Осы уақыт аралығында өзіндік орнын алып үлгерген музейдің қоры 6 мыңнан асып жығылса, оның 1 мыңға жуық түпнұсқа заты тұрақты экспозициядан орын алған. Музей жылына 2 мыңнан астам келушілерге қызмет көрсетіп келеді.
Бүгінде екі ғимаратты меншігіне алған аудан музейі 2024 жылы жаңа ғимаратта жаңа экспозициясымен көрерменге есігін айқара ашып, музейдің жаңа дәурені басталды.
Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музей бөлімінің бас ғимараты Сырым ауданы Жымпиты ауылында Алаш Орда көшесі 21 үйде орналасқан. Шаршы көлемі 789шаршы метрді құрайтын қос қабатты жаңадан пайдалануға берілген ғимарат ауданға кірер жолдың бойында орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатында музейдің қор бөліміне арналған 4 бөлме, сонымен қатар музей меңгерушісі, музейдің қор сақтаушысы, экскурсия жетекшілерінің кабинеттері мен мәжіліс және кинозал секілді маңызды жұмыс бөлмелерімен қамтылған. Ғимараттың екінші қабатында музейдің жаңа экспозициясы жабдықталған Сырым батыр тарихы залы, Қадыр Мырза Әлі және аудан мәдениеті залы, Соғыс және еңбек ардагерлері мен медицина, спорт залы, Табиғат, археология залы, Этнография залдары көрермен көзайымына айналуда.
І. Сырым батыр тарихы залы – архив материалдары, Сырымды зерттеген тарихшылар мен оның әдебиеттегі ролін жазған жазушылар, Сырымтану бұрышы, ұрпақтары мен шежіресін қамтиды. Сонымен қатар батырдың бес қару топтамасы, Сырымның балауыз мүсіні, мөрінің түпнұсқа негізіндегі көшірмесі. Сырым жолын нұсқайтын диорамма және конференция мен экспедиция материалдары қойылған.
ІІ. Қадыр Мырза Әлі және аудан мәдениеті залы – Қадыр Мырза Әлінің бұрышымен басталады. Оның жазу үстелі қойылып, машинкасы, мантиясы мен шапаны, тұтынған заттары, фото суреттері оның өмірі мен шығармашылығын қамтиды. Сонымен қатар аудандық ақпарат саласының ардагерлері, аудандық Сырым елі газеті тарихы, ақын жазушылар, Қазақ ССР нің білім беру саласының үздіктері мен алғашқы халық мұғалімдері, ауданнан шыққан ғалымдар, мәдениет саласының үздіктері, театр тарихында заттай жәдігерлермен фотосуреттер арқылы тұрақты экспозицияда көрініс табады.
ІІІ. Соғыс және еңбек ардагерлері мен медицина, спорт залы – Абдолла Жұмағалиевтің ерлікпен қаза тапқан сәті көрсетілген диораммамен басталады. Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлерінің заттай жәдігерлері, тұтынған құжаттары мен медальдары, киген киімдері мен әр жылдардағы жалпы фотосуреттер қойылады. Сонымен қатар ауылшаруашылық саласының үздіктері, тың игеру тарихы, аудан медицинасының 130 жылдық тарихы мен республикаға танымал ғалымдары және спорт саласының ардагерлері туралы тарихты насихаттайды.
ІV.Табиғат, археология залы – археологиялық қазба жұмыстардан табылған заттай жәдігерлер, ауданда жүргізілген экспедициялардың түрлі фотосуреттері мен олжалары қойылды. Ауданның киелі жерлері үлкен картада бейнеленіп, жарықшамдармен жарға ілінген. Қазақстанның киелі жерлеріне енген тізімдегі көрікті жерлер бөлек қашықтық форматта ілінсе, ауданның қызыл кітапқа енген өсімдіктері, флорасы мен фаунасын қамтитын жиырмадан астам аң құстардың тұлыптары қойылған.
V. Этнография залы – 7 қазына топтамасының фрагменнтерімен басталады. Жарда жайлаудың суреті салынған, алдына топтамаға енетін жылқы, бүркітің тұлыбы, қыз бен жігіт бейнесі сонымен қатар, ұлттық киімдер мен ХХ ғасырға дейінгі көне күмістер коллекциясы ыдыс аяқтар топтасы қойылды. Төрден қазақтың 6 қанатты киіз үйі тігілген. Іші толықтай ұлттық жабдықтармен жабдықталған. Сүйек керует, адалбақан, сандықтар, дөңгелек жер үстел, көрпе, көпшіктер, ыдыс аяқтар, жастықағаш, асадал секілді жиһаздық тұрмыстық бұйымдар ұлттық этногафиядан сыр шертеді.
Біздің мамандарымыз музейге бару, музейді тану, музейді бағалау мәдениетін қалыптастыру бағытында өлкеміздің тарихы туралы жұмыстанып, құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе бермек.
Айнагүл ОЙШЫБАЙ, Сырым Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі