Анонс


Ұлттық музей ІІІ Қазақстан музей конгресінің қорытындысын жариялады (ФОТО)

Сенбі, 24 Мамыр 2025 00:09
Ұлттық музей ІІІ Қазақстан музей конгресінің қорытындысын жариялады (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

 «ІІІ Қазақстан музей конгресі» аясында «Консервация және реставрация мәселелері» атты халықаралық  кешенді 4 панельді сессия өтті.

Конгрестің алғашқы күні өткен «Археологиялық заттарды консервациялау және реставрациялау әдістері» атты панельді сессиясында Беларусь Ұлттық ғылым академиясы Тарих институтының археологиялық артефактілерді ғылыми консервациялау бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Анастасия Костюкевич «Этнографиялық темір жәдігерлерді NaOh ерітіндісі көмегімен тазалау және кейінгі консервациялау» тақырыбында мастер-класс өткізді.

Дәріс барысында темірден жасалған этнографиялық жәдігерлердің коррозияға ұшырау себептерін түсіндіріп, оларды қауіпсіз тазарту әдісі ретінде натрий гидроксиді (NaOH) ерітіндісін қолдану тәсілін егжей-тегжейлі көрсетті.

Сонымен қатар, академик И.Э. Грабарь атындағы Бүкілресейлік көркем ғылыми-реставрация орталығының техника-технологиялық сараптама жөніндегі І санаттағы сарапшысы Алексей Кащеев «Биозақымдануы бар заттарды тұрақтандыру» тақырыбында мастер-класс көрсетіп, музейлік заттардың зақымдану себептерін, ылғалдылық режимі, жәдігерлерді күйе мен зеңнен тазарту жолдарын айтып түсіндірді. Презентация арқылы ақпараттар беріп, зиянкес жәндіктер мен бактериялардың зертханалық үлгілерін көрсетіп, таныстырды.

Ал, О.Е. Клер атындағы Свердлов облыстық өлкетану музейінің жоғары санатты көркем және сәндік бұйымдар реставраторы, өнертану кандидаты Ольга Ченченкова конгресс қатысушыларына «Металдан жасалған археологиялық ыдыс бөліктерін реставрациялау» тақырыбында, Я. Гулямов атындағы Самарқан археология институтының ортағасырлық керамика реставраторы, ғылым магистрі Мунира Султанова «Керамикалық артефактілерді реставрациялау және өң беру әдістері» тақырыбында мастер-класс өткізді.

 

Конгрестің екінші күні «XVIII-XX ғғ. Мәдени мұраны сақтау» атауымен өтіп, Санкт-Петербург мәдениет институтының Суздаль филиалының оқытушысы жоғары санатты реставратор Виктор Астафьев «Музейлік металл бұйымдарды дәнекерсіз  қалай реставрациялауға болады» тақырыбында, Әзірбайжан Ұлттық өнер музейінің суретші-реставраторы, ғылым магистрі Самир Талыбов «Кескіндеме технологиясы: бұрынғы және қазіргі кездегі мәселелер» тақырыбында, О.Е. Клер атындағы Свердлов облыстық өлкетану музейінің жаратылыстану-тарихи коллекциялары заттарының реставраторы Александр Калужников «Жаратылыстану-тарихи коллекцияларды реставрациялау» тақырыбында, ҚР Ұлттық кітапханасының консервация, реставрация және түптеу қызметінің меңгерушісі Аида Шоманова «Құжаттарды реставрациялауда идентификациялау үшін қолданылатын негізгі зерттеу әдістері» тақырыбында мастер-класс өткізді.

ІІІ Қазақстан музей конгресіне 97 музейден 27 ғылыми қызметкер, 15 қор сақтаушы, 55 реставратор қатысты.

Сонымен қатар, ТҮРКСОЙ музейлері бірлестігі үйлестірушілерінің отырысы мен Қазақстан музейлері басшыларының кеңесін қоса алғанда, 53 музей басшысы қатысты.

Конгресс қорытындысында барлық қатысушыға сертификат табысталды. Қатысушылар ұйымдастыру деңгейінің жоғары болғанын атап өтіп, алғыстарын білдірді.

 

 

16 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper