Анонс


Президенттің мәдени орталығына 2024 жылы 100 мыңнан астам адам келген

Сейсенбі, 21 Қаңтар 2025 17:16
Президенттің мәдени орталығына 2024 жылы 100 мыңнан астам адам келген KAZMUSEUM.KZ -  

2024 жылы ҚР Президенттік орталығының музейіне 100 мыңнан астам адам келіп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 3800-ден астам экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты Орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Музейде жалпы саны 52 мың келушіні қамтитын 3500 шолу экскурсиясы және 4500 қатысушыны қамтыған тарих пен мәдениеттің жекелеген аспектілерін таныстыруға бағытталған 297 тақырыптық экскурсия ұйымдастырылған.

Музей Қазақстан тұрғындарының ғана емес, шетелдік қонақтардың да назарын аударды. Өткен жылы музейге 40-тан астам елден 8 мыңнан астам адам келген. Келушілердің басым бөлігі – Ресей, Қытай, Орталық Азия елдері, Польша, Германия және Франциядан келген туристер.

2024 жылғы келушілер арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілген.

Сауалнама деректері қонақтардың 62,8%-і алғаш рет музейге келгенін көрсетті. 99,6%-і қызмет көрсету деңгейіне қанағаттанатынын білдірді. Респонденттердің көпшілігі топтық экскурсияларды (54,5%) таңдаған, бұл аудиториямен тікелей қарым-қатынастың маңыздылығын көрсетеді.

Келушілердің басым бөлігін мектеп оқушылары мен 25 жасқа дейінгі жастар (71,7%) құраған. Жастар аудиториясының жоғары үлесі еліміздің оқу мекемелерінің жемісті ынтымақтастығының нәтижесі болып табылады. Бірлескен жұмыс мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне музейге келуді ұйымдастыру, сондай-ақ олардың академиялық бағдарламалары мен демалыс кезеңдерін ескере отырып, экскурсия кестелерін әзірлеуді қамтыды.

Аталған әлеуметтік сауалнама музей аудиториясын талдаудың және қызмет көрсету сапасын арттырудың құнды құралына айналды. Бұл зерттеулер қызмет көрсету сапасын арттыруға және жаңа бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге негіз болды.         

Сондай жобалардың бірі – Наурыз мейрамы қарсаңында ұсынылған «Наурыз. Таңым. Тарих» жобасы. Экскурсиялық бағдарламада көктемгі жаңару дәстүрлері туралы әңгіме ғана емес, интерактивті элементтер арқылы мерекенің символизмі мен философиясын түсінуге, келушілерге белсенді қатысуға мүмкіндік берді. Бұл олардың тәжірибесін жарқын және есте қаларлықтай етті. Аталмыш формат жастар мен балалы отбасыларды қоса алғанда көпшілікке танымал болды және интерактивті бағдарламаларды одан әрі дамытудың жоғары әлеуетін көрсетті.

Маңызды тарихи даталар шеңберінде ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және әлеуметтік интеграцияны қолдауға бағытталған көшпелі музей жобалары іске асырылды.

2024 жылғы мамыр айында Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай Ақмола облысының Тайтөбе ауылында ұйымдастырылған «Аталар дәстүріне адалдық» көшпелі мәдени-ағартушылық жобасы жүзеге асырылды.  Бұл жоба аясында тақырыптық экскурсиялар, тұсаукесерлер мен көрмелер өткізіліп, мектеп оқушыларын ұлттық батырлардың жеке ерліктері арқылы еліміздің тарихымен таныстырды.

Тағы бір көрнекті көшпелі іс-шара «Ізгілікке қадам» инклюзивті жобасы болды, ол 2024 жылдың қазан айында Целиноград ауданы Аққайың ауылындағы «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ұйымдастырылған болатын. Мұнда әлем халықтарының музыкалық аспаптары тақырыбына экскурсиялар өткізілді, бұл мәдени алмасуға септігін тигізді, сондай-ақ табиғатты қорғау және әлеуметтік интеграция идеяларын біріктірген «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілді.  

Қазақстанның тарихына, мәдениетіне және заманауи жетістіктеріне арналған «Тақырыптық және шолу экскурсиялар марафоны» жылдың табысты оқиғаларының бірі болды. Марафон аясында «Ұлықтау – ғасырлық дәстүр сабақтастығы», «Ел аңсаған азаттық», «Қазақстанның климаттық күн тәртібі», «Қазақстанның көп векторлы дипломатиясы: тарихы, тұлғалар, дәстүрлері мен нышандары», «Қазақ боксшыларының жеңісі: бастауынан қазіргі заманға дейін», «Қазақ елінің астаналары» тақырыптарында еліміздің қалыптасуының негізгі кезеңдерін көрсететін экскурсиялар өткізілді. Бұл іс-шаралар келушілерге елдің тарихи мұрасын, қазіргі саясаты мен мәдени байлығын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Өткен жылғы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауындағы жұмысшы мамандықтар жылы тақырыбы аясында іске қосылған кәсіби бағдарлау экскурсияларына ерекше назар аударылды. «Музейдегі технология: ішкі көрініс» атты жаңа экскурсиялық бағдарлама 340-тан астам мектеп оқушылары мен студенттері үшін мультимедиялық құрылғылар инженерлері, IT мамандары, интерактивті экспозиция дизайнерлері, контент әзірлеушілер және музейге қатысты сұранысқа ие мамандықтармен танысудың бірегей мүмкіндігі болды.

168 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper