Анонс


Қамар Қасымов сыйлаған домбыраның сыры

Бейсенбі, 06 Ақпан 2025 19:00
Қамар Қасымов сыйлаған домбыраның сыры KAZMUSEUM.KZ -  

Қамар Қасымов – қазақтың танымал қолөнер шебері, әсіресе ұлттық домбыра жасау өнерімен әйгілі тұлға. Домбыра – қазақ халқының мәдениетінде маңызды рөл атқаратын аспап, сондықтан Қамар Қасымов сияқты шеберлер оның құрылымын, жасалуын терең зерттеп, ұлттық дәстүрді сақтау мақсатында әр түрлі жаңашылдықтар енгізіп отырған.

Қамар Қасымов – қазақтың дәстүрлі көне музыкалық аспаптарын жетілдіру ісімен айналысқан тұңғыш органолог. Ол көне қылқобызды, сал-серілердің тоғыз пернелі қара домбырасын, дауылпаз бен шыңдауылды, бақташылардың сыбызғысын классикалық аспап дәрежесіне дейін жетілдіріп, оркестрлік шығармаларды орындауға лайықтап жасады.

Шаһарымыздағы М. Төлебаев көшесінде 1965–1973 жылдар аралығында тұрған үйінде Сәбит Мұқановтың 1978 жылы музейі ашылған. Бұл рухани, мәдени ошақта жазушының қолының табы сіңген, тұтынып пайдаланған, сыйға алған көп заттары сақтаулы. Соның бірі нағыз шебердің қолынан шыққан ерекше өренектелген  домбыра.  Қамар Қасымов1965 жылы, жазушының 65 жасына сыйға тартқан. Домбыра классикалық үлгіде жасалған. Бұл домбыра ерекше оюлармен өрнектеліп, әнге бейімделіп жасалған. Жазудан қолы талып, шаршағанда қаламгер жұмыс бөлмесіндегі диванға жантайып, домбыраны қолға алып, ән айтқанды жақсы көрген. Ол өзінің ұзақ ғұмырында қолына талай домбыра ұстаған шығар...

Дегенмен, солардың ішінде осы домбыраның орны бөлек болған сияқты. С. Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» романында Қамар Қасымовтың еңбегін жоғары бағалап, мынадай дерек қалдырған: «...қазақтың ұлттық музыка құралы: домбыра, қобыз, сыбызғы ғана болғанын білеміз. Осы құралдардың дауыстарын күшейтіп, жаңарған аспап түрінде шығаруда қазақтың атақты қолөнершісі – Қамар Қасымов қарттың да еңбегі зор». Ақын, зерттеуші ғалым Ә. Қайырбеков өзінің «Тұлғалар тағлымы: Сәбит пен Ғабит» атты ғылыми-зерттеу жинағында 97 жасқа қараған Сәбеңнің жұбайы Мәриям Мұқанкелінінен осы домбыраның жазушыға қалай келгенін, жасаушы шебер туралы сұрап, сырласқанда мынандай естелігінен дерек келтіреді: «...Ал Қамарды білем. Қолымнан дәм татқан кісі. Әңгімешіл болатын. Сәбит те әңгіме тыңдағанды, әңгіме айтқанды қалап тұратын еді ғой. Екеуі елдің, жердің тарихынан, арғы-бергі атақты адамдардың өмірінен қозғап, талай сырдың басын қайыратын.Қамардың да, Темірханның да домбыраларын Сәбит күтіп ұстады. Сәл дауысы  бұзыла бастаса, басқа шеберлерге көрсетіп, жөндетіп алатын. Кейбір ағайындардың домбыраларға көздері түсіп, сұрағылары келіп тұратынын байқайтынмын. Бірақ, Сәбеңнің бұл домбыраларға ықыласы ерекше екенін аңғарғандықтан, ешкім де батып, қолқалай қоймайтын. Мұражайға келген музыка мамандары талай рет тамсанып қарағандарына куәмін. Сәбит те бұл домбыраларды кем бағаламаса керек».

Сыйға берілген домбыра – бұл тек музыкалық құрал ғана емес, сонымен бірге үлкен мән-мағынасы бар, дәстүр мен мәдениеттің айқын белгісі. Бұл құрметтің, дәстүрдің сақталуының, ұрпақтар арасындағы байланыстың белгісі. Мұндай сыйлық, әсіресе, мұра болып сақталып, болашаққа жетіп, ұрпақтарға ерекше құндылықтар мен мәдени мұраны жеткізеді. Музей архивінде 1965 жылы Қ.Қасымовтың С.Мұқановқа домбыраны сыйлап жатқан сәтінен фото сурет сақталған. Бұл жәдігерді көзбен көріп, қолмен  ұстағыңыз келсе жазушы музейіне асығыңыз.

 

Жанар ТАЕВА, Алматы қаласының музейлер бірлестігіне қарасты «С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің» ғылыми қызметкері.

412 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper