Анонс


Музей ісіне жаңа көзқарас қажет

Сейсенбі, 24 Қараша 2020 15:02
Музей ісіне жаңа көзқарас қажет KAZMUSEUM.KZ -  

Kazmuseum.kz сайтының бас редакторы Нұрсерік Жолбарыстың «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатын ұсынамыз.

Биыл халықаралық музей күніне орай UNESCO мен Халықаралық музейлер кеңесі музейлердің коронавирус пандемиясынан қатты зардап шеккенін мәлімдеді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда музейлердің 90 пайызы немесе 85 мыңнан астам музей жабылған. Әлемдегі музейлердің 13 пайызы есігін қайта ашпауы мүмкін дейді музейтанушы мамандар. Ендеше Қазақстандағы музейлердің жағдайы қандай? Пандемия біздің музейлерге қалай әсер етті деген тақырып аясында Санкт-Петербургте музей ісі бойынша оқып, елімізден алғаш рет магистрлік диссертация қорғаған отандық музей маманы, Kazmuseum.kz сайтының бас редакторы Нұрсерік ­ЖОЛБАРЫСПЕН әңгімелескен едік.

– Сіз музей ісі жөніндегі жас мамансыз, ендеше әңгімеміздің басында еліміздегі музейлердің санынан айта кетсеңіз.

– ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, елімізде 245 музей бар. Бұл тізімге жекеменшік музейлер, оқу орындары жанынан құрылған және корпоративтік, ведомстволарға қарасты музейлер кірмеген. Мұндай музейлердің бізде нақты есебі жүргізілмеген. Дегенмен әр жерде түрлі дерек көрсетіліп жүр. Министрлік есебін жүргізген мемлекеттік музейлерге қайта оралатын болсақ, музейлер басқарылуы жағынан республикалық және жергілікті атқарушы органдарға қарасты болып бөлінеді. Жаңа атап өткен 245 музейдің 18-і – республикалық дәрежедегі музейлер. Қалғаны жергілікті атқарушы органдарға қарайды.

– Әлемдік жағдайдан алып қарағанда, Қазақстандағы музейлердің дамуы қандай?

– Қазақстандағы музейлердің жағдайына біржақты баға бермес едім. Заманауи трендтен қалыспай келе жатқан музейлер соңғы кезде жиіледі. Бұл салада әр музей өзінше әрекет етіп келеді. Бізде облыстардағы немесе аудандағы музейлерді шетелдің ірі музейлерімен салыстырып қарайтын жағдайларды жиі кездестіремін. Ірі музейлерімізді шетелдік танымал музейлерімен салыстыруға болатын шығар. Ал облыс пен аудан музейлерін шетелдің аймақтарындағы музейлерімен салыстырып қарап көрсек, біздегі музейлердің дамуында ілгерілеу байқалады. Өкінішке қарай, бәрі деп айта алмаймын.

– Музейлердің қазіргі уақыттағы проблемаларын атай аласыз ба?

– Музей ісінде кедергілер жиі кездеседі. Олардың қатарына қаржыландыру, кадрмен қамтамасыз ету, әдістемелік қолдау сияқты проблемаларды жатқызуға болады. Жергілікті мәдениет басқармалары музейлердің осы проблемаларына назар аударғаны жөн. Қандай себеппен екені белгісіз, музей ұжымдары ұсынған жобалар жергілікті мәслихаттардан қолдау таппай, соның әсерінен көп бастама идея күйінде қалып жатады. Кейбір облыстарда бір реттік науқандарды қолдап, бюджеттен қыруар қаржы бөліп жатқанын көріп отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Музей ісі жөніндегі көркемдік кеңес құрылған. Сол кеңесте осы мәселелерді көтеріп, минис­трдің деңгейінде талқылап жүрміз.
Музейлерде кадр тап­шылығы да байқалады. Қазақстандағы 4 ЖОО музей мамандарын дайындайды. Олар дайындаған мамандар республиканың барлық өңірін қамти алмайды. Оның үстіне жалақысының аздығы, стимул болмауы себепті бұл мамандыққа талапкерлер де аз болып отыр. Бұл жағдайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырысты белгілі бір мамандыққа емес, мамандық топтарына беруі де жағдайды қиындатып жіберді. Бұрын «музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығына тапсыратын болса, қазір талапкерлер «тарих және археология, музейтану» тобына тапсырады. Осы топқа балы жетіп, грантқа түскен соң мамандығына барады. Егер музей ісін оқығысы келіп, таңдаған мамандығында студент саны аз болса, ЖОО басшылығы оған осы топтағы басқа мамандыққа ауысуды ұсынады. Яғни, бір мамандықта 1-2 студентті оқытуды ЖОО үшін тиімсіз деп санайды. Нарық заңы болған соң мұнымен амалсыз келісесіз. Бірақ талапкердің мамандық таңдау құқығы мен мәдени мұраны қорғау ісін екінші орынға қоюға тағы да болмайды. Биылғы 2020-2021 оқу жылында «музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығына еліміз бойынша 1 студент ғана түсті. Оның өзінде Ақтөбе облысы әкімдігінің дербес грантымен түсті. Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген білім гранттарының тағдыры жоғарыдай атап өткенімдей, музей ісі мамандығына жетпеді. Бұл іске Мәдениет және спорт министрлігі араласқаны жөн.

– Пандемия кезінде әлемде көптеген музейлер жабылды. Ал Қазақстандағы музейлердің арасында біржола жабылғандары бар ма?

– Қазақстандағы музейлердің барлығы мемлекет есебінен қаржыландырылатындықтан музейдің қаржы-материалдық ресурстарында қиындықтар бола қоймады. Ал АҚШ, Еуропа елдерінің және көрші Ресейдің музейлері пандемияның салдарынан кіріс көзі мүлде азайғанын айтады. Мысалы, Вена өнер музейі, Рейксмузейум, ­Амстердамның қала музейі аптасына 100 мыңнан 600 мың € дейінгі аралықта кіріс көзінен айырылған. Ресейлік Эрмитаж жартыжылдық кіріс көзінен, яғни 2,5 млрд рубльден айырылып қалуы мүмкін екенін жариялады. Пандемия әсерінен мүлде табысынан айырылған музейлер де жоқ емес. ICOM пайымдауынша, музейлер мемлекет қолдауынсыз пандемия әкелген зардаптардан шыға алмайды.
Ал Қазақстанға оралатын болсақ, елімізде пандемияға байланысты қаржы көздерін қысқарту немесе қайта бөлу болғаны белгілі. Бұл музей саласын да айналып өтпеді. Кейбір жобалар кейінге қалдырылды. Бірақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайынғы «Рухани қазына» фестиваліне бөлінген қаражатты қысқартпай, фестиваль аясында өтетін конкурста музей мен музей мамандары үшін номинация санын көбейтті. Есесіне online түрде өткен осы конкурс біраз музейлерге демеу болды. Мұны министрлік тарапынан зор қолдау деп айтуға болады. Бір қуантарлығы, осындай дүрбелең кезеңде елімізде бірде бір музей жабылмады. Керісінше, қазір жұмыс­тарын қалпына келтіріп, санитарлық нормаларды сақтай отырып, келушілерді қабылдауды бастап кетті.

– Біз бірде «мұражай» десек, бірде «музей» деп, әлі күнге дейін бір атауға тұрақтай алмай жүргеніміз жөнінде не айтасыз?

– Музей саласының мамандары бұл мәселе бойынша ортақ пікірге тоқтады. Яғни, «мұражай» сөзінің орнына «музей» сөзін қолданамыз деп келістік. ҚР Мәдениет туралы Заңының қазақ тіліндегі редакциясына 2015 жылғы 28 қазанда өзгеріс енгізіп, заңдағы «мұражай» сөзін «музей» деп алмастырып, бұл мәселені біржақты етті. Сондықтан заңда көрсетілген нұсқасын пайдаланған жөн. Ал оның неге «мұражай» емес «музей» екені БАҚ беттерінде талай жазылды.

– Қазақстандағы музейлердің кірісі қалай? Жаңа әдістерді қолданып, музейлердің кірісін арттыруға мүмкіндік бар ма?

– Қазақстандағы музейлердің кірісі туралы ашық деректер өте аз. Бірлі-екілі музей болмаса, барлығы бірдей кірісі туралы жариялай бермейді. Оның үстіне музейлер коммерциялық емес мекеме болғандықтан, табыс табуды көздемейді. Түскен кірісті табыспен шатастырмаған жөн. Түскен қаражат кейде жұмсалған шығынды ақтамай жатады. Музейлер кіріс көзін арттыру үшін түрлі ақылы жобаны қолға алады. Жаңа әдістерді қолдана отырып, музейлердің кірісін арттыруға болады. Ол музей басшылығына байланысты. Қазіргі заманауи музейдің басшысы ол үшін ғалым ғана емес, мықты менеджер болуы да тиіс. Музейдің менеджменті мен маркетингтегі қадамы дұрыс болмаса, кіріс көзінің артпайтыны анық. Біздің елде осыған жіті мән берілуі қажет. Италия, Ұлыбритания және өзіміздің көршілеріміз – Ресей мен Өзбекстан музей басшысын таңдауда жаңа әдістерді қолға ала бастады. Бұрын музей директорының орнына конкурс жарияланатын болса, аталған елдерде қазір музей директорының орнына емес, музейдің жаңа бесжылдық концепциясына конкурс жарияланады. Үміткер-авторлардың азаматтығына шектеу қойылмайды. Қай автор-үміткер алдағы 5 жылда музейді дамытуға арналған мықты концепция ұсынып, оны дәлелдей алса, сол үміткер-автор музейге басшы болады. Бізге де осы әдістерді енгізу керек.

 

Сұхбат «Астана ақшамы» газетінің 2020 жылғы 24 қарашадағы №139 (4108) санына жарияланған. Сұхбаттасқан: Қ.Үсемханұлы.

3941 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper