Музейдің мәдени көпшілік жұмыстары музей коммуникациясының бір саласы ретінде жан жақты білімді, қоғамда белсенді, эстетикалық талғамы зор, қоғамға пайдалы адам тәрбиелеуге бағытталады. Музейдің негізгі жұмысы тарих арқылы тарихи мәдени ескерткіштерді насихаттау, сол арқылы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу болып табылады. Көпшілікті музей мәдениетіне тарту, тарихыңды сүю, еліңе деген мақтаныш пен отаншылдық сезімін ояту, тарихи кезеңдермен танысу, материалдық және рухани құндылықтармен танысу қызметі атқаратыны анық.
Көрме жұмысының негізгі бағыты музей қор коллекциясындағы материалдық және рухани мәдениет заттарын экспозициялауға бағытталған. Музей қорында сақтаулы экспонаттардың барлығын музей залдарындағы экспозицияға қоюға орын болмайтындығы белгілі. Осыған орай, музей саласында уақытша экспозиция, яғни көрме құру тәжірибесі қалыптасқан.
Еліміздің тарихы терең музейлерінің бірі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі де өз қорында сақтаулы құнды экспонаттарды оқтын-оқтын көрмеге қойып, жұртқа таныстырып отырады. Бекітілген көрмелерді ұйымдастырудың жылдық жоспары негізінде түрлі деңгейдегі бірнеше тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады.
«Экспозиция»термині латынша «expositio» (көрсету), кең мағынада кез- келген заттар жиынтығын арнайы көрсету ұғымын береді. Бүгінгі күні музейтану ғылымында қолданылып жүрген экпозицияның қарапайым анықтамасы: музей жинағының көрсетуге арналған бөлігі. Бүгінгі музей экспозициясыдеп музей заттары мен басқа да экспозициялық материалдарының тұжырымды (ғылыми және көркемдік) ойлау тұрғысында біріктірілуінің біртұтас заттық-кеңістіктік жүйесі деп түсінуге болады [1, 54 б.].
Музейде өткізілетін көрмелер сипатына қарай келесідегідей түрлерге бөлінеді:
– тақырыбына, сондай-ақ экспозициялық материалдардың мазмұны мен сипатына қарай – мерейтойлық, мемориалдық, жеке, халықаралық, тұсаукесер көрмелер, фотокөрмелер, тарихи, көркемөнерлік, жеке бір затқа арналған көрмелер, көрме-жәрмеңкелер, балалар шығармашылығының көрмелері;
– орналасуына қарай – музейден тыс, жылжымалы және көшпелі көрмелер.
Музейде экспозициялық-көрме жұмысының екі үлкен саласы – уақытша көрмелер және тұрақты экспозиция құру жұмыстары алдын ала белгіленген жоспар бойынша жүргізіледі [2, с. 430].
Музей көрмелері жүйелі, сондай-ақ тақырыптық экспозициялық әдіс бойынша құрылады. Топтау тәртібі мен экспозициялық материалдарды ұйымдастыру экспозиция құрудың әдісін анықтайды. Мемориалдық көрмелерді құру кезінде тарихи тұлғаның жеке заттары жетіспеген жағдайда музей мамандары музей қорынан көрме тақырыбына қатысы бар заттарды қамти отырып, экспозициялық кешеннің деректілігі мен тартымдылығын арттыру жолын іздестіреді. Осы арқылы олар сол уақыттың рухын жеткізеді, экспозициялық кешеннің тарихи деректілігін көрсетеді. Осылайша, музей экспозициясын құру кезінде келесідегідей принциптерді пайдаланады: ғылымилығы, заттылығы, тарихи-хронологиялық және кешенді-тақырыптық принцип.
Көрме экспозициясын жобалау музейлік жобалаудың негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады. Экспозицияны жобалау үрдісінде ғылыми, көркемдік, техникалық және жұмыстық жобалау түрлері қолданылады. Қазақстан музейлерінде қалыптасқан тәжірибеге орай, музейдің жұмыс жоспарына енгізілген тақырып негізінде ең алдымен көрменің тұжырымдамасы мен тақырыптық-экспозициялық жоспары жазылады. Ғылыми тұжырымдама көрменің сәулеттік-көркемдік жобалау жұмысының негізгі құжаты және көрме құру барысының бағыттаушысы болып табылады.
Көрменің ғылыми тұжырымдамасын жасауға авторлық ұжым қатысып, құрылатын экспозицияның заттай және деректік материалдарын сұрыптау, экспозиция құрудың негізгі әдіс-тәсілдерін, принциптерін анықтау барысында жұмыс атқарады. Ғылыми тұжырымдама негізінде, экспозицияның басты шешімі жасалып, ол музейдің Ғылыми Кеңесінде бекітіледі.
Тұжырымданы жазу барысында көрме тақырыбына қатысты негізгі экспонаттардың кем дегенде жартысы болуы қажет. Көрме құру барысында қалған бөлігін толықтыруға мүмкіндік болады [3, c. 82]. Кейбір тұлғалардың тұтынған бұйымдары, заттары, қолжазбалары бірнеше музейде сақталуына байланысты еліміздің музейтану саласында бірлескен көрмелер ұйымдастыру жүйесі қалыптасқан.
Болашақ көрме экспозициясының тақырыптық құрылымы, бағыты, жәдігерлері мен қосалқы заттары іріктеліп алынғаннан кейін, көркемдік жағын рәсімдеу мәселесі қарастырылады.
Сәулеттік-көркемдік тұжырымдама ғылыми тұжырымдама негізінде жасалып, онда көркемдік идея, көркемдік бейне туындап, экспозицияны құру кеңістігі, негізгі жарық шешімі, жәдігерлер, сұлба-макеттерді орналастыру қағидаттары қарастырылады. Келесі кезеңде музейдің ғылыми қызметкерлері экспозицияның «кеңейтілген тақырыптық құрылымын», суретшілер «экспозициялық жобасын» жасайды. Осы аталған құжаттардың негізінде тақырыптық-экспозициялық жоспар (ТЭЖ) әзірленіп, ол мынадай құрылымнан тұрады: бөлімнің атауы, тақырыптың атауы, негізгі мәтін, тақырыптық кешен, кешенге аннотация (түсініктеме мәтін), экспонатура (заттың тізбе нөмірлерінің, өлшемдерінің, белгілерінің түптұсқалығы), этикетаж, ескерту.
Тақырыптық-экспозициялық жоспар дегеніміз– құжат, экспозицияны ғылыми жобалаудың құрамдас бөлігі; экспозициялық материалдардың нақты құрамын және экспозицияның кеңейтілген тақырыптық құрылымына сай топтау. Тақырыптық-кешендер атауы; жүргізуші мәтіндер, аннотациялар; негізгі атрибуция мәліметтерін көрсететін экспозициялық кешендегі экспонаттар тізімі; экспозициялық материалдар (түпнұсқа, шығарма және т.б.) сипаты туралы мәлімет; көлемін, материалдардың сақталу орнын көрсету. ТЭЖ-ға қосымша: этикетаж, ғылыми-қосалқы материалдар, ғылыми реконструкция жасау үшін құжаттама енеді.
Музейдің экспозициясын құруда құрылатын кеңістіктің аумағы басты роль атқарады. Кеңістіктің аумағына қарай тарихи-хронологиялық, кешенді-тақырыптық, тақырыптық-репрезентативтік, өзара себеп-салдарлық байланыс принциптері басшылыққа алынады.
Тақырыптық көрмелерді құруда музей қызметкерлері белгілі бір принципке сүйенеді. Музейтану саласында қалыптасқан тұрақты экспозиция және көрме құрудың бірнеше басты принциптері бар. Ең басты принцип ретінде – ғылыми принцип алынады. Ол әрбір музей экспонатының экспозицияға қойылғанға дейінгі ғылыми өңдеуден өтуі назарға алынады [4, c. 333]. Көрме экспозициясын құруда тағы бір қойылатын талап – обьективтілік (шынайылық). Көрме экспозициясын құру барысында музей мамандары экспонаттардың берілу тәсіліне өзінің идеясын қоса алады, бірақ тарихи шындықты бұрмалауға қақысы жоқ.
Келесі заттық принциптің басты қағидасы түпнұсқа заттарға сүйену, мүмкіндігінше түпнұсқалық заттар беретін ақпаратқа нұқсан келтірмеу, әсірелемеу, ғылыми обьективтілік принципін сақтау болып табылады. Соңғы кездерде көп қолданыла бастаған инсталляция, муляж, коллаж, композиция сияқты экспозициялаудың түрлері экспонат жетіспеушіліген туындаған әрекеттер болып табылады [5, с. 19]. Әсіресе, кезінде өткен ғасырдың қиын-қыстау уақытында қудалау көрген тұлғалардың тұтынған бұйымдарының сақталмауы бүгінде мемориалдық көрмелерді құруда қиындық тудыруда.
Экспозициялаудың үшінші принципі – коммуникативтілігі. Бұл принцип бойынша кез-келген музейге қонағы көрме экспозициясын түсіне алатындай етіп құруға негізделеді. Экспозициялаудың тарихи-хронологиялық принципі материалдардың тарих ғылымында қалыптасқан хронологиялық жікке бөлуді айтады, кез келген музей өзінің мазмұны мен мәні жағынан тарихи деуге боларлық. Қандай бағыттағы музей болса да, хронологиялық принципке негіздеуге болады. Музейлік экспонаттардың сыныпталуына қарай да экспозициялау жұмыстары жүзеге асырылады [6, с. 108-110]. Музейлерде көп қолданылатын принциптің бірі – тақырыптық-кешендік принцип болса, проблемалық принципке экспозицияны құру барысында белгілі бір мәселеге орай экспозицияға заттарды іріктеу жатады. Бұл орайда музейлерде академиялық ряд, тарихи экспозиция, бір зал-бір шығарма, фокустегі экспонат сияқты іріктеп топтаудың әдістері қолдынады [7, с. 203].
Көрмеге қойылатын экспозициялық материалдарға музей экспонаттары, фото-фоно құжаттар, киноматериалдар, мәтіндер мен комментарилердің түрлері жатады. Сонымен қатар, экспонаттардың ақпараттық әлеуетін арттыра түсу үшін ғылыми-көмекші материалдар (карта, схема, диаграмма, кесте т.б.) да қолданылады. Түпнұсқа экспонаттар мен қосалқы материалдар экспозицияда бір-бірімен байланысқа түсіп, ақпараттық деректерді жеткізуде бір-бірін толықтыра түседі.
Музей экспозицияларында көшірмелерді де кеңінен пайдаланады. Қайта жасалған (түпнұсқадан дәл көшірілген) музей заттарына не обьектілеріне көшірмелер, реконструкциялар, слепкалар, макеттер, моделдер, муляждар, голограммалар, репродукциялар жатады. Дәл көшірілген заттар егер оларды әкелуге мүмкіндік болмаса, музей заттары статусына жатқызуға болады. Оған тастағы жазулар, технологиялық процесстердің көрсетілуі, үлкен архитектуралық кешендер жатады [6, с. 10].
Экспонаттарға берілген түсіндірме мәтіндер, этикеткалар қазақ, орыс және ағылшын (қажеттілікке қарай) тілдерінде дайындалады. Этикетка текстін жазу барысындағы басты ұстанатын шарт белгілі талап бойынша жазылуына мән беру керек. Талапқай сай этикетка «Кім/Не? Кімдікі? Қайдан? Қашан?» – деген сұрақтарға жауап беруі керек. Яғни, қандай экспонаттың түрі, авторы, атауы, жылы көрсетілуі тиіс. Мысалы: «Қолжазба. Абай Құнанбаев (1845-1904). «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы». 1899»; «Ә. Қастеев. «Абайдың жастық шағы». 1968. Фотокөшірме».
Музейге қонақтарына көрмеде экспозициясында бағыт алуға, оның тақырыптық құрылымын анықтауға көмектесетін мәтінді бас мәтін деп атайлы. Бас мәтін (кіріспе)– көрмеге негіз болған тұлға немесе оқиға туралы қысқаша сипаттама, көрменің тақырыбы, бөлімдері, ұйымдастырушылар туралы т.б. көрме туралы жалпы мәлімет берілетін экспозициядағы мәтін. [1, 98-99 б.].
Экспозициялар орналастырылған орында көркемдік-безендіру жұмыстары аяқталғаннан кейін Экспозициялық-көрме кеңесі көрмені қабылдау жөніндегі мәжілісі өткізіледі. Яғни, осылай кеңес қандай да бір көрменің жоспарланған күнінен бастап, құрылуына да ат салысады және оның ашылуына дейін бақылауды жүзеге асырады. Кеңестің сыни талдауынан өткен көрменің кемшіліктері қайта реттеліп, көрменің ашылуына рұқсат беріледі.
Көрме төрінен орын алған экспонаттардың музейге келуші жалпы қонақтардың бәріне түсінікті болуы басты назарға алынуы шарт. Өйткені, көрме тек қана зиялы қауым өкілдеріне (жазушылар, ғалымдар, тарихшылар, мәдениет қызметкерлері т.б.) ғана арнап құрылмайды. Музейге келуші қонақтардың негізін қала қонақтары, студенттер, мектеп оқушылары мен мектеп жасына дейінгі жастағы балалар құрайды. Еліміздің музейлерінде ұйымдастырылатын көрмелер белгілі бір ортаға ғана емес, жалпы музей келушілеріне арналады.
Осы орайда музейдің қоғамдағы алар орнын онда құрылған экспозиция мен көрмелердің құндылығы анықтайды. Тұрақты экспозиция мен көрмелерді ұйымдастыру арқылы музей әр түрлі жастағы халықтың санасын оятуға қызмет етеді.
Нұрлыбек ДОСЫМБЕТОВ,
Мультимедиялық дәстүрлі
музыка орталығының
ғылыми қызметкері
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Ибраева А. Музейтану: тарих мамандықтарына арналған оқулық. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2013. – 251 б.
- Юренева Т.Ю. Музееведения. Учебник для высшей школы. – 2-е изд. – М.: Академический Проект, 2004. – 560 с.
- Яковлев А.Г., Шестаев А.Ф. К вопросу организации временных выставок естественно-исторической направленности // Музееведения. Сборник статей. Выпуск 1. – Уфа, 1995. – С. 82-84.
- Кауман М.Е. Музейные экспозиции и выставки // Музейное дело России. – М.: ВК, 2010. – С. 307-364.
- Кауман М.Е. Экспозиция и экспозиционер. Конспект лекций, Изд.2-е, испр. И доп. – М.: АПРИКТ, 2001. – 63 с.
- Михайловская А.И. Организация и техника музейной экспозиции. – М.: Государственное издательство культурно-просветительной литературы, 1951. – 213 с.
- Музееведение. Музеи исторического профиля. – М., Высшая школа, 1988. – 430 с.