Анонс


Әлия Молдағұлованың эксклюзивті суретінің сыры

Сейсенбі, 18 Мамыр 2021 23:40
Әлия Молдағұлованың эксклюзивті суретінің сыры KAZMUSEUM.KZ -  

Биыл ел Тәуелсіздігіне — 30 жыл. Тәуелсіздігіміздің  арқасында талай жоғалғанымыз табылды. Кеңестік Одақ кезінде және республикалық деңгейде мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар, көптеген таралымдармен шығарылған кітаптар таралып, түсірілген кинолар көрсетілуде. Бүгінгі  күні әлемді жайлаған індет кезінде де, әлеуметтік желілер арқылы батырларымыз ұлықталып, тарихымыз насихатталып келеді.

Сол тарихтың бір парағы, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Әлия Молдағұлованы ұлықтау жаңа қырынан көріне бастады. Республикамыздың әр түкпірінде ескерткіштер салынып, саябақтар, скверлер, аллеялар демалыс орындары халыққа пайдалануға берілді. Рухани қазынамыз толықты. Әлия туралы жазылған, басылған басылымдарды тағы басқаларын былай қарап, зерделесек, Батырдың қысқа ғұмырының қамтылмаған қалтарысы жоқ сияқты. Дегенмен де, «ел іші — сыр кеніші» демекші, үстіміздегі жылы Қобда ауданына Алматы қаласынан келген Мамбетов Батыр Нарібайұлы есімді азаматпен таныстым. Менің Қобда музейінің  қызметкері екенімді білген Батыр Нарібайұлы:

—     Гүлбаршын, сіз білесіз бе? Анамның жеке мұрағатында Кеңес Одағының Батыр қызы, жерлесіміз Әлия Молдағұлованың еш жерде бұрын-соңды жарияланбаған, басылмаған фотосуреті бар, — деп жаңа деректін бетін ашты.

Батыр Нарібайұлы Қарағанды облысында тұратын қарындасы  Әлияда  анасынан қалған  жеке мұрағаты, ұрпақтарына деген, ғасыр толар тарих беттерінен сыр шертер аманаттары сақтаулы екенін айтты.  

Сол сырлы аманаттың ішінде орны ерекше сақталған Кеңес Одағының Батыр қызы Әлияның  фотосуретінің отбасына қатысты ашылмаған бір сыры бар екенін жеткізді маған. Содан мен Шығыстың қос шынарының есімдерін иеленген апалы сіңлілі Әлия, Мәншүк Нарібайқыздарымен  байланысқа шығып, іздеп, әңгімелесе келе сол эксклюзивті суретті халыққа таныстырып, сырын ашайық деп рұқсат сұрап, музей парақшасына, басқа да әлеуметтік желілерге салып, жергілікті облыстық, аудандық, республикалық басылымдарға мақала жазып, сурет тарихымен таныстырып отырмын. Бұл суретке Әлия соғыс жылдары 17 жасында Ленинградта майданға аттанар алдында басында қызыл жұлдызды пилоткасы, үстінде әскери формасын киіп түсіп, құрбысы Бәтимаға хат арқылы жіберген.

 Бір ұлы суреткер айтқан екен «Мен әлемдегі ең ұлы шығармаларды жартылай оригиналдан, жартылай репродукциялардан және  альбомдардан көргенмін. Алайда, суретшінің колористік эрудициясы бояудың байлығынан, палитрадан танылмайды. Әрбір бояудың өзіндік колористік есі бар, өткен-кеткені бар, жеке өмірі бар...» демекші,  адамзат тарихындағы ең ықпалды суреттердің қатарынан орын алатын, бір ғасырға жуық тарихы,  жеке өмірі бар, ғасырлық тарихы бар эксклюзивті сурет Қобда музейінің «Даңқ» бұрышынан ойып орын алды. Әлия Молдағұлованың ең құнды құжаттарының қатарына қойылды.  

 Осы жазған мақалама дәйек сөздерім, түсінікті болу үшін, Кеңес Одағының Батыр қызы, жерлесіміз Әлия Молдағұлованың өткен күндерінен  бір белгісі ретінде отбасылық құнды жәдігердің Мәншүк Нарібайқызы айтқан сырына үңілсек. Жоғарыда айтып кеткен кейіпкерлеріммен таныса келе, Нарібай Мамбетов балдары Батыр аға, Әлия апай, Мәншүк апайлардың туған анасы Бәтима Өрбісінқызы Әлия Молдағұлова апамызбен бір шаңырақтың астында тұрып, бір бидайды бөлісіп, бір табақтан дәм татқан, апалы-сіңлісіндей болып тел өскен құрбы, туыс екен. Тарихқа шегінсек, Әлияның әкесі Нұрмұханбет Сарқұлов, Өрбісіннің  жақын ағайындарының бірі, інісі болып келеді. Отыз-отыз екінің аштығында күнкөрістің қиыншылығынан халықтың босқыншылыққа түскені  белгілі. Қоныстарын тастап, жан сауғалау қамымен ел кентті жерлерге көшеді. Сол тұста Әлияның әкесі Нұрмұханбет Сарқұлов қуғындалып кетеді. Қуғынға ұшыраған Нұрмұхамбеттің отбасы, Маржан екі баласы Әлия мен Бағдат үшеуі, ауылдас тумасы  Өрбісін ағасы мен Қанипа апасының қарауында болып, заманның қиын кезінде бірге тұрады. Кейін Маржан Қобда бойындағы қонысын тастап, Қурайлыда тұратын үлкен әжесі Әубәкір Молдағұловтың анасы Тәженді сағалап паналайды.  

 Қурайлыда күздің қара суығында егістікте қалған келдектің қалғанын жинап жүріп, бау-бақша күзетшісінің оғынан мерт болған Маржанның қазасы Бұлақтағы бас көтерер Нұрмұханбеттің ауқатты ағайыны Өрбісінге жетеді. 11 баласы бар, басқа да жандарды бағып, ауылына көмектесіп, бір ауылды үйіріп отырған Өрбісінге Маржанның қазасы қатты батады. Өрбісін ақсақал сүйекті жат жерде қалдыруға болмайды деп шешіп, түйе палуан інісі Өсербайды жіберіп, жеңгесі Маржанның сүйегін атқа өңгертіп, ауылға алдыртып жер қойнына береді (Маржан Бесқопа жазығы «Көк мешіт» қорымында жерленген). Кезінде Кеңес өкіметі аң аулап, құс айдаған Нұрмұханбет серілік қылықтарымен жақпай, қуғындалады. Сарқұлов Нұрмұхамбет 1922-1932 жылдары, байдың баласы, байсың деп айыпталып, 10 жылдың ішінде 3-4 рет сотталып, Қобда, Қарағанды түрмелерінде 3-4 жыл отырған. Сол кезде НКВД-дан бой тасалап жүрсе де, зайыбын жерлеуге ретін тауып қатысады.

   Мамбетовтардың анасы Бәтима — Көдебасов Өрбісін Жанғылышұлының 11 баласының бірі. Өрбісін сауатты, өте ауқатты отбасы болған. Балалары Бәтима, Бақдәулет (1926 жылы туған), Бақтығали (1928 жылы туған) Әлиямен қатар, бірге өскен. Себебі, Қобданың Көксай, Бұлақ, Бесқопа жазығы бойында бір жылы  дүниеге келген Әлия мен Бәтима тай құлындай тебісіп, бірге өскен құрбылар. Шешесі қазаға ұшырағанға дейін де Әлия Өрбісіннің қызы Батимамен  бірге өседі. Кейін нағашы әжесі Тәженнің қолына тапсырады. Әлияны нағашы ағасы Әбубәкір Ленинградқа сол кездегі ауыр кезеңдерге байланысты алып кетеді. Құрбысы Бәтимамен хат арқылы байланысып отырған, қос құрбы апалы-сіңлідей болып кеткен Әлия мен Батиманың аралары алшақтаса да хат жазысып, хал сұрасып Бұлақ ауылының тыныс тіршілігінен хабардар болып, өзінің суретін майданнан құрбысы Бәтимаға жіберіп, туған жері Бұлақ ауылының тыныс тіршілігі мен хал жағдайын сұрап біліп отырған. Өрбісіннің қара шаңырағында,  біраз уақыт он бір баласымен қоса тәрбиеленген қос құрбы, көктемде әсем Бесқопаның табиғатын тамашалап, бұлағынан су ішіп, дала қызғалдақтарын бірге жинап, тай құлындай тебісіп өскен.

  Батима Өрбісінқызы 1964 жылы қайтыс болған. Мектепті бітіріп, Ақтөбе мұғалімдер даярлайтын институтты тәмамдап, еңбек жолын Қобда ауданы Қонтарбасы елді мекенінде білім саласында ұстаздық қызметте болып, ауыл балаларын оқытудан бастайды. Темір қаласында мұғалім болып білім саласында қызмет еткен. Ойыл ауданының азаматы, Ақ кете руының жігіті Нарібай Мамбетовке  тұрмысқа шығады. 37 жасында өмірден озған. Бір өкініштісі, Нарібай балалары аналарынан жастай қалғандықтан Әлияның Бәтимаға жазған хаттары сақталмаған.

  Нарібаймен Бәтима — Батыр, Әли, Әлия, Мәншүк, Амангелді атты балаларын тәрбиелеп өсірген ұлағатты отбасы. Амангелді кішкене кезінде шетінеп кеткен. Батыр Нарібайұлы медицина институтында оқып жүріп, ішкі істер саласына ауысып, қызмет жасаған. Бүгінде зейнеткер, Алматы қаласында тұрады. Әли Нарібайұлы инженер-энергетик, электр желісінің құрылыс мекемесінде қызмет етеді. Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Әлия Нарібайқызы Қарағанды кооперативтік институтын бітірген, кәсіпкер. Қарағанды облысында тұрады. Мәншүк Нарібайқызы  денсаулық саласының еңбегі сіңген қызметкері, жоғары дәрежелі,терапевт. Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

   Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Қобда бөлімі Нарібай Мамбетов ұрпақтарына алғыстарын білдіреді. Аталар аманаты ұрпақтар есінде мәңгі сақталсын!

 

Гүлбаршын ЕРҒАЛИЕВА, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Қобда бөлімінің меңгерушісі

3663 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper