Анонс


Шалқар ауданы аумағында жүргізілген барлау жұмысы

Сәрсенбі, 10 Ақпан 2021 02:21
Шалқар ауданы аумағында жүргізілген барлау жұмысы KAZMUSEUM.KZ -  

Шалқар ауданы — Ақтөбе облысындағы ең ірі аудан. Физикалық-географиялық тұрғыдан жартылай шөлейтті және шөлейтті аумаққа жатады. Бұл — Ұлы және Кіші Борсық құмдары — ең ірі құмды алқап.

Археологиялық барлаудың мақсаты — Ақтөбе облысының ескерткіштер жинағын құрастыру үшін Шалқар ауданы аумағында тарихи және мәдени ескерткіштерді анықтау мен тіркеу. Зерттеулер екі кезеңде, яғни ағымдағы жылдың маусым және қыркүйек айларында жүргізілді.

Аумақтың солтүстік-батыс бөлігінде Мұғалжар тау сілемдері еніп жатса, оңтүстік-батыс және батыс бағытында Шошқакөл қырқасы мен Шағырай жоны және Үстірт (Доңызтау) орналасқан.

  Археологиялық деректер мен жаңа зерттеулер нәтижесінде Шалқар ауданының аумағында тұрақ, кеніш, қорған мен қасиетті орындар сынды археологиялық ескерткіштер тобы және кесене, мешіт, қоршаулар, т.б. этнографиялық (сәулет құрылыс пен архитектура) ескерткіштер кездеседі.

 Биылғы жылы археологиялық барлаудың шығыс және оңтүстік-шығыс аумағы темір жол бойымен шектелді, оңтүстікте Қызылорда облысы шекарасымен шектесіп, батыс пен солтүстік бағытта Ұлы Борсық құмы аумағы мен оған 20-50 шақырым көлемінде енетін бөліктері барланды.

 Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі археологиялық тобының барлау жұмыстары барысында түрлі археологиялық және этнографиялық ескерткіштер түрі анықталды. Бұл бағытта археологтар Аслан Мамедов, Нұрсұлтан Баиров, Нұршат Оразмағамбетов, Баубек Мелисов, Нұрбол Бидағұловтың еңбектерін ерекше айта кеткен жөн. Анықталған ескерткіштердің негізгі басым бөлігі тас ғасырының тұрақтары мен қола дәуірі, ерте темір ғасыры және орта ғасырларға қатысты қорғандар болып табылады.

 Картаға түсіру барысында тас ғасыры ескерткіштерінің құмды алқапқа жақын және ежелгі тұрақтар немесе өз алдына бөлек тас өнімдер орны анықталды.

 Б.з.б. ІІ мың ж. — б.з. І мыңжылдыққа жататын тарихи-мәдени мұралардың дені  Солтүстік Арал маңы бақташылары мен ежелгі кеншілер тұрғызғын қорғандар тобы немесе жеке қорғандарды құрайды. Бұл аумақтағы қорымдардың көпшілігі мен жеке қорғандар гипсометриялық биіктікті орындарда орналасқан.  Қорғандардың көлемі әр түрлі, айналасы дөңгелене қазылып, кейбіреулері ірі үйінділерден тұрады. Құрылымдық жағынан қорғандар топырақты, тасты және тасты-топырақты болып бөлінеді. Қазіргі таңда Шалқар ауданында 300-ге жуық ескерткіш бар.

 Бір қызығы, Шалқар ауданында анықталған нысандар арасында ғұн-сармат кезеңіне жататын жерлеу-ғұрыптық орындары мен Ақтөбе облысының солтүстік және орталық аудандарына тән «мұртты» қорғандар бар. Бұл анықталған ескерткіштер арқылы Арал-Каспий аймағы мен ішінара Солтүстік Арал маңын мекендеген ежелгі тұрғындардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге ғылыми негіз бола алады.

 

Аслан МАМЕДОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, археолог

3426 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper