Анонс


Ғабеңнің қонақ бөлмесіндегі сағат (ФОТО)

Бейсенбі, 06 Ақпан 2025 18:39
Ғабеңнің қонақ бөлмесіндегі сағат (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Ғабит Мүсірепов қазақ әдебиеті тарихына терең із қалдырды. Туған жерге деген махаббаты мен философиялық ойларға толы шығармалары оқырмандарды бүгінгі күнге дейін шабыттандырып келеді. Қазіргі уақытта 1968-1985 жылдары жазушы өмір сүрген үйінде Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты музей кешені орналасқан.

Екі бөлімнен тұратын музейдің мемориалды бөліміндегі, қонақ бөлмесінің төрінде үлкен, әдемі сағат орналасқан. Бұл сағат интерьер бұйымы ғана емес, сонымен қатар оның өмірі мен шығармашылығының символына айналды. Бөлмеде тұрған сағатты Ғабеңге бір топ жазушы, композитор ғалымдар: Сапарғали Бегалин, Хамза Есенжанов, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілов, Зейін Шашкин, Қуандық Шаңғытбаев, Хамит Ерғалиев, Серік Қирабаев, Ғали Орманов, Мұхаметжан  Қаратаев, Жайсаңбек Молдағалиев, Сафуан Шаймерденовтер сыйға тартқан. Қазақ мәдениетіне қосқан үлесі үшін құрмет пен мойындау белгісі деп білуге болады. Корпусы ашық қоңыр түсті ағаш пен металдан жасалған. Жоғарғы бөлігі доғалданған, төменгі бөлігі тіктөртбұрышты. Алды әйнекпен жабылған. Сағат биіктігімен (181см), тілшегімен, ерекше дизайнымен көзге түседі. Сағат жақтауында (ОЧЗ) деген жазуы бар. Бұл бұйым Мәскеу қаласында 1950 жылдардың басында құрылған «Орлов» зауытында жасалған. Зауытта еденде тұратын механикалық сағаттар, кварцты сағат, оятқыш сағаттары мен шахматтық сағаттарды да шығаратын болған. Сол жылдары механикалық сағаттардың құндылығы 400 рубль болған.  Сондықтан, өнімдер тек сапасымен ғана емес, ерекше дизайнымен көзге түсіп, құнды болатын.

Сағат тілшегінен шыққан дауыс өнер иесі Мүсіреповке ерекше атмосфера сыйлады. Себебі, жазушы Ғабең уақытқа физикалық құбылыс ретінде ғана емес, философиялық тұрғыдағы көзқараста болды. Дәлел ретінде, өзінің шығармаларында өмірдің өтпелілігі, өткен шақ пен болашақ байланысы, дәстүрлер мен мәдениетті сақтаудың маңыздылығы туралы жиі жазатын. Сағаттың бірқалыпты жүрісі өтіп жатқан уақытты еске салып, әрбір сәтті пайдалы қолдану қажеттілігін елеу маңыздылығына назар аудартатындай. Қонақ бөлмесінде көркем-баянды әңгімелесуден кейін, жар сағаттың тық-тық еткен үнімен ой толғап, Ғабең өзінің жұмыс кабинетіне кіріп, ұшталған карандаштарымен қағаз бетіне отыратын. Бүгінгі таңда, артынан қалған көптеген романдары, әңгімелері мен  пьессалары, өткен уақыттың құндылығы мен нәтижесі деп түсінсе болар. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», деген қанатты сөздің бейнесі ретінде қалған мұра.

 Ғабит Мүсіреповтің қонақ бөлмесіндегі сағат – бұл тек бұйым емес, өмір сүріп жатқан тарихтың бір бөлігі. Ол бізге уақыт тек секундтар, минуттар мен сағаттардан ғана емес, сонымен қатар мағына мен шабытқа толы, сәттерге толы эмоция екенін еске салады. Қонақ бөлмесіндегі сағат жазушының үйінде шығармашылық ізденістері мен философиялық ойларының куәсі болды. Ал, бүгінгі күнде ол музей кешенінің құнды экспонаты болып табылады. Уақыттың құнын түсініп, өткеніміз бен болашағымызға деген дұрыс сағаттар бөлсек, тарих пен болашақты жарқын етуге бір қадам жақындай аламыз.

 

Алтынай ҚҰСАЙЫНОВА, Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей-кешенінің әдіскері

169 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper