Қазіргі уақытта орталық экспозициясына 7616 экспонат қойылған. Оның 4368 данасы негізгі және 3248 данасы ғылыми-көмекші қорға жатады.
Орталықтың экспозициясы мен филиалдарын тамашалауға 2024 жылы 34 809 адам келген. Шетелдік қонақтардың саны 3 мыңнан асады. Келушілердің басым бөлігі – Қытай, Ресей, Орталық Азия елдері, Жапония, Германия және Франциядан келген туристер.
Өткен жылы орталық залында 47 көрме, басқа мекемелерге 43 көшпелі көрме ұйымдастырылған, 2481 рет экскурсиялық қызмет көрсетілген, 98 лекциялар оқылған, өткізілген іс-шаралар саны 81. Жаңадан келіп түскен жәдігерлер саны – 83.
Орталық қызметкерлері халқымыздың тарихынан сыр шертетін атадан балаға мирас болып келе жатқан мәдени мұрамызды насихаттау барысында дәстүрлі жұмыс түрлерін яғни, экскурсиялық ақпараттық қызмет көрсету түрлерін, лекциялық сабақтар өткізіп, көрмелер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастыру арқылы атқарып келеді.
2024 жылы музей қонақтарының қызығушылығын тудырған бірнеше көрме ашылды. Олардың қатарында Кеңес дәуіріне жататын ыдыс-аяқтар топтамасынан жасақталған «Винтажды ыдыстар» көрмесі, «Алиса в стране чудес» ертегісі желісі аясында жасақталған «Бас киімдер әлемі» атты және дүниежүзілік жібек жіптерінің түрлерін насихаттау мақсатында «Жібек жіптен жұмыр ой» атты кестеленген бұйымдар көрмелері өткізілді. Сонымен қатар Кеңес үкіметі кезіндегі фотолардан жасақталған «Қазақ ССР-і фотографияда: Қайта оралған сәттер» атты фотокөрме ұйымдастырылып келушілердің ерекше ықыласына бөленді.
Ақмола облысының Мәлік Ғабдуллин музейіне және Павлодар облысының Қ.Сәтпаев тарихи-мемориалдық музейіне «Ұлы Дала мұрасы», «Киелі өлкенің зергерлік бұйымдары» атты көшпелі көрмелер ұйымдастырылды.
Орталық қызметкерлерінің жаңашылдығымен үлкен жобалар жасалды. Олардың қатарында «Түркі халықтарының аңыз әңгімелері анимациясы және комиксі» атты жобалар бар. Жоба аясында «Күлтегін көктүріктің көк семсері», «Өмір ағашы бәйтерек», «Темірден түйін түйген», «Ұлы Жібек жолы», «Жерұйықты іздеген Қорқыт» атты тақырыптарда электронды анимациялар мен комикстерді орталық қызметкерлері өздері арнайы бағдарламамен жасап, әлеуметтік желілерге қойып отырды. Сонымен қатар балаларға арналған кітапшалар жасады.
Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы, Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы, Шәкен Аймановтың 110 жылдығы, Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы, Саттар Ерубаевтың 110 жылдығы, Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығы, Халел Арғынбаевтың 100 жылдығы, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы, Әлкей Марғұланның 120 жылдығы арналған мерейтойлық әртүрлі форматтағы іс шаралар өткізілді.
Ұлыстың ұлы күніне орай қазақ ұлтының дәстүрлерін насихаттау мақсатында «Бесікке салу рәсімі», «Тұсау кесу рәсімі» өткізілді.
18 мамыр – Халықаралық музейлер күнінде «Ашық есік күні» акциясы және «Музейге сый» акциялары ұйымдастырылды.
Шілде айында Түркістан облысына қарасты музейлердің басын қосып, «Музей – тарих айнасы» атты облыстық семинар кеңесі өткізілді.
Жаз мезгілінде мектеп оқушыларының демалыс уақытында, жаздық лагерлерге барып көшпелі көрмелер ұйымдастырды.
Н.Оңдасыновтың 120 жылдығына орай, Оңдасынов музейі күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, экспозициясы қайта жасақталды. «Қазақстан және Нұртас құбылысы: Мәдени-талдау аспектісі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды, Нұртас Оңдасыновтың ауылында ас беріліп, көкпар ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары арасында «Тау тұлғалы қайраткер» атты жыр мүшәйрасы өткізілді.
Мүмкіншілігі шектеулі балаларға арналған «Армандар орындалады» атты қолдау шаралары орталықтың жоспары аясында үнемі өткізіліп отырады.
«Ұлы Дала Елі» орталығы кинетикалық, интерактивтік, анимациялық және аудиовизуалды технологиялардың арқасында Қазақстандағы жоғары технологиялық мәдени нысандардың біріне айналып отыр.