Анонс


Гүлайым ЖҰМАБЕКОВА: Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің жобаларына көпшіліктің қызығушылығы зор Таңдаулы

Сейсенбі, 08 Қараша 2022 18:48
Гүлайым ЖҰМАБЕКОВА: Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің жобаларына көпшіліктің қызығушылығы зор KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақ халқының сурет өнері мен қолөнерін, басқа да құнды мәдени мұраларын насихаттап, елімізге һәм алыс-жақын шетелге таныстыруда Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің үлесі зор. Біз осыған орай Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлайым ЖҰМАБЕКОВАМЕН осы төңіректе әңгімелескен едік.

– 1984 жылы музейге даңқты суретші Әбілхан Қастеевтің есімі берілді. Елі­міздің мәдени мұраларын сақтап, әлемге таныстыруда музей қандай жұ­мыстар атқарды және атқарып жатыр?

– Әбілхан Қастеев атындағы ­­ҚР Мемлекеттік өнер музейі – еліміздегі бейнелеу өнері саласындағы белгілі ғылыми-зерттеу мен мәдени-ағарту ісінің орталығы. Бұл музей 1976 жылы Алматы қаласындағы аса ірі өнер музейі Т.Г. Шевченко атындағы Қазақ көркемсурет галереясының (1935 жылы құрылған) жинағы мен Республикалық қолөнер музейі негізінде құрылды, 1984 жылы Қазақ КСР халық суретшісі Ә.Қастеевтің есімі берілді. Осы уақытқа дейін музейдің қорында 25 мыңнан аса көркемөнердің баға жетпес туындылары сақтаулы.

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мем­лекеттік өнер музейі жалпы Қазақстан бейнелеу өнерінің қызметін белсенді түрде насихаттап, жыл сайын шетелдік, республикалық, жергілікті газеттер мен журналдарда, мәдени порталдарда, ақпараттық агенттіктерде 2000-нан аса басылым шығаруға атсалысады. Сонымен бірге халықаралық сипаттағы телеарналар мен аналити­калық телебағдарламаларда музей қабырғасындағы іс-шаралар мен жобалар жайында бейнебаяндарын көрерменге ұсынып отырады.

Ғылыми жұмыс – музей қыз­метінің негізгі басым түрлерінің бірі. Ғылыми-зерттеу жұмысының мақсаты – музей коллекциясын, жекелеген суретшілердің шығар­машылығын зерттеу, атрибуция бойынша зертеу жұмысын жүргізу, жиналған мәліметтерді қорыту. Теориялық зерттеулер ғылыми және көпшілікке танымал басылымдарда, конференциялардағы баяндамаларда жарияланым түрінде жүзеге асырылады, сонымен қатар экскурсиялар, дәрістер мен әдістемелік әзірлемелер дайындауда қолданылады.

Музей қызметінің ғылыми-зерттеу бағытының басты бағыты – ғылыми каталогтармен жұмыс істеу. Бұл жұмыс коллекцияның барлық элементтерін олардың мәні мен маңызын анықтау, әртүрлі елдер мен дәуірлердің тарихи және көркемдік жағдайы мен ­стилистикасын талдау үшін егжей-тегжейлі зерттеуге негіз болады.

Музейдің өз қорындағы да, жеке жинақтамалардан да келген көр­кемсурет туындыларын құрамына музейдің тәжірибелі ғылыми қыз­меткерлері кіретін музейдің сараптама кеңесінің жұмысы шеңберінде сараптау және атрибуттау – музейдің ғылыми қызметінің ажырамас бөлігі.

Музей қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында олар үшін ғылыми семинарлар ұйымдастырып, өткізеді: экскурсия жүргізу әдістемесі, экспозициялық кеңістікті ұйымдастыру, көрме тұжырымдамасын әзірлеу және т.б. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлер музейде өтетін уақытша көрмелерге жетекшілік етеді, оған тұжырымдаманы пысықтау, экспозиция бойынша жұмыс, аннотация мәтіні мен баспасөз мәлімдемесін дайындау, көрмені ашу және ілгерілету бойынша үйлестіру функциялары кіреді. Музейдің әрбір ғылыми қызметкері жылына музей артефактілерінің 50 ғылыми сипаттамасын өткізуді жоспарға енгізді.

– Ә.Қастеев музейінде Қазақстанның бейнелеу өнері мен қолданбалы өнерінен бастап, 3 ғылыми орталық жұмыс істейді екен. Еліміздің мәдени мұраларын сақтау мен насихаттаудағы музейдің рөліне тоқталып өтсеңіз...

– Музейдің басты міндеті – музей жинақтамасын жинақтау, қалып­тастыру және сақтау болғандықтан, му­зейдің қор жұмысы оның қызметінің маңызды бөлігі болып саналады. Музейдің қор жұмысы көркем туындыларды есепке алу, сақтау және реставрациялау болып бөлінеді. Қор сақтау бөлімінің қызметкерлері ғылыми қызметкерлермен бірлесіп, экспонаттарға ғылыми сипаттама жасайды, инвентаризациядан кейін нөмірлері есепке алу секторындағы түсімдер кітабына енгізіледі, туындыларды таңбалау жүргізіледі, картотекалармен және тұрақты сақтау актілерімен жұмыс жүргізеді. Ғылыми орталық бөлімінің қызметкерлері қор сақтаушылармен бірлесіп жұмыс істей отырып, туындыларды ғылыми түрде зерттеп, мәліметтерді автоматтандырған жүйеге енгізіп отырады. Жыл сайын Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ-де облыстық музейлер мен басқа да мекемелердің қызметкерлері біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Сондай-ақ тоқсан сайын арнайы химиялық заттарды пайдалана отырып, қор сақтайтын орын мен экспозиция залдарын жоспарлы өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

– Музей жанында Кіші өнер академиясы жұмыс істейтінін білдік. Осы академияның атқаратын қызметі қандай?

– «Әсем әлем» өнер академиясының әлемдің көркем мәдениет бойынша жыл сайын көктемгі және күзгі дәрістер циклы аясында дәріс оқылады. Еліміздің жетекші өнертанушылары қызығушылық танытқан тыңдаушы­ларға «Өнерді қабылдаудан қабылдау өнеріне» бағдарламасы бойынша қызықты дәрістерін ұсынады. «Өнерді қабылдаудан қабылдау өнеріне» бағдарламасы – бейнелеу өнерінің негізгі ұғымдарын, категорияларын, түрлері мен жанрларын, көркемдік тәсілдер мен әдістерді баяндау негізінде құрылған бейнелеу өнері теориясы мен тарихының қызықты курсы болып табылады. Оның мақсаты – тыңдаушылардың тәуелсіз эстетикалық ойлау қабілетін дамыту.

– Ә.Қастеев музейінде көрмелер қаншалықты жиі ұйымдастырылады? Көрмелерге халық жиі келе ме?

– Жыл сайын Әбілхан Қастеев ҚР атындағы Мемлекеттік өнер музейі 50-ге жуық көрме ұйымдастырады. Олардың ішінде халықаралық көрмелер, республикалық және музей қорынан ұйымдастылыған көрмелер кіреді. 2021 жылы келушілердің саны 144 923 адамды құраған болатын. Бұл көрсеткіш жоспар бойынша 120 мың болған өткен жылдың және оның алдындағы жылдардың келушілер санынан асып түсті.

– Ә.Қастеев музейінде биылдыққа өткен негізгі көрмелер туралы не айтар едіңіз?

– Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде биылғы жылдың ерекшелігі, «Балалар жылына» байыланысты үш ай бойы жазғы демалыс күндеріне арналған «Ғажайып шам» бағдарламасы аясында, бірқатар іс-шаралардың басым бөлігі балалар тақырыбына арналды. Оның ішінде тегін экскурсиялар – музейдің тұрақты экспозициясы бойынша, «Қазақтың сәндік-қолданбалы өнері» залы, Әбілхан Қастеевтің шығармашалығына арналған экспозиция, «Қазақстан бейнелеу өнері» ­(4 зал), Орыс өнері, Батыс Еуропа өнері залдары.

– табиғат аясында сурет салу;

– мультмильмдер көрсетілімі – «Қазақ елі», «Қажымұқан», «Мұз­балақ», «Қадырдың бақыты», «Күлтегін»;

– шеберлік сабақтар – қазақ хал­қының дәстүлі әдіс-тәсілімен тоқылатын бау түрінен шеберлік сабақтары, мүсіндік фигуралар жасау, «Кескіндеме» бойынша, түрлі-түсті жүннен гүл жасау, қазақ халқының дәстүлі әдіс-тәсілімен тоқылатын бау түрінен, жүннен моншақ жасау, түрлі-түсті жіптерден тұмар жасау және т.б.

– танымдық және интерактивтік ойындар – «Қазына іздеу» танымдық және интерактивті ойыны музей залдарында;

– балаларға арналған арнайы дәрістер – «Қазақы ерлердің түрі», «Қазақстан мүсін өнері», «Батыс Европа өнері», «Адамзат үшні мәдени құн­дылықтардың мәні», «Қазақ халқыныі ағашты көркемдеп өңдеу» және т.б.

2022 жылғы 13 шілде мен 12 тамыз аралығында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік өнер музейінде ірі көрме­лердің ішінен – «Ежелгі орыс өнері» көрмесі ұйымдастырылды. Ау­қымды көркемдік жоба «United Charity Projects Evolution» қоғамдық қорының қолдауымен Қазақстанның православие шіркеуімен бірлесіп ұйымдастырды. Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет алматылықтар мен қала қонақтары музей қорындағы иконалардың іріктемелі жинағымен және Қазақстандағы православие шіркеуінің коллекциясындағы ежелгі орыс шіркеу өнерінің заттарымен танысуға мүмкіндік алды. Бірлескен көркемдік жоба аясында Мәскеу музейлерінің жетекші мамандары музей қорынан төрт иконаны қалпына келтірді. Бірегей каталогтың көрмесі мен басылымы – кез келген музей үшін үлкен әрі маңызды оқиға. Бұл музейшілердің бірнеше ұрпағының көпжылдық дәйекті жұмысының нәтижесі. Бұл кешенді жобаны дайындауға музейдің бүкіл ұжымы қатысты. Сондай-ақ Ә.Қастеев атындағы музей қорынан XVII-XIX ғасырлардағы Ежелгі орыс өнерінің толық топтамасының аннотациялары бар репродукциялары бар эксклюзивті ресімделген каталог шығарылды.

Қыркүйек айында өнер музейінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері және Татарстанның Халық суретшісі, Қазақстан және Татарстан Мем­лекеттік сыйлықтарының лауреаты Кәміл Муллашевтың «Уақыт үні» атты жеке көрмесі өтті. Кәміл Муллашев Қазақстанда және шетелде белгілі әрі танымал суретші. Оның шығармашылығы Қазақстанның өнер тарихында көрнекті орын алған. Көрмеде оның әр кезеңдегі туындылары ұсынылған, бірақ соңғы 5-6 жылдағы жұмыстары маңыздырақ. Шебердің өнер эволюциясының негізгі кезеңдерін анықтауда, оның жеке көрмесі үлкен маңызға ие болғанын айта кету керек.

Қазіргі таңда «Қытай өнері» атты музей қорынан жинақталған көрмесі көрермен назарына ұсынылған. Бұл көрме осы жылы болатын маңызды атаулы күндер мен оқиғаларға ар­налған. Қытай Халық Республикасы – 30 жыл бұрын Қазақстан Респуб­ликасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы елдердің бірі. Ал Қытай Ұлттық мұнай корпорациясы (Chaina National Petroleum Corporation) Қазақстан территориясында 1997 жылы жұмыс істей бастады. Содан бері 25 жыл өтті. Осы мерейлі датаға орай, корпорация Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейімен серіктестік орнатып, музей коллекциясындағы жинақтардан «Қытай өнері» ғылыми каталогын басып шығаруға демеуші болды. Сонымен қатар «Дюрерден Эйфертке дейін. Ә.Қастеев атындағы МӨМ қорынан алынған неміс суретшілері туындыларының көрмесі» атты көрме өтуде. Көрмеде XV-XXI ғасырлар аралығында Неміс суретшілері жасаған музей коллекциясындағы туындылар ұсынылған.

14-23 қазан аралығында, музейі­мізде «Дара» қайырымдылық қоры Étage дизайнерлік студиясымен бірге «Дара» қорының 15 жылдығына орай жасалған және оның философиясынан шабыт алған Birge Öskende / Growing Together инсталляциясын ұсынған болатын.

«Целинный» заманауи мәдениет орталығы ұйымдастырған Korkut дыбыс өнері және жаңа музыка биенналесі аясында, музей залдарында жас суретші Дария Темiрханның инсталляциясы, Венециялық биеннале мен Кассельдегі 15 documenta, Берлиндегі, Роттердамдағы және Копенгагендегі кинофестивальдерге қатысқан, Саодат Исмаилованың видео инсталляциясы көрермен назарына ұсынылған. Бұл музыка биенналесі Қазақстанда дыбыс өнеріне қатысты ауқымдағы бірінші шара. Жақында, осы қазан айында екі ауқымды Халықаралық конференция өтті. Ол кезекті жыл сайынғы «Қастеев оқулары – 2022» ғылыми-практикалық конференциясы. Оған Қазақстанның бірқатар қалаларынан келген мамандардан 30-дан аса өтінім берілді. Ресей мен Өзбекстан зерттеушілерінің қатысуымен конференция халық­аралық іс-шара форматына ие болады. Конференция қорытындысы бойынша жинақ шығарылды, онымен музейдің сайтынан танысуға болады. Ал, екіншісі Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі мен ҚР Суретшілер Одағының қолдауымен AICA Қазақстан Республикасының Ұлттық секциясы ұйымдастырған Халықаралық «Қазақстан өнертану мектебінің тарихи-теориялық ­проблемалары» атты ғылыми конференциясы. Конференция өзекті көркем сын мен оның проблемаларын зерттеуге, сонымен қатар еліміздегі өнертану мектебінің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан алғашқы өнертанушылардың бірі Елена ­Борисовна Вандровскаяның туғанына 100 жыл толуына арналды.

– Алдағы уақытта музей ­жоспарлап жатқан жұмыстар жайлы тоқталсаңыз...

– 2022 жылдың соңына дейін музей қорынан «Қазақстан бейнелеу өнерінің 100 жауһары» жинағын басып шығару және көрме ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар 2023 жылға көптеген жобаларды жоспарлап отырмыз. «Жапония өнері» каталогы шығарылады. Каталогтың тұсаукесеріне қордан «Жапония өнері» көрмесі дайындалады. «Үндістан өнері», «Орыс өнері», «Қазақстанның қазіргі қолданбалы өнері» каталогтарын, «В.А. Эйферт шығармашылығы» монографиясын, «Қазақстанның портреттік кескіндемесі 1970–1980 ж.ж.» монографиясын басып шығаруға дайындық жасалуда.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан - 

Нұрлайым  БАТЫР

 

Материалдың барлық құқықтары «Ана тілі» газетіне тиесілі.

2610 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper