Облыс мектептерінде бұл орайда бірсыпыра маңызды істер қолға алынып жүзеге асырылу үстінде. 2008 жылы «Әр мектепте музей» акциясы алғаш рет жарияланған болатын. Содан бері алтын ұя – білім ошақтарында 121 музей ашылып, еліміздің ертеңгі қожасы болып табылатын, жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру ісіне өз үлестерін қосуда.
Ол музейлердің жұмысына бағыт-бағдар беріп отыру мектеп басшылығының, педагогтар ұжымының мойнында.
Алайда осы арада бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Олай дейтініміз, жалпы музей жұмысының қыр-сыры мен өзіне тән ерекшеліктерін педагог кадрлар жете біле білмейді. Өйткені музей жұмысының сипаты оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудан әлдеқайда бөлек, өзгеше. Музей қызметінің егжей-тегжейі арнайы оқып білім алған немесе ұзақ жылдық нақты практикада тәжірибе жинақтаған осы саланың мамандарына ғана таныс.
Сонымен мектептерде музей бар, бірақ оның жұмысын жүргізетін маман жоқ. Сонда не істеу керек? Мектеп музейлеріне мамандарды қайдан табамыз? Жалпы, елімізде музей қызметкерлерін даярлайтын арнаулы оқу орындары жоқтың қасы. Мектеп музейлері түгілі, республикалық, облыстық үлкен музейлердің өзі талайдан бері маман кадрларға мұқтаж. Ендеше, мектептегі музейлерге бүгін-ертең арнайы оқыған мамандар келе қалмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Сондықтан мектеп музейлерінің жұмысын ұйымдастырушыларды педагог кадрлар арасынан таңдап шығаруға тура келеді. Музей жұмысы жүктелген педагогтар облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының өлкетану бөлімінде оқып үйренуіне, машықтанудан өтуіне болады.
Биылғы жылы облыстағы барлық мектеп музейлерінің жұмысы аяқтай жүріп аралап, зерттеуден, зерделеуден өткізілді.
Оларда оқушылардың көмегімен ауыл тарихы, мектеп және ұстаздар туралы жәдігерлер көптеп жиналған. Музейлердің қорында алғашқы қауымдық құрылыс, тас дәуіріне жататын еңбек құралдары және миллион жыл бұрын өмір сүрген жануарлардың, теңіз хайуанаттарының тасқа айналған түрлері сақталған. Алтын орда теңгелері, Ұлы Отан соғысында жауынгерлерге берілген «Бас қолбасшының алғысы» тәрізді құнды жәдігерлер мен елдегі тыл ардагерлері туралы материалдар көптеп кездеседі.
Облыс көлемінде мектеп музейлерін ұйымдастыруда Ақжайық ауданы білім беру мекемелерінің қызметін жақсы қырынан атауға болады. Ауданда 21 мектепте музейге орын бөлініп, жетекшілері етіп тарих, әдебиет пәндерінің мамандары тағайындалып, туризм үйірмелері есебінен ақы төлеу ұйымдастырылған. Мектеп директорлары мен аудандық оқу бөлімі, туризм орталығы басшылары тарапынан қолдау тауып, музейлердің жастарға патриоттық тәрбие беру жұмысы жолға қойылған. Аудандағы Бударин, С. Ошанов, Бітік, Мерген, Краснояр, Базаршолан, Сайқұдық, Атамекен мектептері музейлерінің жұмысы біршама қанағаттанарлық. Экспозицияларында халқымыздың ежелгі тарихын ұтымды көрсете білген Атамекен ауылындағы «Жерұйық» мектеп музейінің құрылымы қазіргі заман талаптары деңгейінде. Музей жанындағы үйірме мүшелері өлкетану экспедицияларына шығып, өлкетану, іздестіру-зерттеу жұмыстарымен айналысуда.
Сол сияқты Бөрлі ауданындағы орта мектептің барлығында мектеп музейлері ашылып, өлкетану жұмысы жақсы жолға қойылған. Ақсай қаласындағы №2, 3 (суретте), 4, 5 мектептерінде және «Қызылтал», «Пугачев» мектептерінің музейлерінде түпнұсқа жәдігерлер көп-ақ. Музей жанында музей кеңесі құрылған, өлкетану үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Музей мамандарымен жиі байланыста.
Алайда мектеп музейлері жұмысында кемшіліктер де жоқ емес. Музей көрушілерге негізінен экспозиция арқылы қызмет көрсететіні белгілі. Қаржы бөлінбеуі және музей мамандарының көмегіне жүгінбеуі себепті қазіргі мектеп музейлеріндегі экспозицияларды жасақтауда көптеген кемшіліктер орын алған. Әркім қолынан келгенін жасаған. Жәдігерлер жерге қоюдан бастап, 2 метр биіктікке дейін орналастырылып, көбінесе әр түрлі ірілі-ұсақты форматта қалай болса, солай көрініске қойылған.
Кезінде облыс көлемінде мектеп музейлерінің жұмысын ұйымдастырып жақсы жолға қойған ұстаз-энтузиастардың арқасында Қалдығайты мектебі музейі (Қаратөбе ауданы), Құрманғазы мектебі музейі (Бөкей ордасы ауданы), Жетікөл мектебі музейі (Сырым ауданы) Д. Нұрпейісова мектебі музейі (Жаңақала ауданы), Орал қаласындағы №7 мектебі музейінде құнды тарихи жәдігерлер жинақталған, аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрінген музейлер болды. Сол ұстаз-энтузиастар мектептен кеткен кезде олар құраған керемет мектеп музейлері құлдырап, жәдігерлері азып-тозып, ақыры жабылу алдында тұр. Неліктен олай? Өйткені мектеп музейлерінің бірден-бір жанашыры сол ұстазжанкүйерлер ғана. Музейлердің жабылуына, жәдігерлердің жойылуына ешкім жауап бермейді, елеусіз оқиға ретінде қала береді. Мектеп музейлері қорында жинақталған небір тарихи түпнұсқа жәдігерлерді мемлекеттік музейлердің қорына өткізуді де ешкім ойына алмайды. Оған ешкім жауап бермейді.
Орал қаласында 45 мектептің 7-інде ғана мектеп музейі бар. Әсіресе, орыс мектептерінде оған мүлде көңіл бөлінбейді десе болады. Ол мектепте оқитындардың көпшілігі – қазақ балалары. Осы мектептерде музейлер ашып, өздері суын ішіп, білімімен сусындап жатқан елінің, жерінің өткен тарихын біліп, өнеге алып өссе, жастарға туған қаласының тарихы арқылы патриоттық тәрбие берсе, артық бола ма?
Орыс мектептеріндегі тарих пәнінің мамандары Орал қаласының тарихын 1613 жылдан алып, казактардың осында келу тарихымен шектеліп жүр. 2000 жылы ашылып, 15 жылдан бері айтылып, көрсетіліп келе жатқан «Жайық» қалашығының тарихына үңілсе, казак жұртшылығы мен қазақ жұртының тағдырлас екенін, халықтар достығының тамыры тереңде жатқанын жастардың бойына сіңіруге болады. Бұл бәріміздің көңілімізді аударарлық жағдай. Біз қазір көрмеген болып, көзімізді жұма қарап отырмыз, оның нәтижесі болашақта өз ұлтын, салт-дәстүрін сыйламайтын, өз тарихын білмейтін «мәңгүрттердің» көбеюіне әкеліп соғуы әбден мүмкін. Қаламызда жұмыс жасап тұрған музейлерге ең аз баратындар да осы орыс тілді мектептерде оқитындар екенін білеміз.
Кейбір музейлер экспозициясында (Покатилов мектебі, Дариян ауылында т.б.) қазақ халқының жойылуға қалған тілін, ділін, дінін құтқарған, жадынан өше жаздаған ежелгі тарихына ел-жұрттың бетін бұрғызған тәуелсіздік дәуірінің шынайы келбетін көрсетуді ескерусіз қалдырған. Музей жетекшілері Сары Арқаға салған Астана мен «Болашақта» оқып жүрген жастарымызды, дүниежүзіне қазақ деген халық барын кеңінен таныту жолындағы жетістіктерді паш ету мақсатында мектеп музейлерін ұйымдастырып жатқанымызды онша ескермейді.
Бірқатар музейлер экспозициясында халқымыздың сан ғасырлық бай тарихын ұтымды пайдалануға жете көңіл бөлінбеген. Лайықты материалдарды дұрыс таңдап іріктеу, берілген орынды тиімді пайдалану, жәдігерлерді орналастыру және хронологиялық жүйені сақтап көрсету үшін мектеп музейлерінің жетекшілеріне музей мамандарының көмегі ауадай қажет.
Арнайы даярлықтан өткен музей мамандарының жеткіліксіз екенін жоғарыда атап өттік. Мемлекеттік деңгейде бұл мәселенің таяу жылдарда шешіле қоюы екіталай. Сондықтан Оралдағы БҚМУ-дың тарих факультеті жанынан, ақылы оқытатын бола ма, қысқа мерзімді арнайы курстар ашылса, дұрыс болар еді. Мектеп музейлерінің жетекшілеріне еңбекақы төлеу күні бүгінге дейін шешілмеген, экспозицияларды жасақтауға жоспарлы түрде қаржы бөлінбейді.
Мектеп музейлерінің жұмысына бағыт-бағдар беру, бақылау жасау біздің орталықтың өлкетану бөліміне жүктелген. Әйткенмен біздің қолымызда ешнәрсе жоқ. Қаржы мәселесін мүлдем шеше алмаймыз. Ауызша айтып түсіндіргенімізбен, білім бөлімдері мен мектеп басшылары бізді тыңдап жарытпайды. Өйткені олар облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі орталығының бағынысында емес. Сондықтан облыстық білім басқармасы мектеп музейлерін өзінің тікелей қарамағына және қамқорлығына алғаны жөн. Жауапкершілікті құзыреті мен құқығы жоқ мекемеге ысыра салумен іс бітпейді. Осы мәселелерді тиянақты шешпей тұрып, мектеп музейлерінің жұмысы жүйелі оң бағытқа түседі деп үміттену мүлдем бекер.
Сара ТАНАБАЕВА,
балалар туризмі тарихы музейінің жетекшісі,
ҚР мәдениет қайраткері