Батырдың мерейтойына орай дайындық жұмыстары жүргізілді.
Біріншіден, музейдің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Атап айтқанда, 2024 жылғы шілде – қыркүйек айларында музейге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстары барысында көп жылдар бойы шешімін таппай жүрген ғимараттың жылыту, электр, вентиляциялық жүйелері, қасбеті жаңартылды.
Ә.Молдағұлованың 100 жылдығын өткізу бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес музейге заманауи цифрлық технологиялармен реэкспозиция жасақталды.
Жаңа экспозицияның диорамаларында 3D-mapping, VR-көзілдірікті мультимедиялық технология, сандық сторителлинг, жасанды интеллект, голограмма пайдаланылған. «3D анимация» голографиясындағы Әлия бейнесіне виртуалды промоутер, 3D форматтағы рельефті карта, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск енгізілді.
Музейде батыр қыздың өмірі мен ерлік жолын көрсететін ақпараттар мен экспонаттар, музей жабдықтары, тума-туыстары мен оқыған жерлері, мергендік мектебі мен майдандағы өмірін көрсететін, Әлия есімімен аталатын мекемелер мен мектептер, музейлер, жыр арнаған ақын-жазушылар мен зерттеушілер, қойылған ескерткіштер, түсірілген фильмдер жайлы деректер қойылған.
Бүгінде Әлия Молдағұлованың ерлігін үлгі ете отырып, жастарға патриоттық және мәдени-ағартушылық тәрбие беретін орталыққа жыл сайын 40 мыңнан астам адам келіп, онда өтетін тарихи-танымдық іс-шараларға, ерлік сабақтары мен дәрістерге қатысады.
Бұл өз кезегінде халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, мәдениет мекемесінің имиджін арттыру, туристерді тартуға, Ә.Молдағұлованың ерлігі негізінде жастарға патриоттық тәрбие беру, мәдени-ағартушылық шараларды өткізуге зор ықпалын тигізеді.
Музей экспозициясы туралы қысқаша ақпарат беретін «Виртуалды промоутер» қонақтарды қарсы алып, Қазақстанның батыр есіміне берілген барлық облыстар бойынша нысандар QR кодтар арқылы белгіленген жарық диодтық контурларымен салынған 3D рельефтік картасымен бірге «Әлияның өмір жолы мен ерлік жолы» бейнеленген және батырдың соңғы шайқас көрсетілген жарықдиодтық контурларымен салынған карталарын көре алады.
Майлы бояумен кенепке тапсырыспен салынған, Әлияның үш өмірлік кезеңін қамтитын портреттері ілінді.
Батыр қыздың туған жеріне арналған экспозиция майлы бояумен көлемді салынған Бұлақ ауылының панорамалық көрінісі 3D-мэппинг, VR (виар) көзілдірік мультимедиялық технологияларымен жетілдіріліп, Әлияның балалық кезінен сыр шертеді.
Әрі қарай экспозиция Әлия тәрбиеленген туған-туыстарына, оның оқыған мектептерімен жалғасып, 1941 жылы неміс фашистері Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына соғыс ашқан кездегі Ленинград қаласының қиын кезеңдері туралы ақпарат бере отырып, Шостаковичтің «Ленинград» туралы 7-ші симфониясы әуенімен дыбысталған Ленинград қаласының панорамалық көрінісі берілген.
Әлияның тағдыр жылнамасы бойынша экспозиция Вятск орта мектебі, Рыбинск авиация техникумы, Амеровадағы мергендер мектебімен өз жалғасын тауып, мерген болып аттанған 54-атқыштар бригадасы 4-ші батальон құрамына қабылдануы туралы ақпараттармен толықтырылған.
Соғыс кезіндегі пайдаланылған блиндаждың көшірмесі жаңадан қайта жасақталынып, ішіне «3Д анимация» голографиясына Әлия Молдағұлованың хат жазып отырған бейнесі енгізілді.
Келесі экспозицияларда мергендік барлау сәті мен батырдың «Соңғы шайқас» диарамасындағы Әлияның ерлікпен қаза тапқан көрінісі панораммалық-мультимедиялық проектормен әсерлі етіп көрсетілген.
Келесі бөлім батырдың жерленген жерімен жалғасып, әрі қарай соғыс кезін бейнелейтін жаңартылған барельеф бедерленген. Арнайы визуалды проектор арқылы фондық музыкамен сүйемелденген «Бейбіт аспанды» тамашалауға болады.
Бюст тұғырымен және артқы көрінісі жаңартылып, отансүйгіштікке тәрбиелейтін қанатты сөздер жазылды. Витриналар музей талабына сай жаңартылды.
Музей тарихы мен тынысы, қонақтары мен қаһарман қыздың ерлігіне ән-жыр арнаған ақын-жазушылар, сазгерлердің, суретшілер, режиссерлардың туындыларынан сыр шертетін «Музей тынысы», «Ерлік иесіне тағзым», «Рухына бас иеді өр тұлғалар», «Өнер туындысына айналған бейне», есімі берілген мекемелерге «Құрметіңе аталды мектептер мен көшелер», қойылған ескерткіштерге «Саған белгі орнаттық мәрмар тастан» тақырыптық экспозициялар жасақталды.
Сонымен қатар «Әлия гүлі» «Халықтық» қазақ би ансамбіліне қатысты материалдармен толықтырылса, музей жанынан құрылған «Әлия» іздестіру тобының экспедиция нәтижесінде тапқан соғыс жылдарындағы заттай жәдігерлері қойылды.
Арнайы витриналарға Әлия оқыған мергендер мектебінің түлектері Л.Бакиева мен М.Забоеваның әскери киімі, майданда киілетін тон, Әлияның нағашы ағалары Әбубәкір Молдағұлов пен Бисембай Хабиевтің гимнастеркасы мен «Әлия» іздестірушілер тобының арнайы киімдері манекенге орналастырылды.
Сонымен бірге, ақтөбелік Кеңес Одағының Батырлары мен Үш дәрежелі Даңқ орденінің иегерлеріне арнап «Тұлғаларың әрқашан биік тұрар» атты 2 витрина жасақталып, біріне тізімдері берілсе, екіншісіне заттай жәдігерлері мен фотолары қойылды.
312 атқыштар дивизиясы мен 101 атқыштар бригадасына арналған витриналарға Ақтөбеден кеткен жауынгерлердің фотолары мен медаль-ордендері қойылды.
Музей залы бойынша виртуалды тур, қордағы құнды фото-видео материалдар, көркем-деректі фильмдерді бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск арқылы келушілер таныса алады.
Асемгүл АМАНГЕЛДІ, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің экскурсия жетекшісі