Бердібек Сапарбаев бастаған делегация әуелі ауыл іргесіндегі Жәңгір ханның, дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлының, көрнекті өлкетанушы ғалым Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелеріне тәу етіп, әйгілі тұлғалардың рухына Құран бағыштады. Бөкей ордасы мемориалдық музей-кешенінде болып, тарихи жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің белді тарихшылары бас қосқан «Тарих қойнауынан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрмемен танысты.
Бердібек Мәшбекұлы ғылыми-тәжірибелік конференцияда Қазақ хандығының 55O жылдық мерейтойы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен және тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғандығын қадап айтты.
- Ешбір халық тарихсыз болмайды. Жүздеген ұлттар мен ұлыстар сияқты Қазақ елінің де өзіне тән төл тарихы бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Ұлытау төрінде берген сұхбатында терең тарихымыз ғұндардан басталып, Алтын Ордада орныққандығын, одан әрі Қазақ хандығымен ұласқандығын, тәуелсіздік негізі сол кезде қаланғандығын айрықша айтқан болатын. Ру-тайпалар кезінде қазақтың өзінің тегін сақтап қалуы үшін хандарымыздың, батырларымыздың жасаған ерлігін, ерен еңбегін бәріміз тарихтан жақсы білеміз. Олардың қатарындағы Жәнібек, Керей, Есім, Қасым, Тәуке, Абылай, Әбілқайыр, Бөкей, Жәңгір секілді көрнекті ел билеушілердің мұраты – елді, жерді болашақ ұрпаққа, яғни бүгінгі бізге көздің қарашығындай аман жеткізу болды. Соның арқасында қазақ халқы тарих қойнауына жұтылып кеткен жоқ, сақталып қалды. Ел тарихында Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасының орны бөлек. 19-ғасырда қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей құрған, одан Жәңгір жалғастырған хандық мемлекеттіліктің, экономиканың, өнер, білім, мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосты. Қазақстандағы тұңғыш мектеп, қазынашылық мекемесі, дәріхана және тағы да басқа көптеген халыққа қажетті нысандар осы жерде салынып, жұмыс істеді. Бөкейліктің киелі жер екендігін біз де жақсы білеміз. Бабаларымыз Исатай мен Махамбет, Сырым батырлар, күй атасы Құрманғазы, күй анасы Дина, қазақ мемлекетін құруда көрнекті рөл ойнаған қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы коммунист Алма Оразбаева, қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев секілді танымал тұлғалар осы өңірде туып өсті, артына ұмытылмас із қалдырды. Олай болуы заңды. Әрине, қазақтың қай жері де аңызға, әпсанаға бай. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 55O жылдығын өткізу үшін арнайы комиссия құрды. Жыл басынан бері комиссия мүшелері барлық елді мекендерде түрлі шаралар ұйымдастырып жатыр. Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақ мемлекеті тарихының тереңде жатқандығын тек қана өз ішімізде ғана емес, дүние жүзіне кеңінен насихаттау. Тағы бір маңызды мәселе – Қазақстан тек қазақтың ғана емес, осы жерде тұратын жүздеген ұлттар мен ұлыстардың да Отаны. Олай болса, біздің байлығымыз – елдің бірлігі, халықтың тұтастығы, достық пен ынтымақ. Сол себепті мерейлі датаға қатысты шаралар Астана мен Алматының аясымен шектелмей, әр елді мекенде өтсін, оған сол ауылдарда тұратын түрлі ұлттардың өкілдері қатыссын деген ұйғарымға келдік. Күні кеше Түркістан, Ұлытау, Сығанақ, Қызылжар өңірлерінде ғылыми конференциялар болды. Енді, міне, Бөкей ордасына табан тіреп, үлкен халықаралық басқосудың куәгері болып отырмыз. Осында ұйымдастырылған мерейтойға елге танымал, халыққа құрметті Асанәлі Әшімов бастаған бір топ ағаларымыз бен апаларымыз келді. Біз Қазақ хандығының қабырғалы тойын өзге шетелдерде де өткізуге ниеттіміз. Қазіргі таңда дүние жүзінің отыз мемлекетінде елшіліктердің көмегімен Қазақ хандығына байланысты іс-шаралар өтті. Жалпы, мерейтойдың негізгі бөлігі 11 қыркүйек күні Астанада басталады. Сол күні түркі тілдес елдердің саммиті болады, оған сол мемлекеттердің басшылары қатысады. Одан кейінгі шара 9-1O қазанда Тараз қаласында оздырылады. Ол – Жәнібек пен Керей алғаш ту тігіп, Қазақ хандығының уығын қадаған жер. Мен осы мінберді пайдаланып, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы бастаған барлық батысқазақстандық азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін. Біз бұл тойды жоғары дәрежеде өткізуіміз керек. Сонда Елбасымыз айтқан «Мәңгілік ел» идеясына қарай нақты қадам басамыз, – деді Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев.
Екі күндік мерейтойлық шаралар республикалық ақындар айтысымен басталып, дала қызықтарымен қорытындыланды. Мұнда қыр басына алтыбақан қойылып, балуандар белдесіп, ат бәйгесі өтті.
Нұрлыбек РАХМАНОВ,
Суретке түсірген Мират ҚОРЖЫНБАЕВ
Арнайы kazmuseum.kz сайты үшін
Батыс Қазақстан облысынан