Анонс


С.Сейфуллиннің мұрагері атанған музей

Жұма, 29 Мамыр 2015 14:06
С.Сейфуллиннің мұрагері атанған музей KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақтың  әйгілі ақыны,  мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен (Садуақас) Сейфуллин (1894-1938) өмірі мен шығармашылығын зерттеп, халыққа жеткізіп, насихаттау қызметін қасиетті шаңырақ - С.Сейфуллин музейі   атқарып келеді. С.Сейфуллин    музейі  Астана қаласының төрінде бой көтергеніне міне биыл 27 жыл болды. Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев өзі келіп, қолтаңба қалдырған музейде, ашылғаннан бастап жиналған қор талай ғылыми еңбекке негіз болып отыр. Осы  уақыт ішінде  музейде  заттай-құжаттық  біраз  жәдігер жиналып,   көпшілік назарына насихат жұмысын жасауда. Музейдегі қай жәдігерді алып қарасаңыз да, ерекше сыр мен құндылықтарға толы.

Сәкеннің шығармашылығы мен өмірін зерттеп жүрген жастарымызда жеткілікті. Жыл сайын жоғары оқу орындарында көптеген дипломдық жұмыс пен диссертациялар қорғалып жатыр. С.Сейфуллин туралы еңбегі жарық көруде. Әлі де зерттелуде. Сәкентанушы-зерттеушілер: С.Талжанов, М.Қаратаев, Е.Ысмаилов, А.Сатаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, А.Какен, Ж.Бектұров еңбектеріне  сүйене отырып, мұражай қызметкерлері жерлігікті ақпарат құралдарына мақала жариялау арқылы да насихат жұмысын жүргізіп келеді. Жан-жақты іздестіру-жинақтау жұмыстарымен айналысады.             Музей директоры Н.Айтұлының жетекшілігімен   реэкспозиция жұмыстары жасалу арқылы материалдар толықтырылып, музейге келушілердің қызығушылығын арттыруда.  Экспозиция жаңа үлгідегі жабдықтармен жаңартылып,  музейге тиесілі екі ғимаратқа қайта  қалпына келтіру  жұмыстары жасалды. Музейдің орналасқан ғимаратының өзі сәулет өнеріне жататын ескерткіш болып табылады, ХІХ ғасырдың тарих және сәулет ескерткіші болып саналатын қос ғимаратта орналасқан. 1846 жылы Самарадан келген ресейлік көпес Казанцев екі үй салады: бірі – тұрғын үй болса, екіншісі – кеңсе. Бұл ғимарат сатып алынған тауарларды есепке алу кеңсесі болды. Мұнда шикізатты (былғары, жүн) сатып алып, Ресейге жіберумен айналысты. Шикізат осында жертөледе сақталды. Бұл үйді ресейлік шеберлер берік және орнықты жасаған. Сол себепті 170 жылға тарта уақыт қолданылып келеді. Революцияға дейін де, кейін де ғимарат кеңсе ретінде пайдаланылды. Кейінгі жылдары бұл ғимаратта «Зорька» деген балабақша жұмыс істеді. Үй ағаштан жасалған. Үйдің биік іргетасы ағашты шіру мен ісінуден сақтап тұрады. Ғимараттағы бөлмелер жобасы әкімшілік мақсатта қолдану үшін жасалынған.

Үйдің шатыры сәндік мақсатта ғана емес, жылуды сақтау үшін тұрғызылған. Терезенің сыртқы ернеуі, жақтау маңдайшасы ойып өрнектелген.

Ғимараттың биіктігі – 10 метр.

ХХ ғасырдың 20-шы жылдары С.Сейфуллин Ақмолада уездік атқару комитетінің қызметін атқарған еді. Әкімшіліктің кабинеттері осы ғимаратта орналасқандықтан С.Сейфуллин осында қызмет еткен.

 Екінші ғимарат – музейдің әкімшілік үйі.

 Бұрын Сәкеннің досы, дәрігер  Федор Иванович Благовещенский /1881-1938/ үйі болған. Дәрігерлік   37жыл тәжірибесінің 30 жылын терапевт мамандығы бойынша жұмыс атқарған. Ол жергілікті және көпұлтты халық арасында емдеу және ғылыми тұрғыда жеткізу ісінде жетік маман болған. Ерекше жұмысқа қабілеттілік, шыдамдылық пен төзім, медициналық білімді толықтыруға талаптануы және кез-келген салада дәрігерлік көмек көрсетуге қажеттілігі арқасында дәрігер, терапия, офтольмология, акушерлік гинекология, хирургия, туберкулез емдеуде мол тәжірибе жинақтап, жергілікті жағдайда дәрігерлер мен халық арасында ірі маман ретінде танылды.Кейін бухгалтерлік мектеп болған.

Үй кесілген ағаштан салынған. Бұрыштарында сүрілген бөренелер орналастырған.Төбесі темір шатырмен жабылған. Бөренелерінің ұшына тақтайшалар шегеленген. Терезелері ағаш жабумен жабылады. Жабулары жұлдызша, ромб фигуралары геометриялық орнаметтермен әшекейленген. Жобасы дәліздік жүйе бойынша жасалған. Дәліздің қарама-қарсы жақтарында бөлмелер орналасқан. Үйдің сәулеттік жүйесіне назар аударсақ. бірнеше кезеңнің сәулеттік үрдісін қамтиды. Бұл жерде орыс, батыс еуропа, неміс сәулет өнерінің үлгілерін байқаймыз. Қаладағы барлық құрылыс үлгісінен көркемдігі жағынан ерекшеленетін бұл ғимарат мемлекет қорғауына алынған.

Музейдің әкімшілік ғимаратының авторы мен құрылысшылары жайлы дерек жоқ.

  Музейдің шығармашылығына тоқталсақ, ұжымның ұйымдастыруымен С.Сейфуллин музейінің 25 жылдығы, С.Сейфуллиннің 120 жылдығы  жоғары дәрежеде қала көлемінде аталып өтілді.  Осы мерейтойлар аясында «С.Сейфуллин» фотоальбомы, С.Сейфуллинге арналған өлеңдер жинақталып, «Сәкен Сұңқар» кітабы жарық көрді. Сәкентанушылар Тұрсынбек Кәкішев пен Амантай Кәкеннің жаңа еңбектері  жарық көріп, тұсауы музейімізде кесілді. Музейде өтіп жатқан рухани іш-шаралар музейдің беделін асқақтатып отыр.

С.Сейфуллин жайлы кейінгі еңбектерге тоқталсақ, Белгілі әнші, С.Сейфуллиннің ән мұрасын зерттеушілер С.Оспанов пен  Н.І.Сапияновалардың авторлығымен «С.Сейфуллиннің музыкалық мұрасы»(2014) атты жаңа бір танымдық еңбек жарық көрді. Қарағанды «Болашақ» университеті жанынан құрылған  «Орталық Қазақстан ғылыми-зерттеу» институты ұжымы шығарған «Сәкен Сейфуллин» энциклопедиясы жинақталып шығарылды (2010) . Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік мұрағаты, Мемлекеттік Орталық мұражай, ҚР Ұлттық кітапхана, Мемлекеттік Орталық кітапхана, Сәкен Сейфуллин мұражай қоры және Сәкен қызмет еткен Жоғарғы оқу орындарынының мұрағаттарында сақталған нақтылы құжат-деректерге сүйенгендіктен  тарихи мазмұны бай, құнды мұра. Кино, деректі фильмдер шықты. Белгілі актер, ақын, драматург Қ.Жүнісовтың «Сәкен Сұңқар» (cөзі Қ.Жүнісов) клипы және «Сұңқар Сәкен» (сценариі Қ.Жүнісов) спектаклі халық назарына ұсынылды. Бұл да үлкен шығармашылық еңбек.

       Музейдің ғылыми-ағарту бөлімінің шығармашылық, зерттеу-іздестіру нәтижесінде С.Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына «Сыр сандық» атты сериалық топтама жоспарланып, алғашқы кітабы көрерменге жол тартқалы отыр.  Бұл еңбек екі тараудан тұрады. Ең басты бірінші бөлімі «Cәкенді көргендердің көзімен» деп аталады. Бұл тарауға Сәкенді көргендердің естеліктері еніп отыр. Солардың ішінде  белгілі зиялы азаматтардың, шәкірттерінің  естеліктері. Біздің  тұрғыдан жүйелі жүргізілген ізденіс жұмыстарының нәтижесінде көп тың мәліметке ие болдық. Қосып отырған жаңа материалдарымыз музей қорынан алынған, бұрын жарық көрмеген, жарияланбаған бірге оқыған сыныптасынан бастап, С.Сейфуллин  жоғарғы оқу орындарының дәріс берген тәлімгерлерінің, бірге жүрген жолдастары, қызметтестерінің  қолжазбалары еніп отыр. Дәріс беру барысындағы қолданған әдіс-тәсілдері,  оқытудағы қолданған әдебиеттері, көпшілік біле бермейтін әдетінен сыр шертетін қызық та құнды естеліктер баяндалады. Сондықтан бұл кітаптың Сәкентанудағы орны ерекше. С.Сейфуллин жайлы   30-40 жыл  бұрын  естеліктер жинағы жарық көрген, олар бүгінде ескіріп, саны жағынан азайып, көптің қолына тие бермейді. Екінші  тарау «Сәкеннің ізімен» деп аталады. Бұл тарау алғашқы тараудағы еңбектерді зерттеуден туындаған белгілі сәкентанушылармен  бірге, музей қызметкерлерінің жан-жақты танымдық,  жүйелі сараланған сүбелі еңбектері іріктелініп алынып отыр. Сәкенді сағынған қауымға осы мұраларды қайта жинақтап, жарыққа шығару  біздің парызымыз.

         Ендігі бір асуымыз, С.Сейфуллиннің 125 жылдығына дайындық барысында «Сыр сандық»  сериялық топтаманы  жыл сайын шығарып отыру жоспарланып  отыр.

      Бұл еңбек  Сәкеннің шығармашылық әлемін, өмірін  жаңаша көзқараспен  жас ұрпаққа танытуға шақырады.  Жастарға  жаңа бір ой, жаңа идея, елінің ертеңін ойлаған саналы  азамат  болып қалыптасуына  негіз болады деген сенімдеміз. Осындай жұмыстар нәтижесінде бұл музей елордамыздағы бірден-бір тарихи, мәдени, рухани орталыққа айналып отыр.

 

Гүлназия Ибраева,

С.Сейфуллин музейінің ғылыми-ағарту

бөлімінің меңгерушісі

 

 

                                                 

5256 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper