Анонс


Жетісу облысында «Еңбекпен ер атанғандар» көрмесі ашылды

Бейсенбі, 06 Ақпан 2025 18:27
Жетісу облысында «Еңбекпен ер атанғандар» көрмесі ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Биыл – «Жұмысшы мамандықтары» жылы. Мемлекет басшысы жолдау барысында кәсіптік білім беру саласына реформа жасаудың маңыздылығына тоқталып, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталатынын айтқан еді. Ел экономикасының дамуына, өндіріс, құрлыс саласының қарыштауына жұмысшы мамандарының еңбектері қашан да ерен.   

Жұмысшы мамандықтары жылын насихаттау Республика бойынша алғаш Жетісу облысынан бастау алды. Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен, мәдениет мекемелері бірлескен «Еңбекпен ер атанғандар» атты көш керуенінің ашылу салтанаты Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы Жетісу облысының тарихи-өлкетану музейінде өтті. Еңбек адамдарына арналған көрме құрылып, еңбегімен елде танылған тұлғалардың өмірінен сыр шертетін фотосуреттер мен олардың жеке заттары, құжаттар, өткен ғасырдың әр кезеңдерінде Жетісу өңірінде өндірілген өнімдер қойылды. Көрмеге жалпы саны 145 экспонат қойылды. Бұл көрме – қоғамымыздағы қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу, олардың ерен еңбегін ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған. Мәдени шараға еңбек ардагерлері, мәдениет қызметкерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің ұстаздары мен білімгерлері қатысты. 

Шара барысында Еңбек Ері, «Құрмет белгісі» ордені, «Қазақ ССР-нің малшаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері» атағын иеленген Тергеуова Шайбала Әмірисақызына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сүлейменов Қуаныш Сұлтанұлы сый-құрмет көрсетті. Шайбала Әмірисақызы алғашқы еңбек жолын Екі Мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың шақыртуымен сүт фермасында сауыншылықтан бастайды. Республикада бірінші болып екі сағат ішінде 120 сиыр сауып, әр сиырдан жылына орташа есеппен 3800 литр сүт сауып рекорд жаңартқан.  Кейін,  КСРО Жоғарғы Советінің 6-шы шақырылымының депутаты болып сайланады. Сайлаушылар аманатымен Көксу ауданына қарасты Шұбардағы мектеп-интернаттың, аурухананың, Көксу ауылшаруашылық колледжінің 4 қабатты ғимаратын салдырады. 1984 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, 2013 жылға дейін негізін Алдабергеновтың өзі қалаған «Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінің» директоры қызметін атқарды. Шайбала Әмірисақызы бүгінде еңбектің зейнетін көріп отыр.

 

Шара соңында музей фойесінде арнайы құрылған көрмеге экскурсия жүргізілді. Облыстық музейден бастау алған бұл керуен әрі қарай Ескелді ауданына жол тартты. Жетісу облысының басқа да қала, аудандарын аралап, халыққа мәдени-рухани азық сыйлайды деген сенімдеміз. Ауыл, аудан тұрғындарына еңбек адамдарының өмірлік жолын әдеби және өнер туындылары арқылы насихаттауды театрландырылған қойылымдар, деректі фильмдер, ән кештері арқылы қолдау көрсетіп ынталандыру және шабыт бере отырып өткізу жоспарланып отыр. Әр ауданның мәдениет үйінде ұйымдастырылатын шара барысында музей, галерея және кітапхана мекемелерінің тақырыптық көрмелері ұсынылып, көпшілікке насихатталатын болады.

Қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтары тек тарихи мұра ғана емес, экономиканың маңызды бөлігі болып қала береді. Олар технологиялық және әлеуметтік дамуды қамтамасыз етіп, қоғамның тұрақтылығын сақтауға септігін тигізеді. Жұмысшы мамандықтарының тарихы – бұл адамзат өркениетінің даму тарихы. Музейлер осы тарихты сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізетін алтын көпір іспеттес. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының құндылығын түсініп, оларды дәріптеу – мәдени және рухани байлығымызды сақтаудың маңызды қадамы деп білеміз. 

 

Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ, Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

 

126 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper