Бұл ғылыми-зерттеу еңбекте КСРО ІІМ Лагерьлер бас басқармасының кезінде Ресей аумағында ұйымдастырылған ерекше лагерьлер (№1 Минеральный, №2 Горный, №3 Дубравный және №5 Береговой) тарихының проблемалары, басым көпшілігі ғылыми айналымға алғаш рет еніп отырған ауқымды құжаттық материалдар негізінде байыпталып, мәселенің осыған дейін аз зерттелген тұстары қарастырылған. Сондай-ақ бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған эксклюзивті тарихи материалдар енгізілген.
Тұтқындардың саны мен құрамы, лагерьдегі өмірі, оларға көрсетілген медициналық қызмет сапасы, ауру түрлері мен өлім-жітім, еңбекке пайдалану сипаты мен ауқымы, сонымен бірге лагерь жеке құрамының жұмыс сипаты барынша жан-жақты талданады.
Жоба жетекшісі, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтің айтуынша: «Кеңес Одағының ХХ ғасыр ортасындағы тарихы отандық, ресейлік және шетелдік ғалымдар тарапынан қанша зерттелді десек те, әлі күнге дейін оң бағасын ала қоймаған ақтаңдақтары жеткілікті. Бұл – әсіресе кеңестік мемлекеттің сол кезеңде әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық феномені болған, тұтас мемлекеттің тарихына үлкен әсер еткен лагерь-түрме жүйесінің құрылуымен тығыз байланысты және тарихнамада қайшылықтарға толы кезең».
Жоба аясында осы күнге дейін жиырмадан астам кітап жарық көрген болатын.