Анонс


Қастеев атындағы Өнер музейіне 90 жыл: мерейтой аясында өтетін шаралар

Бейсенбі, 23 Қаңтар 2025 11:42
Қастеев атындағы Өнер музейіне 90 жыл: мерейтой аясында өтетін шаралар KAZMUSEUM.KZ -  

Биыл Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінің 90 жылдық мерейтойы өтеді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Музейде 26 мыңнан астам өнер туындысы бар. Онда қазақ халқының өнері мен рухани мұрасын қамтылған. Туындылар қатарында кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер жауһарлары ұсынылған. Олардың ішінде Қазақстан өнерінің алтын қорына енген түпнұсқа жауһарлар көпшілікті қызықтырады.

Музейдің 90 жылдығына орай бай тарихы мен көпқырлы қызметін айшықтайтын кең ауқымды бағдарлама әзірленді.

Айтулы оқиғалардың бірі – «Қазақстанның заманауи өнері» атты жаңа залдың ашылуы. Бұл экспозиция еліміздің жетекші суретшілерінің шығармаларын қамтиды.

Сондай-ақ, музей тарихы мен өркендеуіне арналған ретроспективті фотокөрме өткізу жоспарлануда. Көрмеде бірегей архивтік құжаттар көшірмесі, фотосуреттер ұсынылады. 1935 жылдан басталған ғылыми, қор сақтау, көрме ұйымдастыру және экскурсиялық қызметтерге ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, осы күнге дейін өткізіліп келе жатқан көптеген көрме жобалары мен ауқымды іс-шаралардың фотосуреттері көрсетіледі. Бұл көрме музейдің бүгінге дейінгі тарихы пен өркендеу жолына арналған.

Тағы бір көрме Қазақстанның бейнелеу өнері тарихында есімдері қалған суретшілердің мерейтойларына арналады.

Бұдан бөлек, «Қазақстанның заманауи сәндік-қолданбалы өнері» атты екі томдық каталог шығару жоспарлап отыр. Каталогта металдан, тастан, ағаштан, былғарыдан жасалған бұйымдар, зергерлік бұйымдар, керамика, фарфор, шыны, гобелендер, киізден, жүннен және шиден жасалған сәндік панельдер бар. Туындылар 1938-2020 жылдар аралығын қамтиды.

Ал «Жанданған жауһарлар» көрмесінде 100-ге жуық реставрацияланған туынды ұсынылады. Кескіндеме, графика, мүсін және қолөнер, тоқу, зергерлік, киізден жасалған бұйымдар және т.б. реставрация жұмыстары сипатталған төлқұжаттарымен, «дейін» және «кейін» фотосуреттерімен бірге жүреді. Көрмеге көптеген жұмыстарға экспозициялық көрініс беріп, көп күш жұмсаған, елеулі еңбек сіңірген аға буын реставраторлары шақырылады.

Мерейтойлық жылда Қазақстан мен әлем арасындағы мәдени диалогты нығайтуға бағытталған бірқатар ірі халықаралық жобалар жүзеге асырылады.

Жылдың маңызды жобаларының бірі – Мемлекеттік Третьяков галереясында өтетін музей қорындағы Әбілхан Қастеев жұмыстарының көшпелі көрмесі. Онда шебердің 50 графика және акварель жұмыстары ұсынылады. Ретроспективалық көрмеде ресейлік көрермен суретшінің шығармашылық дамуының барлық кезеңдерін тамашалай алады.

Орал Таңсықбаевтың 120 жылдығына арналған Өзбекстан мәдениет және өнерді дамыту Қоры ұйымдастырған халықаралық жоба Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші музейлерінің коллекцияларын біріктіреді.

Қытай Ұлттық музейінің халықаралық көрмесінде қытайлық ерекше кескіндеме, мүсін, гравюра, композициялық материал, акварель, гуашь және лак кескіндемесі секілді 50-ден астам туынды ұсынылады.

Маңызды ғылыми оқиға – жыл сайынғы «Қастеев оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы. Дәстүрлі іс-шарада музей ісін зерттеушілер мен өнертанушылар бас қосады.

125 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper