Жолаушылар метробекеттеріндегі көрмеден Алматы музейі мен қалалық архив қорында сақталған мәдениет, спорт, білім беру салалары бойынша және қала тарихы мен құрылысына, ғажайып табиғатына қатысты фотосуреттерді тамашалай алады. Сонымен қатар, келушілер назарына әсем қаланың көріністері бейнеленген суретшілердің туындылары ұсынылды.
«М. Әуезов театры» бекетінде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорындағы 10 аспапты көруге болады.
«Ұлы Жібек жолындағы ұлы тұлғалар» тақырыбында ұйымдастырылған көрмеден Абай, Дина, Махамбет, Құрманғазы, Ақан сері, Біржан сал және Жамбыл мен Нұрғиса сынды атақты тұлғаларға қатысты жәдігерлерді көруге мүмкіндік бар.
Көрме 10-15 қыркүйек аралығында өтетін болады.
Көрме өтетін метробекеттері мен көрме тақырыптары төмендегідей:
1. «М.Әуезов атындағы театры» бекеті: «Ұлы Жібек жолында ұлы тұлғалар» көрмесі. Көрмеге қазақ халқының тарихи тұлғаларының музыкалық аспаптары қойылады;
2. «Жібек жолы» бекеті: «Алматы білім ордасы» көрмесі. Көрмеге Алматы қаласында ең алғаш ашылған оқу орындары мен білім беру саласына қатысты фотосуреттері қойылады;
3. «Алмалы» бекеті: «Тұмса тарих тереңінен» көрмесі. Алматы музейі қорындағы археологиялық және этнографиялық жәдігерлердің фотосуреттерін тамашалауға болады;
4. «Сарыарқа» бекеті: «Куә бол, Алатау!» көрмесі. Н.Тілендиев мемориалды музей қорынан алынған фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылған;
5. «Байқоңыр» бекеті: «Спорт – денсаулық кепілі» және «Мың бояулы қала» көрмелері. Көрмеге қаладағы спорт нысандары мен спорт тақырыбына қатысты және қаланың әсем табиғаты бейнеленген фотосуреттер жолаушыларды қызықтырары сөзсіз;
6. «Сайран» бекеті: «ХХ ғасырдағы Алматы» және «Бірегей ғимараттар дәуірі» көрмелері. Қаланың ХХ ғасырдағы, әсіресе 1970-1980 жылдары салынған бірегей нысандары мен қаланың сәулеттік шежіре фотосуреттері қойылады.
7. «Мәскеу» бекеті: «Алматы – мәдениет ошағы» және «Алматы – әсем қала» көрмелері. Көрмеге қаладағы мәдени мекемелер және мәдениет саласына еңбек сіңірген белгілі тұлғалардың, қаламгерлердің Алматының айшықты жерлерінде түскен мұрағаттық фотосуреттері т.б. қойылады.
Қала тұрғындары мен қонақтарын көрмелерді тамашалауға шақырамыз!