Анонс


Кимал Ақышев және елорда өңірінің тарихы

Сәрсенбі, 26 Мамыр 2021 01:33
Кимал Ақышев және елорда өңірінің тарихы KAZMUSEUM.KZ -  

1924 жылғы 23 мамырда отандық археологиялық ғылымның негізін қалаушысы – Кималь Ақышев дүниеге келді. Археолог өмірінің 50 жылдан астам уақытын Қазақстанның ежелгі тарихын зерттеуге арнады. Ғалымның Қазақстан мен Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихы бойынша іргелі зерттеулері әлемдік тарих ғылымына қосқан зор үлесі болып табылады.

Ғалым әр жылдары әлемге әйгілі Бесшатыр қорымының сақ пирамидалары, Есік қорғаны, аты аңызға айналған Отырар қаласының қираған орындары және басқа да мәдениет ескерткіштерінің қазба жұмыстарын басқарған. "Алтын адамның" өз тарихы қалыптасқан, оның бейнесі Тәуелсіз Қазақстанның символы болып саналады.

1990 жылдардың соңында К.А. Ақышев Сарыарқа дала аймағын зерттеумен айналысты. Осылайша, қола дәуірінен кейінгі орта ғасырларға дейінгі ескерткіштерді іздеумен және қазумен айналысқан Есіл стационарлық археологиялық экспедициясы құрылды. Бұл аймақ археологиялық тұрғыдан аз зерттелген. Осы жылдары экспедиция археологтары Есіл, Нұра, Құланөтпес, Сілеті өзендерінің аңғарлары мен олардың салалары, Қорғалжын және Көкшетау көлдері бойынша барлау маршруттарын жүргізді. Қорғандардың, қоныстардың, қалашықтардың, көптеген тас және мазарлар мен кесенелердің, қазақ қыстауларының жоспарлары алынды. К.А. Ақышев Орталық Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық ескерткіштерін зерттеудегі негізгі перспективалық бағыттарды белгіледі.

Есіл экспедициясының басты жетістігі Нұр-Сұлтан қаласының шетінде орналасқан Бозоқ археологиялық кешенінің ашылуы (1998 ж.) және зерттеуі болды. Ескерткіштегі археологиялық қазба жұмыстары 1999 жылы басталды, 20 жыл ішінде Бозоқ ортағасырдағы Қазақстанның дала аймағының жақсы зерттелген жалғыз ескерткіші болып саналады.

Бозоқ қазба жұмыстары кезінде Есіл экспедициясының құрамында белгілі археологтар: Марал Хабдулина, Виктор Варфоломеев, Юрий Мотов және жас мамандар Бақыт Хасенова, Серғазы Сәкенов, Алексей Свиридов, Денис Гаврилов және т. б. қатысты.

Бозоқ - Кималь Ақышевтің соңғы археологиялық ашылуы, көне қала  әлі күнге дейін өзінің құпияларын сақтап келеді...

Кималь Ақышұлы тарихи-мәдени мұраның белсенді насихаттаушысы ретінде белгілі. Өзінің озық ақылымен ғалым археология нысандарын перспективасын  көре білген. Осылай, 2000-шы жылдардың басында Бозоқ қазба жұмыстарының алғашқы нәтижелерінен бастап, Қ.Ақышев ескерткіштің жанында тарих және мәдениет Ұлттық паркін құру мақсатын белгіледі. 2018 жылы "Рухани жаңғыру" бағдарламасының арқасында «Бозоқ» мұражай-қорығы құрылды, оның мақсаты Бозоқ қалашығын қалпына келтіру болып табылады.

Осылайша, Бозоқ ашылғаннан кейін 20 жыл өткен соң оған іргелес аумақта еліміздің ежелгі және ортағасырлық тарихының жарқын беттерінің бірін, ғылыми және шығармашылық жобаларды іске асыру алаңын ұсынатын Ұлттық саябақ салынады.

Инновациялық жоба ретінде Бозоқ елдің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылымға айналады. Бұл дегеніміз, 1990-шы жылдардың соңында Кималь Ақышевтің басшылығымен басталған археологтар ұжымының зерттеулері ұрпақтардың рухани байланысын қалыптастыру және ата-бабаларымыздың мәдени дәстүрлерін, рухани және адамгершілік құндылықтарын жаңа «Бозоқ» музей-қорығы форматында бейнелеу үшін тарихи-мәдени мұраны кеңінен тарату нысанында толық бағаланып, жалғастырылуы тиіс. Осылайша, ғалымның идеялары "Бозоқ" бірегей тарихи-мәдени жобасына енді, оның кезең-кезеңімен салынуы Қазақстан астанасында таяудағы жылдары (2021-2025 жж.) іске асырылатын болады.

Қ.Ақышевтің өмірі археология және тарихпен байланысты. Оның ғылыми мұрасының кеңдігі соншалық, ғалымның көптеген жылдар бойы жазылған ойлары, жариялаған материалдары отандық және әлемдік ғылымның басты назарында болады.

 

Айнагүл ГАНИЕВА, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми хатшысы, тарих ғылымының кандидаты

2691 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper