Анонс


Музей қорындағы фотоаппараттар

Сәрсенбі, 29 Желтоқсан 2021 20:24
Музей қорындағы фотоаппараттар KAZMUSEUM.KZ -  

Қазір фотоаппараттар жылдам даму үстінде. Олардың техникалық мүмкіндігі жетілген. Фото (грек) жарық, графо- сызу, жазу деген мағынаны білдіреді. Ерте заманда адамдар күн сәулесінің қараңғы бөлмеге әлдебір дененің көлеңкесін қаз қалпында түсіретінін байқаған. Бұл жаңалықты ең алғаш рет аңғарған біздің дәуірімізге дейін ІV ғасырда өмір сүрген ұлы ойшыл Аристотель. Әлемдегі фотография саласының  алғашқы жұрнағын обскура камерасымен байланыстырамыз. Обскур камерасының кескін-келбетін ұлы қылқалам шебері Леонардо да Винчи сызып жазған болатын.

   Тарихтан белгілі, көзілдірік ХІІІ ғасырда пайда болған. Уақыт өте келе Галилео Галилей көзілдірік шынылары қойылған құбырды, яғни дүрбіні ойлап тапты. Бұл, әрине, фотоаппараттың объективіне қажетті құрал. Фотографияны дамыту жолында, яни химиялық әдістің жаңалық болып енуі бағытында әлем зерттеушілері көп еңбектенді. Нәтижесінде, ХІХ ғасырда ғалымдар үлкен жетістікке қол жеткізді. Орыс дипломаты, әуесқой химик, жас ғалым А.П.Бестужев (1693-1766 ж. ж.) химиялық тәсілмен сәулесезгіш қабатты ойлап тапты.  Барлық ғұмырын жарық сезгіш құралдар мен обскур-камерасын дамытуға арналған әлемдегі француз ғалымдары Жозеф Нисефор Ньепс пен Луи Жак Монде Дагер, ағылшын ғалымы Вилям Фокс Генр Тальбот. Әлемдегі ең алғашқы күн сәулелі суретті Ньепс түсірген болатын. 1826 жылы Ньепс обскур камерасымен темір пластинкаға өз шеберханасын түсірген. Мұны ол «гелиография» деп атады. Бұл тәжірибені іске асыру үшін сегіз сағат жұмсалған. Суреттің сапасы өте төмен болып шыққан. Бірақ осы сурет фотографияның бастауы болды. Фотографияда өзіндік із қалдырған ғалым Дагер де бұл салада көп еңбек етті. Ол тұңғыш химиялық әдіспен фотосурет түсірген Ньепспен бірлесіп жұмыс жасауға келісім алды. Алайда, көп ұзамай 1833 жылы Ньепс қайтыс болады. Дагер ұстазымен бірге бастаған ғылыми- тәжірибелік істі соңына жеткізуге бар күш жігерін жұмсады. 1837 жылы күміс пластинкаға бейне қабылдайтын химиялық қабатты ойлап тапты. Бұл жаңалық әлемді дүр сілкіндірді. Өйткені, бұл көздеген бейнені анықта айқын түсірген сапалы фотосурет. Ғалым Дагер бұл табысын өз атымен байланыстырып «Дагеротипия» деп атады.

    Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында тұрмыстық-металл колекциясында фотоаппарат, бейнетаспа, т.б. сақталған. 1919-1921 жылдары бірінші Кеңестік фотожурналдар шықты, 1921 жылдың қараша айында «Фотография қоғамы» құрылды. 1919 жылдың 25 ақпанында «Известия ВЦИК» басылымы Наркомпростың кәсіби фотографтарға көрсетілетін жеңілдіктері туралы өкімін басып шығарды. 1919 жылы Мәскеуде жеке және қоғамдық тапсырыстарды қабылдайтын ВЦИК фотографиясы ашылды. 1924 жылы қыркүйек айында Ленинградтың фотография қоғамы ұйымдастырған бірінші фотокөрме ашылды. 20-жылдардың ортасында М.С.Наппельбаум дәріс беретін фото үйірмелердің басқарушыларына арналған курстар ұйымдастырылды. Осы кезден бастап фотоүйірмелер, кәсіби фотограф бірлестіктері көптеп құрыла бастады. Фотопластинка және фотоқағаз фабрикасы іске қосылды, ал 1930-1931 жылдары бірінші Кеңестік кинопленка өндірілді.

          Музей қорындағы фотоаппараттарға тоқталатын болсақ:

  1. Фотоаппарат ACFA. Күлгін түсті, төрт бұрышты, астыңғы жағы қара түсті. Кнопкалары қара, үстінде қызыл кнопкасы бар. Батарейка қою арқылы автоматты түрде жұмыс жасайды;
  2. Бейнетаспада 2003 жылдың 18 маусымында ақтөбелік  ғарышкер Юрий Люнчаковтың облыстық музейдеболуы туралы түрлі түсті фильмдер түсірілген. 1995 жылы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруіне қатысқан соғыс ардагерлері К.Войницкий, В.Старченкомен кездесу барысы 20 мин сақталған;
  3. Фотоаппарат Киев17, фотограф Равиль Хабибулин пайдаланған.Фотоаппарат кеңестік кезеңде Киев қаласының Аринал зауытында 1971-1984 ж. ж. Мәскеудегі 1980 жылғы жазғы олимпиадаға орай шығарылған. Түсіру нысанын жақындату, алыстату құрылғылары бар. Қосымша 10 бөлік объективтен тұрады;
  4. Фотоаппарат «Зейнет-11»фотографиялық аппарат зенит оптикалық кескінін фотопленканың жарық сезгіш қабатына түсіруге арналған оптикалық механикалық құрылғы. «ZENIT» деп жазылған және жарық түсіргіш электр жүйесіне қосылатын желісімен, дөңгелек формалы. Қара түсті қорапқа салынған. Чайка деп жазылған.

 Соңғы жылдары цифрлы фотокамералар мен цифрлы бейнекамералар көптеп кездеседі. Бұл жаңа аппараттар журналистикада үлкен беделге ие. Олай дейтін себебіміз аталмыш құрылғы БАҚ жұмыстары үшін қолайлы әрі жеңіл.

 

Көркем СЕЙТХАН, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорларды ғылыми-зерттеу бөлімі есепке алу секторының мұрағатшысы

2396 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper