Анонс


Астанада «Музей және қоғамның тұрақты дамуы» атты республикалық конференция өтті

Бейсенбі, 14 Мамыр 2015 16:47
Астанада «Музей және қоғамның тұрақты дамуы» атты республикалық конференция өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Музейлер күніне орай «Музей және қоғамның тұрақты дамуы» атты республикалық конференция өтті.

Адамзат дамуының жаңа қағидаттарын талқылау мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясына қолдау көрсету және жалпықазақстандық мәдениетті таныту жоспарын тақырыбына арқау еткен конференцияға еліміздің әр түкпірінен 300-ден астам музей қызметкері қатысты.

«Қоғамның дамуындағы өзгерістер музейлерден адамзат мұраларының сақталуына деген жаңаша көзқарас пен жаңа әдістерді талап етеді. Қағидаттар маңыздыларының бірі қоршаған ортаға деген қамқорлық болып табылады. Бұл тақырып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастау салған Астанадағы жаһандық жоба «ЭКСПО 2017 – болашақ энергиясы» Бүкіләлемдік көрмесімен үндес. Қазақстан табиғи байлықтардың ірі қорларының бар болуына қарамастан, қуат көзін жаңғыртуды қолға алуда. Бұл мақсат «Қазақстан – 2050» стратегиясында да қамтылған», - деді конференцияның ашылуында сөз алған модератор Үмітхан Мұңалбаева. 
Ол сондай-ақ, конференцияның негізгі бағыттарына тоқталып, музейдің заманауи дамуының жолдарын атады. 
«Көрме, экспозицияларды ұйымдастыру арқылы музейлер қоғамның адамзат дамуының жаңа қағидаларына өтуіне септігін тигізе алады. Табиғатты қорғау «Мәңгілік ел» принциптерінің біріне айналуы қажет. Музейлердің алдына елдің «жасыл экономикаға» көшуіне үлес қосатын өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру, адамдарды жаңа технологиялармен шұғылдануға шақыру, болашақ энергиясын дамытуда қалыптасқан тәжірибені көрсету секілді міндеттер қойылады. Бұл конференция музейді осы бағытта жұмыс жасауға шақырады», – деді Халықаралық Музейлер Одағы ИКОМ Қазақстан Ұлттық Комитетінің президенті Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева.
Сонымен қатар кездесу барысында жыл қорытындылары талқыланып, Президент тапсырмаларына сәйкес жаңа мақсаттар мен міндеттер қойылатын болады.
Айта өтейік, Халықаралық Музейлер Одағы ИКОМ бастамасымен 1977 жылдан бері Халықаралық музейлер күні 18 мамырда тойланып, бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде қоғам дамуының өзекті мәселелерін қозғайтын конференциялар өткізіледі.
Сонымен қатар, Халықаралық Музейлер Одағымен бірлесе отырып, ИКОМ Қазақстан ел музейлерінің дамуымен айналысады. ИКОМ Қазақстан мұндай кездесулер мен музей қызметкерлерінің шетелде тағылымдамадан өтуін үнемі ұйымдастырып отырады. Комитет соңғы жылдары ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен тығыз байланыс орнатты. Атап өту керек, «ИКОМ Қазақстан. Қазақстан музейлерінің мұралары» және «Астана мәдени мұрасы» атты екі ғылыми-танымдық журналдарын басып шығарып келеді. Ал, «Астана мәдени мұрасы» журналы Халықаралық Музейлер Одағының бастамасымен ИКОМ әлемдік журналдарының тізіліміне ілікті.

Алқа отырысынан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі музей ісінің үздік өкілдерін мадақтамалар мен «Мәдениет саласының үздігі» медальдарімен және «Жыл музейі» дипломдары, ИКОМ Қазақстан төс белгілерімен марапаттады.

 

2656 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper