматыдағы Орталық музейге де арнайы іздеп келеді, дейді музейтанушы.

Нұрсерік Жолбарыс — Санкт-Петербург мемлекеттік мәдениет институтын «музеология және табиғат пен мәдениет ескерткіштерін қорғау» мамандығы бойынша бітірген магистр маман. Қазақстанда музей қызметкерлеріне арналған kazmuseum.kz сайтын ашып, 2015 жылдан бері жүргізіп келеді. Отандық музей мамандарының біліктілігін арттыруға және әдістемелік көмек беруге арналған Kazmuseum ақпараттық-әдістемелік орталығының негізін қалаған.

Нұрсерік мырза, Қазақстандағы музейлердің бүгінгі бейін-сипаты қандай, әңгімені осыдан бастасақ…

— Қазақстандық музейлердің басым бөлігін өлкетану музейлері құрайды деуге болады және олардың дені бір-біріне қатты ұқсас. Музейтанушы маман ретінде ел ішіндегі музейлер қорына ревизия жүргізіп, жаңа музейлер құру туралы ойлану қажет деп есептеймін. Өлкетану музейлері аудан немесе шағын қалалар үшін орынды. Ал ірі қалаға айналған облыс орталықтарындағы өлкетану музейлерінің концепциясын қайта қарап, жаңа тақырыптағы музейлер ашуды қолға алған дұрыс. Қазір, мысалға, әдебиет, техника, этнография тақырыбындағы экспозициялар да негізінен өлкетану музейлерінде жинақталған. Барлығын өлкетану музейлеріне жинап, басқа тақырыптағы музейлердің ашылуына мүмкіндік бермей отырмыз.

Бізде қазір ерекше дейтін музейлер бар ма?

— Әлбетте, біздің елде экспонат тұрғысында да, тарихи маңызы жағынан да ерекше музей көп, мәселе оларды дұрыс көрсете білу дегенге келіп тіреледі. Мысалға, сүйектен жасалған заттардың коллекциясын Семей музейінен көріп, қатты қызыққанымды жасырмаймын. Реті келсе сол коллекцияны ғылыми жобаға айналдырса деймін. Ал Маңғыстаудағы музейден киіз үйге қатысты барлық дүниені көре аласыз. Батыс Қазақстандағы музейдегі күмістен жасалған коллекцияны барған сайын тамашалаудан жалыққан емеспін. Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облысындағы музейден этнографиялық бұйымдардың түр-түрін көре аласыз. Сол сияқты, еліміздегі ірі музейлер қатарындағы Астанадағы Ұлттық музей, Алматыдағы Орталық музей, Абай музей-қорығы, Әзірет-Сұлтан музей-қорығы, Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі, Отырар музей-қорығы да ерекше музейлердің бірі. Бұлар түгелдей салалық министрлікке тікелей бағынышты. Еліміздің музей қорындағы ең қымбат құндылықтардың басым бөлігі осы музейлерде сақталған. «Алтын адам» реконструкциясынан бастап, Әбілхан Қастеевтің туындылары, қазақ жеріндегі ортағасырлық қала мәдениетін паш ететін құндылықтар, ұлы Абайдың қолы тиген заттар, ғалым Шоқан пайдаланған дүниелер, т. б.

Қазір елімізде жекеменшік музейлер бар ма?

— Қазақстандағы музейлердің басым бөлігі мемлекеттің қарамағында. Жекеменшік музейлер саны оннан аспайды. Бізде жекеменшік музейлерге «музей» статусын беретін нақты бір ереже жоқ. Тек Әділет басқармаларында тіркелгенде өздері «музей» атауын жазып көрсетеді. Жекеменшік музейлердің қоры туралы деректер музейтанушыларға белгісіз. Тіпті олардағы заттардың нақты саны да біз үшін беймәлім, бірақ жеке музей ретінде ашылып, келушілерді қабылдап отырғандары бар. Мысалы, Ақмола облысында профессор Жамбыл Артықбаев ұйымдастырған музей, Шымкенттегі «Қылует» этнографиялық музейі, Қарағанды қаласындағы Экология музейі. Жекеменшік музейлермен қатар елімізде корпоративтік музейлер, білім ордаларындағы музейлер де бар. Алдағы уақытта осы музейлердің қызметін реттеуге арналған ереже болғаны дұрыс деп есептеймін. Бұл музейлердегі құндылықтар есепке алынып, ел ішінде насихатталуы тиіс.

Музейлердің қаржы көзі қайдан болуы мүмкін?

— Мұның еш құпиясы жоқ. Қазақстан музейлерінің негізгі қаржы көзі — мемлекет есебінен берілетін субсидия. Субсидия көлемі 50–97% аралығында. Қалған қаражатты музейлер өздері билет сату, кәдесый, яғни сувенир сату, бос кеңістікті көрмелер мен конференцияларға жалға беру, тақырыптық дәрістер ұйымдастыру арқылы тауып отыр. Аз болса да демеушілер мен қайырымдылық ұйымдары көмектесіп жатады.

Отандық музейлердегі билет бағасы шетел азаматтары мен жергілікті тұрғындар үшін бірдей ме?

— Музей — коммерциялық мекеме емес. Коммерция басталған жерде оған деген көзқарас басқаша болады. Рас, музей ақылы қызметтер көрсетеді. Ақылы қызметтен кіріс келеді, бірақ кірістің бәрі табыс емес. Музейді ұстап тұру үшін де белгілі бір деңгейде шығын шығару керек. Түскен қаражат сол бағытта жұмсалады. Қазақстандағы музейлердің басым дерлігі билет сатады. Облыстардағы музейлер шетелдіктерге және жергілікті азаматтарға екі түрлі баға ұсынады. Ал республикалық музейлер Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығына сәйкес қызмет атқаратындықтан, шетел азаматтары мен жергілікті азаматтарға бірдей баға ұсынады. Тек шет тілінде экскурсия жүргізгені үшін қосымша ақы алады. Шетел азаматтары мен жергілікті азаматтарға екі түрлі баға ұсыну практикасы шетелде жиі кездеседі. Біздің елде де бұрын болған. Бірақ ірі қалалардағы музейлерде қазір байқалмайды. Өз басым азаматтығына қарап басқа баға ұсынуды қолдамас едім.

Біздің елдегі музейлердің билет бағасы кімге болса да қолжетімді. Шамамен 100–1000 теңге аралығында. Бұл айтарлықтай арзан баға. Ал бұл бағаны қымбат санайтындар әр айдың белгілі бір күндері музейлерге тегін кіре алады. Музейге тегін кіру құқығы министрдің бұйрығымен реттелген.

Музейде жұмыс істеу үшін қандай мамандықты меңгеру қажет?

— Қазақстан музейлерінде көбінесе тарих, тіл-әдебиет мамандықтары бойынша мамандар жұмыс істейді. Музей ісін бітірген мамандар ірі музейлер мен ірі қалаларда болмаса, басқа музейлерде сирек кездеседі. Музей ісі мамандарын Астана, Алматы, Қостанай қалаларында орналасқан үш оқу орны дайындайды. Бұл мамандық «тарих» мамандығы тобында болғандықтан, талапкерлер музей ісінен гөрі тарихты таңдап, әмбебеп болғанды жөн көреді. Әрине, тарихшы маман музейде қызмет ете алады. Бірақ музейтанушы маман музей ісін тарихшыға қарағанда кеңірек меңгеріп шығатыны анық. Сонымен қатар, музейдің бейініне қарай археолог, өнертанушы, инженер, экономист, медицина білімі біар маман да музейде жұмыс істей алады. «Музейде мына маман ғана қызмет етсін» деген қатаң қағида жоқ.

Қазақстан музейлерінде қазір қандай тендециялар байқалады?

— Музей тірі организм сияқты. Ұдайы дамып, танылуы үшін стратегиялық жоспары болып, онда даму механизмдері анық көрсетілуі керек. Әйтпесе, «2030 жылы мынадай жетістіктерге жетеміз» деген құрғақ жоспар музейді алға сүйремейді. Жаңа бастамаларды қолға алу үшін идея керек. Идеяны жүзеге асыру үшін музей директоры көшбасшы болып, мықты команда қалыптастыруы қажет. Біздің музейлерде әлі күнге дейін «өз қазанында қайнау» үрдісі байқалады. Өзге елдердегі музейлермен байланыс орнатып, олардың тәжірибесін өндіріске енгізу бастама ретінде енді ғана қолға алынды. Осы уақытқа дейін республикалық деңгейдегі 3–4 ірі музей ғана шет елдік әріптестерімен жұмыс істейтін. Қазір облыстар мен қалалардағы музейлер Шығыс Азия, Еуропа, Солтүстік Америка елдерімен байланыс орнатуда. Ал әлемдік музейлердің даму тендециялары жан-жақты. Оның ішінде әсерлі экономикаға бейімделіп жұмыс істеу, музейлерде жаңа лауазымдардың (мамандардың) пайда болуы сияқты өзімді қызықтыратын бағыттар да бар. Әсерлі экономикада адамдардың құндылығын бағалап, оларға шабыт сыйлау, эмоциямен марапаттау қажет екені белгілі. Маркетинг саласында есімдері белгілі Нил Котлер мен Филип Котлер «Музей стратегиясы мен маркетингі» атты еңбегінде «Музейде барлығы бар: уайымдау, әсер алу, қанағаттану» деп тұжырымдайды. Авторлардың қорытынды сөзі ретінде алынған бұл тұжырымды біздің елде жүзеге асыруға еш кедергі жоқ. Бұл үшін музей мамандарын қайта даярлауға назар аударып, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға мән беру керек.

Әсерлі экономика туралы айтып өттіңіз. Қазақстан музейлерінің экономикадағы үлесі қандай?

— Біздің елдегі музейлердің қала немесе аудан экономикасындағы үлесі туралы айту қиын. Себебі, музейлердің қаражатына қатысты ақпараттар ашық ресурстарда жариялана қоймайды. Батыс елдері мұндай зерттеулерін жариялап тұрады. Алысқа бармай-ақ Ресейдегі Эрмитажды мысал етсек, оның Санкт-Петербург қаласы экономикасындағы үлесі 2 млрд долларға жетеді. Ал АҚШ музейлерінің экономикадағы үлесі 50 млрд доллардан асады. Өкінішке қарай, жергілікті жердің экономикасындағы отандық музейлердің үлесін анықтау әзірге қиын, экономика тұрсын, ғылымдағы үлесі де айтыла бермейді. Тарих, өнер саласындағы жаңалықтар музей қабырғасында ашылып жатады, бірақ оны музейдің өнімі ретінде көрсетуге құлық таныта қоймаймыз.

Сіздіңше, елімізде музей ісін дамыту үшін қандай шараларды қолға алу керек?

— Ең алдымен — кадр мәселесін шешіп, заманауи музей менеджментін енгізу қажет. Яғни, жақсы кадр заманауи менеджментті енгізе алады. Біздің музейлерге заманауи басқару әдістері өте қажет. Басқарушы кадрларды тандауда да жаңа әдістерді ескеру керек. Заманауи менеджментті енгізген еуропалық музейлердің мамандары дәстүрлі бағыттарға өзгеріс енгізуде, олар музейлерді қала кеңістігіндегі «форумға» айналдырып, жанды ағза ретінде көрсетіп жатыр. Сол сияқты, олар музейлерді мәдени құндылықтарды сақтай отырып, өркениеттер арасында диалог орнататын, азаматтық қоғамның дамуына үлес қосатын ірі институт ретінде танытып жүр. Меніңше бұл біздің де қолымыздан келеді, біз де осыған талпынып, музейлердің экономикадағы, туристік саланы дамытудағы әлеуетін арттыруға дұрыстап мән беруіміз керек.

 

Сұхбаттасқан – Ә.Кемелбай

 

Сұхбат 2024 жылғы 24 мамырда Forbes.kz басылымында жарық көрген.

500 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper