Ұйым директоры Гүлмира Башированың айтуынша, осыдан біршама уақыт бұрын Мичурин балалар үйінің қалыптасы тарихы, осында 70 жыл ішінде тәрбиеленген мыңдаған азаматтардың тізімін жасау мақсатында жүйелі іс тындырылуды. Жуырда балалар үйінде шағын мұражай да есігін айқара ашып, тарихи оқиғалардан сыр шертеді.
- Ұжымымыз балалар үйінің мерейтойы қарсаңында тарихи мағлұматтарды іздестіруді қолға алды. Осыған дейін облыстағы мұрағаттарды «қопарып», маңызды ақпараттарды таптық. Мичурин ауылының тұрғындары да көмегін аямады. Ал балалар үйінде білім мен тәрбие алған түлектеріміз сонау кеңес дәуірінде қолданыста болған жәдігерлерін тапсырды. Бұл экпонаттар мен құжаттар кішігірім музейіміздің қорын толықтыра түсті, - дейді Гүлмира Баширова.
Тарихқа көз жүгіртсек, балалар үйі 1945 жылы бой көтерген. Мұрағаттық деректерге сүйенсек, 1941 жылы Павлодар, қазіргі Качир және Успен аудандарына Ворошиловград балалар интернатынан 300-ге жуық жеткіншек көшірілген. Араға жыл салып Павлодар облысына немістер жаулап алған өңірлерден тағы 1529 бала қоныс аударылған. Бұл жағдай 70 жыл бұрын Чернорецк балалар үйін ашуға түрткі болды. Сол сәтте Ертіс өзенінің бойындағы Чернорецк ауылында орын тепкен ұйымның қамқорлығына 184 ұл-қыз берілген. Ғимарат бір қабатты үй үйде орналасқан. Бүгінгі күнге дейін мекеме бірнеше рет атауын өзгертіп, бірнеше елді мекенге көшірілген болатын.
- Балалар үйінің бай тарихы бар. Дегенмен, кейбір маңызды құжаттарды сақтауға мүмкіндік болмады. Себебі 1996 жылы балалар үйінің ғимараты өртке оранып, Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі тарихи құжаттардың басым бөлігі жанып кетті. Сол себепті мәліметтерді іздестіру жұмыстарын қолға алған едік, - дейді Г. Баширова.
Қазіргі таңда балалар үйінде 56 ұл-қыз тәрбиеленуде. Ал осыдан үш жыл бұрын ата-ана қамқорлығынан айырылған жеткіншектердің саны 98-ге жетіпті. Соңғы уақытта балалары үйінің басшылығы балғындарды отбасы қамқорлығына беру бойынша жүйелі жұмыс атқаруда. Нәтижесінде соңғы үш жылдың дересінде 33 бала туған-туысқандарымен қауышты.