Анонс


Жәңгір ханның қару-жарақ палатасы

Жұма, 18 Қазан 2024 23:52
Жәңгір ханның қару-жарақ палатасы KAZMUSEUM.KZ -  

Ішкі қазақ ордасының соңғы билеу­шісі Жәңгір Бөкейұлы да жауынгер ата-бабасынан қалған қару-жарақты киелі санап, мұра ретінде ұстап, сан түрін жинақтаған екен. «Оның қару-жарақ коллекциясы ұзақ жыл жиналған еңбектің жемісі» деп жазыпты жаратылыстану ғылымдарының докторы, профессор Модест Киттары. Расында да, хан бұл қаруларды ұзақ уақыт жинапты. Қару-жарақпен бірге сән-салтанаты келіскен ат-әбзелдері де хан ордасының төрінен орын алған. Жасынан еуропаша білім алған, Ресейдің астаналарында талай болып, ондағы тарихи орындарды көзімен көрген Жәңгір өзі жинаған қарулар топтамасынан Хан ордасында «Қару-жарақ палатасын» ұйымдастырғаны да тарихи шындық. Бұл, шын мәнінде, тұңғыш музей болатын.

Жәңгірдің «Қару-жарақ палатасы» 1828 жылы Жасқұс құмда салдырған Хан сарайының бір бөлмесінде болған. Өкінішке қарай, бұл музейде болған қарулардың толық тізімі, сипаттамасы әзірге біздің қолымызда жоқ. Дегенмен қазақ қолөнершілері мен шығыс қару-жарақ шеберлерінің қолынан шық­қан бірегей бұйымдар туралы Ордада болған саяхатшы-зерттеушілер тамсанып жазған.

Дерпт университетінің профессоры Карл Гебель 1834 жылы Еділ бойын ара­лаған сапарында Ішкі ордаға келіп, Жәң­гір ханның сарайында бірнеше күн қо­нақ­ болады. Кейін Берлинде жарық көр­ген үлкен еңбегінде ханның қару-жарақ пала­тасы туралы былай деп жазады:

«Шығыс ғұрпымен барлық жерде парсы кілемі төселген. Ортада – қымбат жастықтар, ал қабырғаларда асыл тас­тармен безендірілген қару-жарақ, ер-тоқым, жүген, ат-әбзелдері ілінген. ...Ол (Жәңгір – авт.) бізге алтын-күміспен әшекейленген, асыл тастары бар қару-жарақты көрсетіп, әсіресе шеркес, түрік қылыштары мен қанжарларын ерекше мақтады. Өз ата-бабасы пайдаланған көне айбалта (бердыш), садақ, жебелерді де дәріптеді.

...26 сәуір күні таңертең 10-ға­ жар­ты сағат қалғанда біз ханның қонақ­жай­ шаңырағынан аттанып кеттік. Қош­та­сарда оған алғысымды айттым. Хан бал­ды­зына ым қаққаны сол еді, бөлмеден шыға жөнелді де, бірер минуттан кейін піл сүйегімен сапталған, қыны күміспен, алтынмен зерленген аса қымбат шеркес қанжарын алып келді. Хан маған қазақ салты бойынша ешбір қонақтың сый-сияпатсыз аттануына болмайтынын, өзі тұтынған бұл қанжарды қабыл алуым қажет екенін айтты. Қанжарға оның есімі жазылған екен. Менің жанымдағы екі серігімнің иығына тамаша бұхар шапандары жабылды...».

Жәңгір қайтыс болғаннан кейін де сақталып тұрған ханның қару-жарағы Ордаға келген зерттеушілер­дің назарын аударатын. Этнограф Александр Терещенко: «Жәңгір хан өте сирек кездесетін бұйымдарды жинауды ұна­татын. Әсіресе қару-жарақты көп жинаушы еді. Ол қару-жарақ арнайы бір бөлмеде орналасқан. Әбілқайыр әулетінің хан тағына отыруына орай Ресей патшалары берген алтын жалатылған қы­лыштар Ішкі орданың соңғы ханы Жәңгірдің үйінде сақталған», дейді. Олардың ішінде азиялық үлгіде жасалған пис­то­леттер мен мылтықтар, кейбірінде арабша куфи жазуы бар жергілікті шеберлердің қолынан шыққан, алтын-күміспен апталған, қымбат тастармен безендірілген қылыш, қалқан, айбалта, сауыт-сайман да болғандығын жазады.

Бүгінде «Хан ордасы» музей-қоры­ғы­ның қорында Жәңгір ханның 1845 жылы наурызда Орынбор шекара­ комис­сиясының төрағасы Лады­женс­кийге жазған хаты сақталған. Хатта хан өз әулетінің тарихына қатыс­ты құжаттар мен жәдігерлерді жинауға құмарлығы туралы жазады. «Ата-бабама қатысты түрлі құжатты жинап, сақтай жүріп, Орынбор Шекара комиссиясында Кіші жүздегі хандық билігі үшін атам Нұралы ханға берілген грамота сақталғанын білдім, осы грамотаның түпнұсқасы, не болмаса көшірмесін беруіңізді сұраймын», деп жазған. Яғни ханның тек қару-жарақ емес, аталарынан қалған құжаттарды да жинақтағысы келгендігін байқауға болады. Алайда Жәңгірдің сол жылы дүниеден өтуіне байланысты бұл грамота Ордаға жіберілмеген.

Жәңгір музейі қай кезге дейін сақ­тал­ғандығы жөнінде бізде толық мәлімет жоқ. Мұрағатта тек 1845 жылы 11 қазан­да Орынбор шекара комиссиясының кеңес­шілері Ибниамин Бикмаев пен майор Степан Ерофеев жазған «Жәңгір хан мұраларының қысқаша тізімі» бар. Онда Ресей императорларының қазақ хандарына берген атаулы қылыштарын жеке-жеке көрсеткен. Атыс қарулары мен өткір жүзді суық қарулар, пышақтар мен қанжарлардың ортақ құны 6415 күміс рубль 75 тиын десе, аңшылық және атбегілік құралдарын (ауыздық, үзеңгі, ер-тұрман, т.б.), садақ, қорамсақ, қолғап, белбеу, белдік секілді батырлық сауыт-сайманды 1602 рубль 20 тиынға бағалаған.

1846 жылы, хан қайтыс болған­нан кейін бір жылдан соң оның қа­ру-жарағын зерттеген тағы бір автор мынадай сипаттама қалдырған: «Қонақ бөлменің сол жағында екі терезелі шағын бөлмеге апаратын есік бар. Қабырғаға қымбат кілем ілініп, оған құнды қылыштар (шашки, сабли) мен мылтықтар орналастырылған, терезелердің жақтауларында қымбат ер-тұрмандар мен түрлі ат-әбзелі ілінген. Қызыл ағаштан жасалған жіңішке, бірақ биік екі шкафтың әйнегінің ішкі жағынан әртүрлі азиялық торсауыттар, шынтақшалар, дулығалар және басқа да әскери жарақтар көрініп тұр. Сирек және құнды заттардың арасында ерекше көзге түскені – төбесі тақия тәрізді алтынмен ойылған болат дулыға. Қару-жарақ бөлмесінің қалған бөлігінде қабырғаларды бойлай қызыл ағаштан жасалған кең шкафтар бар, онда түрлі мылтықтар мен қылыш, қанжарлар, т.б. әйнектің ішкі жағында әдемі орна­лас­ты­рылған», деп таңдай қағады.

Сол жылы Ордада іс қағаздарын жүргізуші болып қызмет еткен Алексей Евреинов қару-жарақ палатасы әлі де толықтай сақталып тұрғанын айтады: «Ханның қару-жарақ палатасы менің назарымды аударды. Бұл бөлмеде төбеден еденге дейін барлық қабырғаға мықтап ілінген әр дәуір мен халықтардың қару-жарағы, ат-әбзелі мен әскери сауыттардан басқа артық зат жоқ. Олардың көпшілігі көне дәуірден бағалы, сапалы және құнды асыл тастармен безендірілген. Жәңгір мұндай сирек кездесетін нәрселерді жақсы көретін және оларды сатып алуға ақшасын еш аямайтын».

Ал одан кейінгі жылдарда хан­ның қару-жарағы бір қамқоршыдан екіншісіне өтіп, оны иелену үшін ­туыстары мен шекара комиссиясының лауазымды адамдары арасында талас жүрген.

Академик Салық Зиманов «Ресей және Бөкей хандығы» еңбегінде: «Қару-жарақ жинағының кейінгі тағдырына байланысты бірнеше нұсқа бар», дейді. Ғалымның айтуынша: «Ханның туыс­тары мұраға қалған көптеген бұйымды Орынбор губернаторы мен оның шенеуніктері алып кетуі мүмкін деп қауіптеніп, бөлшектеп тастаған. Екінші бір мәліметте халық шеберлерінің қолынан шыққан аса бағалы бұйымдар Шекара комиссиясының жауапты­ қызметкерлері мен хан қайтыс бол­ғаннан кейін құрылған Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша кеңес мүшелерінің иелігінде болған. Ал коллекцияның бір бөлігін олар Ресей музейлерінің қорына өткізген. Фатима ханым өлер алдында хан үйінің көп бұйымын, соның ішінде жинақтың бір бөлігін хан қызметінде болған туған інісі Гусейновке өсиет етіп қалдырған деген пікір де бар. Сондай-ақ ханның ұлы Сақыпкерей қайтыс болғаннан кейін, 1840-жылдардың аяғында мұражайдағы қалған заттың бір бөлігін полковник Тевкелевке тұрмысқа шыққан, Орынборда тұратын ханның үлкен қызы Зылиха алып кеткен. Жәңгірдің ұлы Ғұбайдолла Бөкеев әкесінің коллекциясының бір бөлігін жинамақ болғаны туралы да дерек бар».

Сол кездегі музей директоры болған Темірболат Махимов 2001 жылы «Орда жұлдызы» газетіне «Жәңгірден қалған жәдігерлер қайда?» атты мақала жариялаған. Тарихи құжаттарға негізделген бұл еңбекте Жәңгір хан өлгеннен кейін Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің қарамағында сақтауда қалып, кейін табылған дүниелер тізімі толық жарияланды. Бұл іс 1851 жылы 21 сәуірде бас­талып, 1864 жылдың 29 қазанына дейін жүргізілген екен. Онда бірнеше қару-жарақтың атауы мен құны жазылған. Сол деректі келтіре кетсек:

«Алтын оюлы штуцер мылтығы, 1 дана – 120 сом, көне түрік мылтығы, 1 дана – 100 сом, ұзын ұңғылы түрік мылтығы, 1 дана – 100 сом, ұзын ұңғылы парсы мылтығы, 1 дана – 80 сом,­ кіші штуцер, 1 дана – 50 сом, парсы штуцері, 1 дана – 150 сом, дағыстан пистолеті, 3 дана – 112,50 сом, күміспен апталған түрік қылышы, 1 дана – 100 сом, түрікпеннің темірмен апталған дамаск қылышы, 1 дана – 50 сом, тағы осындай мылтық, 1 дана – 100 сом, хан Жәңгірдің аты жазылған парсы қылышы, 1 дана – 100 сом, шеркес қанжары, 1 дана – 20 сом, кішілеу түрік пышағы, 1 дана – 10 сом, кішілеу түрік қанжары, 1 дана – 4 сом, асыл тастармен, алтынмен оюланған грузин қанжары, 1 дана – 250 сом, ат жабуы, 5 дана – 25 сом». Соңында «қаруларды Жәңгірдің баласы Шыңғыс пен поручик Гусейновтер алған», деп жазылған.

Міне, ХІХ ғасырда құмды өлкеде хан Жәңгірдің өз қолымен жасақталған «Қару-жарақ палатасының» құрылу тарихы мен тағдыры осындай.

Көп жылғы іздестіру жұмысы бары­сында осы коллекциядан Александр бірінші патшаның Бөкей мен Жәңгірге хан дәрежесіне көтерілуіне байланысты сыйға тартқан екі қылышы ғана табылды. Олар қазір Қырымдағы «Бақша­сарай тарихи-мәдени, археологиялық музей-қорығында» сақтаулы тұр. Бұл қылыштар жөнінде Хан ордасы музей-қорығының директоры Ғайса Махимов 2015 жылы 21 шілдеде «Орда жұлдызы» газетіне «Бабадан жеткен жәдігер» атты мақала жариялаған болатын.

Бүгінде Хан ордасы музей-қоры­ғы­на келген адам Хан сарайының шы­ғыс бөлігінде Жәңгір ханның қайта жасақ­тал­ған «Қару-жарақ палатасын» көре алады. Ол жерде тұрған қазақтың ұлттық бес қаруы, күміспен әшекейленген ат-әбзелдері ерлік пен елдіктің шежіресі іспеттес. Мәдени құндылығымызды, өткен тарихымызды насихаттап отырған бұл музей – көкірегі ояу жанның бойына ұлттық рух пен мақтаныш ұялататын тылсым мекен.

 

Мира КУТУШЕВА, «Хан ордасы» тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының ғылыми қызметкері

 

 

 

Дереккөзі: "Егемен Қазақстан" газеті

 

 

209 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper