Үйсінбайдың атасы Нұралы да Керей Ер Жәнібек батырдың үзенгілес серігі, қазақ-жоңғар шапқыншылығы кезінде бірнеше жорықтарға қатысқан батыр болған.
Нұралы батырдың бәйбішесі Қазынадан Жантемір, Жанұзақ, Өмір, Кәдір, Досымбек атты бес ұл туған. Үйсінбай Нұралының екінші ұлы Жанұзақтан туады.
Үйсінбай бидің нағашы жұрты Арғын ішінде Қаркесек руынан. Ал, үлкен шешесі Қазынаның сөзі дуалы, заманында жесір дауы, араздық, т.б. дау-жанжалдарды шешкен парасатты, дана адам болса керек. Үйсінбай өз заманының әділ биі, отауызды, орақтілді шешені Байқотан (Бабаң) биден тәлім алған. Ата баласынан қалғандардың ең үлкені, 95 жыл өмір сүргендіктен аруақты «Бабаң»аталып кеткен Байқотан «Төбе би» болды. 1822 жылы Патша үкіметі Сібір қазақтарын басқарудың уақытша ережелері шығып, осы указ бойынша 8 сыртқы округ құрылуға тиіс болды. Осыдан Құсмұрын мен Қарқаралы округтары құрылды. Қарқаралы округі батыста Ащысу өзені мен Балқаш көліне дейінгі, шығыста Шыңғыстау мен Шұбартауға, солтүтікте Ертіс өзенінің жағасындағы Семярск бекетіне дейінгі байтақ жерді алып жатты. Үйсінбай би Құнанбай, Бөжей, Құдайменде, Құспек, Жәңгір, Шалғынбай төре т.б еліне сыйлы беделді адамдар мен сыйлас қарым-қатынаста болған.
Ол, Қарқаралыдағы Құнанбай мешітін салу жөнінде 1847 жылғы 12 қыркүйек күні округке қараған 16 болыстың ішінде Керей елінің болысы болып қолын қойып мөрін басқан. Мөрде араб жазуымен «Нұралы батырдың немересі Жанұзақұлы Үйсінбай бидің Қарқаралы қаласындағы Құнанбай қажы мешітін салу жөніндегі актіге басылған мөрі. 12 қыркүйек 1847 жыл» деп жазылған. Үйсінбай бидің мөрінің көшірмесін ұрпағы Тұрсын Самқанұлы 2021 жылы музей қорына өткізген.
Үйсінбай би 1870 жылы Дағанды бойындағы өз қыстауы Қарашатауда (шат) дүниеден озған. Әкесі Жанұзақ екеуі Дағанды өзенінің оң жағалауындағы төбедегі үлкен төрт құлақты зиратта жерленген. Осы бейітте оның немере ағалары Жантемір мен Күсен де жерленген.
Аңсаған ЖҮЗЖАСАРОВА, Семей тарихи-өлкетану музейінің Аягөз қаласындағы филиалының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі