Анонс


«Кәдімгі Сәбит Мұқанов»

Сейсенбі, 29 Сәуір 2025 11:08
«Кәдімгі Сәбит Мұқанов» KAZMUSEUM.KZ -  

«...Әрі ақын, әрі романшы, әрі драматург және әдебиет тарихының зерттеушісі – Сәбиттің аты қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі», – деп баға берген еді кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов Сәбит Мұқановтың шығармашылығы туралы.

Биыл қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы С.  Мұқановтың туғанына 125 жыл толып отыр. Республикамыздың әр аймағында, туған жерінде жазушының мерейтойына арналған түрлі мәдени шаралар, конференциялар, әдеби-танымдық сағаттар аталып өтіп жатыр.

Ол – қарымды қаламынан «Адасқандар» («Мөлдір махаббат»), «Жұмбақ жалау» («Ботагөз»), «Балуан Шолақ», «Өмір мектебі», «Аққан жұлдыз» т.б. халық жүрегінен орын алған шығармалар тудырған қаламгер. Сонымен қатар, «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер», «Жарқын жұлдыздар», «Халық мұрасы» монографияларын жазған ғалым. «Ботагөз», «Шоқан Уәлиханов», «Сәкен Сейфуллин» т.б. пьесаларды өмірге әкелген драматург.

Жуырда Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы, драматург, қоғам қайраткерінің мерейтойына орай «Жол тапқан бар қазақтың жүрегіне...» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ақын, ғалым, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбеков ашып, жүргізіп отырды.

Аталған шараға С. Мұқановтың қызы Жанна Мұқанова, немересі Камила Мұқанова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы, сәкентанушы, сәбиттанушы ғалым-ұстаз Күләш Ахмет, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қауымдастырылған профессоры Ерлан Қасен, жазушының туысы Раушан Мұстафина, «Күміс ғасыр» қоғамдық қорының мүшелері, РЖМК-нің оқытушысы Лаура Оралханова, студенттер қатысты. Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен өркендеуіне зор үлес қосып, шығармаларымен бар қазақтың жүрегіне жол тапқан қаламгердің өмір жолы, шығармашылық бай мұрасы, ұлт әдебиетіне қосқан зор үлесі жайлы тағылымды әңгіме өрбітті.

Дөңгелек үстел аясында «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Музей кешені қорындағы қаламгердің белгілі тұлғалармен, отбасымен түскен бірегей фотосуреттері қойылып, жазушының қарапайым әке ретіндегі бейнесі жайлы сөз болды.

Мақаланы белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының сөзімен аяқтағымыз келеді: «Қазақ әдебиеті тарихында өз романын орыс тілінде бірінші болып жариялаған жазушы – Сәбит Мұқанов… Сәбит Мұқанов – қазақ кеңес әдебиетінің негізін қаласқан, оның өркендеуі үшін орасан еңбек сіңірген аса көрнекті сөз шебері, ел еңбекшілерінің бүгінгі өмірінен, ой-арманынан нәр тауып, шабыттана жырлаған азамат ақын, дәуір шындығын эпикалық биік деңгейге көтере суреттеген халықтық жазушы, сахна өнерінің өркендеуіне үлес қосқан драматург. Қазақтың әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымын өрге сүйреген жауынгер сыншы, парасатты ғұлама. Қазақ әдебиетінің мақтанышы Сәбит Мұқанов өзінің өнегелі де өміршең шығармаларымен қазақтың жаңа ұрпағына рухани азық беріп, ұрпақтан-ұрпаққа жасай беретін ұлы классик».

 

Назгүл АЛТАЕВА,

Рашида ОТАР, Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің  әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкерлері

 

Фото: tengrinews.kz

 

 

75 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper