Көрме Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Көрме мақсаты – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі нығайту, сондай-ақ Ұлы дала халқының тарихы мен мәдениетімен таныстыру.
Екі бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлігінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін сипаттайтын экспонаттар және музыкалық аспаптар ұсынылған. Ал көрменің келесі бөлімінен Алматы шаһарының әсем табиғаты мен заманауи келбетін көрсететін фотосуреттерді тамашалауға болады.
Экспозцияға 200-ден астам зат қойылған. Басты экспонаттардың бірі – Абайдың домбырасы мен XIII ғасырда Алматы аумағында соғылған күміс теңгелер (дирхемдер).
Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы мырза мәдени шараның маңызына тоқталды.
«Еуропаның кіндігінде сегіз ғасыр бойы өз мәдениеті мен ата-бабаларының рухани құндылықтарын сақтап, бүгінгі күнге дейін гүлденіп келген қыпшақтарға Ұлы даладағы қазақтардың мәдени құндылақтарын таныстыру – бүгінгі ұрпаққа міндет. Мажарстанда тұратын қыпшақ ағайындармен тығыз қарым-қатынас орнатуға үлкен көңіл бөлетінімізді атап өткім келеді. Сіздердің екі мемлекет арасындағы «алтын көпір» екеніңізге сенімім мол. Мажарлар халқында «Жақсы дос алтыннан да қымбат» деген жақсы сөз бар. Біз барынша арамыздағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетіп, жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз», - деді А.Сапарбекұлы.
Карцаг қаласының мэрі Тибор Сепеши көрмеге қойылған экспонаттардан ортақ дүниелердің көп екенін атап өтті.
«Көрменің Карцаг қаласында өтуі – мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі көрмеден қазақ халқының тұрмысы, салт-дәстүрі, қолданбалы өнері жайлы баяндайтын этнографиялық жәдігерлерді көре аламыз. Көрме арқылы көп дүниенің ортақ екенін байқауға болады», - деді Т.Сепеши.
Алматы қаласы музейлері бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықованың айтуынша, мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, екі елдің арасындағы достыққа септігін тигізбек.
«Бұл көрменің Мажар қыпшақтарының астанасы Карцаг қаласында ұйымдастырылуы - зор мәртебе. Карцаг қаласы - екі ел арасындағы мәдени көпірге айналған тарихи маңызы бар қала. Мұндай бірлескен жобалар алдағы уақытта жалғасын табады ден сенемін. Көрмені ұйымдастыруға мүмкіндік жасаған Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігіне және мажарлық әріптестеріме ризашылығымды білдіремін», - деді Л.Сағындықова.
Көрменің ашылуына келген көпшілік белгілі күйші, домбырашы Еркін Құдайбергеннің орындауындағы танымал күйлер мен белгілі қазақ композиторларының шығармаларына қошемет көрсетіп, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Айта өтейік, көрме Карцаг Кинче өнер орталығында 2024 жылғы 20 қарашаға дейін жалғасын табады.