Шежірелі өлке Сарысу тек экономикалық әлеуетімен ғана емес, өзінің рухани әлемімен де бай өлке. Ұлы Дала мәдениетінің алтын қазынасына айналған Сарысу жерінде тарихи ескерткіштер жетерлік. Солардың бірі – Шоқай датқа кесенесі. Ескерткіш Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнер орталығы, керуен жолдарының қиылысында, Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылының оңтүстік шетіндегі ескі қорымның солтүстік бөлігінде орналасқан.
Кесене халық арасында батыр, «тілік» руының басшысы ретінде танылған Шоқай Қарабекұлының моласының үстіне салынған. Өзінің типтік сипаттамасы бойынша ескерткіш XVII–XVIII ғасырларға жатады. Дегенмен кейбір деректер бойынша кесене XIX ғасыр ортасында тұрғызылды деген болжам бар. Малбағар Меңдіқұлов та осы пікірді ұстанады. Шу-Талас өңіріне тән монументалды құрылыс түріне жатады.
Кесенені алғаш 1946 жылы археолог Героним Иосифович Пацевич зерттеді. Кейін 1970–1980 жылдары зерттеу жұмыстары Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мәдениет Министрлігі және «Қазжобақайтаөңдеу» институтының мамандарымен жүргізілді. 2000 жылы Тарихи және мәдени ескерткіштері жинағының экспедиция мамандары, 2014 жылы «Археологиялық экспедиция» мамандары зерттеді.
Шоқай Датқа Қарабекұлының өмірі мен қызметі туралы қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана зерттеліп, жарық көре бастады. Атап айтар болсақ, жазушылар Бақтияр Әбілдаұлы хикаят, Дулат Шалқарбаев пьеса, Мейрамбек Төлепбергенов, Жаңабай Миллионов зерттеу мақалалар арнады. 2001 жылы Алматыда «Үш қиян» баспасынан журналист Жаңабай Миллионовтың құрастыруымен және Шоқай датқаның тікелей ұрпағы, кәсіпкер Серік Аппазовтың демеушілігімен тарихи танымдық «Шоқай датқа» кітабы жарық көрді. Сол жылы Саудакентте тарихи тұлғаның 200 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтіліп, кесене жанына еңселі ескерткіші орнатылды.
Шоқай датқа өз заманында беделді, ықпалды тұлға болған. Ол қара қылды қақ жарған әділдігімен, ауыздыға сөз бермес шешендігімен кеңінен танылған, жастайынан ел басқару ісіне араласып, рулар мен тайпалар арасында ғана емес, көрші жатқан туыстас елдер арасында мәмілегерлігімен аты шыққан қайраткер. Ел арасын тату ұстау үшін күш салып, қазақ-қырғыз арасындағы дау-дамайларды шешкен. Оның би ретінде әділдігі мен халық мүддесін қорғауы көпшілікке белгілі болды.
XIX ғасырдың екінші жартысына дейін Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймағы Қоқан хандығының ықпалында болды. Қоқан ханы болған Омар, одан кейін Құдияр қазақтарға өз арасынан шыққан беделді тұлғалар арқылы басшылық жүргізеді. Қоқан билеушілерінің билікке араласа бастаған жас Шоқайға қалаулары түсіп, оған «датқа» атағын береді. Датқа – Қоқан және Бұхар хандықтарында жоғары әкімшілік лауазымдағы адамдарға тағайындалған лауазым. Шоқай Қоқан ханының мыңбасы қызметін атқарғандықтан осы лауазым берілген.
Қазақ даласында қиын-қыстау заманда халыққа әділетті билік жүргізіп, ханның ығына жығылмай ханға да, қараға да әділ қызмет жасады. Қоқан хандығында қызметте жүріп Шоқай датқа қазақ халқының тәуелсіздігі мен елдің еркіндігі үшін күресті, қоқандықтарға қарсы азаттық қозғалысқа қатысты. Сол заманғы оңтүстік өңірінің тарихи тұлғалары Сапақ датқа, Бөлтірік шешен, Байзақ датқа басқа да белді азаматтармен қарым-қатынаста болып, ел бірлігіне, халықтың болашағына байланысты мәселелерді солармен ынтымақта шешіп отырған. Шоқай датқа оңтүстік қазақтарын Ресеймен бірігуді жүзеге асырып, олармен одақтасуды қолдады. Ол туралы нақты тарихи дерек бар. Полковник Черняев өзінің басшылығына жолдаған хатында Қоқан хандығына да ықпалы зор, қазақтар арасында да зор беделге ие Шоқай Датқа Қарабекұлымен келісім болғандығын жазған. Шоқайдың орыстармен ынтымаққа бару әрекеті қоқандықтарға ұнамайды. Кейбір деректер бойынша, Шоқай датқаны Қоқан ханы адамдарының бірі у беріп өлтірген деп айтылады.
Ташкенттен келген шеберлер мазарды 1856–1857 жылдары бауыры Шәкен мен ұлы Төрегелдінің қаржысына салған. Кейін ол екеуі де сол жерде жерленген.
Шоқай датқа кесенесін Шоқан Уәлиханов өз еңбегінде үлкен діни типтегі құрылыс ретінде атап өткен екен. Ескерткіш сыртқы көлемі 7,2х8,4 метр және ішкі көлемі 4,5х4,5 метр болатын көлемді бір камералы порталды-орталық күмбез болып табылады. Басты қасбет терең емес П – тәріздес жақтаулармен жиектелген және бұрыштық мұнаралармен қосақтасып қапсарланған терең емес садақты қуыспен бөлінген. Қуыстың қасбет маңдайлық ернеу қабырғаларына биік арқалықты маңдайшалы есік ойығы, доға астының жоғарғы бөлігінде кішкене терезелер орнатылған. Дөңгелекті мұнараның оқпаны жоғары жағынан әшекейлі белбеулермен қоршалып, күнтартарлармен аяқталған. Кесененің күмбезі дөңгелек барабанда көтеріліп, сыртынан көк, ақ, қызыл құймалармен зертасталған белгілер сақталған ілменақышты өрнеулермен айқындалған. Сәулеттің интерьері қабырғалау мен бұрыштық доғалар жүйесі арқылы қалыптасқан. Қабырғалы қолтаңбалар табылмаған. Ғимараттың оңтүстік-шығыс бөлігінің артында доғалы кіре берісі бар қабырғаның негізінде сыртқа шығарылған лақат (жер асты мола) орнатылған. Лақат – шағын жер асты, квадратты негіздегі жан-жағы 3 метр, төмен төртқырлы шатыржалды тоғыспамен жабылған бөлме. Лақаттағы тақтайша – ернеулер зерттелмеген.
Кесененің негізгі қабырғасы қам кірпіштен қаланып, сыртына күйдірілген кірпіштер қаптама ретінде қолданылған. Кесененің сыртқы қабырғасына пайдаланылған кірпіштер құрылыс орнында күйдірілген. Кірпіштерді күйдіру үшін сол аймақтарда өсетін баялыш шөбін пайдаланған. Баялыш шөбі кірпішті жақсы күйдіруімен қатар, кірпішке ерекше әдемі иіс береді. Кірпіштің құрылымы біркелкі болу үшін балшығын арнайы жылқыға таптатып илеткен деген дерек бар. Үлкен бір бөлмеден тұратын кесене ішінде күмбезді белгі тастабыт орналасқан. Кесененің қасбетіндегі арка үшкіл пішінде болса, кесенеге кірер тұстағы арка тіктөртбұрышты. Кіре беріс қақпаның (арканың) бүйірлерінде әсемдік үшін тереңдетіп салынған текшелер бар.
Кесене Жамбыл облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген. Ескерткішке зерттеу жұмыстарын 1946 жылы «Казпроектреставрация» мамандары мен Орталық Қазақстан археология экспедициясы мамандары жүргізді. 1982 жылы ескерткіш Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды. 1990 жылдары Шоқай датқа кесенесі қабырғасының құлаған, мүжілген тұстары қайта қалпына келтірілді. 2005–2006 жылдары «Казреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалы мамандарымен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2017 жылы «Казреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізген қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Шоқай датқа кесенесі толықтай қалпына келтірілді. Кесененің еденіндегі жарамсыз күйге түскен плиталар алмастырылып, күмбездің қаптама және ішкі бөлігіндегі кірпіштері ішінара алмастырылып, күмбезге гидрооқшаулау жұмысы жүргізілді. Шоқай датқа кесенесінің сыртқы қабырғасындағы беткі қабат (қаптама) кірпіштері толығымен алмастырылып, ішкі қабырғаны сылау жұмысы толығымен жүргізілді. Сонымен бірге, іргетастың іші-сыртындағы ылғалды реттеп тұру үшін арнайы жүйе орнатылды.
Кешегі күннің Ұлы тұлғаларын ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Халықтың болашағы үшін тер төгіп, өмірін еліне арнаған Шоқай Қарабекұлы арқылы өткеннің ұлылығы мен ежелгі өркениеттердің мол мұрасын тани аламыз. Шоқай датқа кесенесі тек батырдың ерлігін ғана емес, сонымен қатар қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күресі мен рухани тұтастығын көрсететін ескерткіш. Кесененің киелілігі мен қасиеттілігіне халық әлі күнге дейін сеніп, бас иеді. Бұл кесене бүгінгі ұрпаққа өткеннің өнегесін жеткізіп, ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптейтін киелі орын болып қала бермек. Қаратау баурайында туып, халқы үшін тер төккен тұлға Шоқай датқаның ізгі істері ұрпақтардың есінде мәңгі сақталатынына сенім мол.
Ақдидар КӘРІБЕКОВА, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттіктарихи-мәдени музей-қорығының тарихшысы
Әдебиеттер мен дереккөздер:
1. Археологическая карта Казахстана. Реестр. / Сост. Е. И. Агеева, К. А. Акишев и др. – Алма-Ата: издание АН КазССР, 1960. – С. 273.
2. Глаудинов Б. А. История архитектуры Казахстана (с древних времен до начала ХХ века). – Алматы: КазГАСА, 1999. – Т. 1. – С. 107.
3. Казахская ССР. Краткая энциклопедия / Гл. ред. Р. Н. Нургалиев. – Алма-Ата: Гл. ред. Казахской Советской энциклопедии, 1991. – Т. 4: Язык. Литература. Фольклор. Искусство. Архитектура. – С. 610.
4. Маргулан А., Басенов Т., Мендикулов М. Архитектура Казахстана. – Алма-Ата: Каз. гос. изд-во, 1959. – С.133.
5. Паспорта и материалы обследования памятника архитектуры г. Тараза // Архив НИПИ ПМК. – Алматы, 1986, 2000.
6. Проект реставрации мавзолея Шокай датка (шифр 29/ГЗ/2017). – Алматы, 2017. – Т. 1. кн. 1. – С. 2, 15.
7. Проскурин А. Н., Туякбаева Б. Т. Мавзолей Шокай датка // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Жамбылская область. – Алматы: Кайнар, 2002. – С. 68–69.