Анонс


Танымал археолог Зейнолла Самашев Атырау облысының құрметті азаматы атанды

Сенбі, 05 Қазан 2024 17:36
Танымал археолог Зейнолла Самашев Атырау облысының құрметті азаматы атанды KAZMUSEUM.KZ -  

Елімізге танымал археолог Зейнолла Самашевқа Атырау облысының құрметті азаматы атағы берілді, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

Оның жетекшілігімен 1999 жылы Жылыой ауданындағы Аралтөбе қорғанынан еліміздегі екінші «Алтын адам» табылған. Қазір археолог ортағырлық Сарайшық қалашығының тарихын, археологиясын зерттеуге үлес қосып жүр.

Атырау облыстық мәслихаты биыл 24 мамырдағы сессиясында археологке осындай еңбегі үшін Атырау облысының құрметті азаматы атағын беруге шешім қабылдады. Құрметті атақты археологке Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тапсырды.

Зейнолла Самашев археология саласындағы жұмысын Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында бастаған. Осы институттың алғашқы археология, одан соң Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ежелгі өнер бөліміне жетекшілік еткен. Қазір Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді.

Археологтың негізгі зерттеу нысаны – Қазақстан мен Орта Азияның ежелгі және орта ғасырлардағы археологиясы, тарихы, мәдениеті мен өнері. Оның авторлығымен 100-ден астам ғылыми жұмысы Қазақстан, Ресей, ҚХР, Франция, АҚШ-та жарық көрген.

Оның жетекшілігімен 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы Берел қорғаны ашылған. Археологтың айтуынша, қорғаннан әйелдің бас киімінің, тоны мен белбеуінің қалдығы табылған. Оған қоса екі аттың қалдығы шыққан.

«Біз зерттеген қорған тоналған. Ал, ақсүйек әйел біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырдың басы мен ІV ғасырдың аяғында өмір сүрген болуы мүмкін», -дейді Зейнолла Самашев.

202 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper