Музей қорында суретшінің 211 жұмысы сақталған. Көрмеге осы туындылардың арасынан бірнеше жұмысы таңдалып, көрермен назарына ұсынылды.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік Орталық музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон «Дәстүр мен әдет-ғұрыпты берік ұстану, ұрпақтар сабақтастығын өрбіту қашанда қазақ халқына тән қасиет болған. Қазақтың осындай өзіндік келбетін бейнелеп, артында өшбес мұра қалдырған дарынды суретші Н.Г. Хлудовтың шығармалары Орталық музей қорының бай қазынасы деуге толық негіз бар», - деп атап өтті.
Сонымен қатар, белгілі этнограф Ахмет Тоқтабай, Қазақстан Суретшілер Одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов көрменің ашылуымен құттықтап, Н.Г.Хлудовтың XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін, тұрмысын, шаруашылығын бейнелейтін бірегей туындылары жайлы пікірін ортаға салды.
Николай Гаврилович Хлудов (1850-1935) – орыстың көрнекті суретшісі, 1879 жылы Қазақстанға келіп, бүкіл өмірін дерлік Жетісуда өткізген. Қазақ жері суретші үшін шығармашылық шабыттың қайнар көзі болды.
Н.Г.Хлудов шығармаларының әлемі – ол өзі көрген әсем табиғаттың шынайы сұлулығын сезіну, оны бағалай білу және ұлттық дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың алуан түрлілігін бейнелеудің тамаша көрінісі.
Н.Г. Хлудов мұрасының ең маңызды бөлігі (211 жұмысы) ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қорында сақтаулы. Оның ішінде 117 кескіндеме, 39 қарындашпен салынған эскиз, 55 акварель жұмысы және 3 альбом бар. Суретшінің «Нөсер жауын астындағы көш», «Барымта», «Бие сауу», «Өрмек басындағы тоқымашы», «Салтанатты көш», «Алау жанындағы әйел» туындылары көпшілікке етене таныс. Көрме экспозициясына Н.Г.Хлудовтың қыл қаламынан туындаған шығармаларымен қатар жеке заттары (жиһаздары, фотоаппараты, өлшеу құралдары және т.б.) мен фотоқұжаттық материалдар да қойылды. Көрменің басты ерекшелігі - алғаш рет суретші Н.Хлудовтың акварельді жұмыстары мен қарындашпен салынған эскиздерден тұратын үш альбомы қойылды және аталған альбомдардың электоронды нұсқасы ұсынылды.
Н.Хлудовтың туындылары – бірегей, баға жетпес көркем мұра. 2003 жылы Орталық музей алғаш рет өз коллекциясындағы суретшінің туындыларынан каталог-альбомды жарыққа шығарып, қалың көрерменге ұсынған болатын.
Көрме 2025 жылғы 25 ақпанға дейін жалғасады.