Анонс


Н.Төкенқызы: Ы.Алтысарин музейі ел игілігіне қызмет етуде

Бейсенбі, 18 Қыркүйек 2014 06:00
Н.Төкенқызы: Ы.Алтысарин музейі ел игілігіне қызмет етуде KAZMUSEUM.KZ -  

Тұңғыш ағартушы, дала қоңырауын алғаш соққан ұстаз есімі аса назарға алынып, көпшілікті қуантып, 1991 жылы Қостанай қаласының дәл ортасынан, ұстаздың 150 жылдығына байланысты Ы.Алтынсарин мемориалдық музейі ашылған болатын. Назарларыңызға облыстық Ы. Алтынсарин мемориалдық музейінің бөлім меңгерушісі Назгүл Төкенқызының музейдің дамуы жайлы мақаласын ұсынамыз.

Сол жылдардан бері музей Ы.Алтынсариннің педагогикалық қызметін насихаттап халыққа қызмет етуде. Әсіресе, өскелең ұрпақ, жас буындар өз тарихымыздан, мәдениетімізден жатырқамай оған жақын жүрсе дейміз. Ы.Алтынсариннің туған жерінде орналасқан музейдің жаңашыл бағытының мақсатына келсек, отандық білім, ғылым, мәдениет жүйелерін дүниежүзілік озық үлгідегі деңгейде дамыту.

Еліміздегі рухани, материалдық құндылыққа қатысты экспонаттар, көне қолжазбалар, сирек кітаптар мен басылымдарды, басқа да тарихи жәдігерлерді көптеп жинауға тырысамыз. Қазақстан және басқа да елдердегі өркениет жетістіктермен Ы.Алтынсарин мұраларын музейге шоғырландырып, Ыбырайтану, ғылыми аударма, әдебиет және өнер, ғылыми зерттеу жұмыстарын кешенді түрде жүзеге асыру да мұражай міндеті болып табылады. Төл тарихтың терең түкпіріндегі жиналған бағалы құндылықтар жарыққа шығарылып, зерттеліп-зерделеніп музейден орын алып, халық игілігіне айналуда.

Қалың елді елең еткізген дарынды педагогтың артында қалған құнды деректерін зерттеу, жинау, сақтау, насихаттау күнделікті мәдени-көпшілік шаралардың басты өзегіне айналған.Тұрақты түрде алынған зерттеу жұмыстары да баршылық, «Ы.Алтынсариннің педагогикалық қызметі және өмір жолының бастауы», «Өлкедегі халық ағарту ісінің пайда болу, жетілу және даму тарихы», «Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы», «Ы.Алтынсарин халық есінде» тақырыптары көпшіліктің көңілінен орын алуда.

Тынымсыз ізденіс аясында ағартушының өміріне, қызметіне байланысты тарихи құндылығы бар жәдігерлерге қол жеткіздік. Ы.Алтынсариннің өмірі мен педагогикалық қызметі туралы ХІХ ғасырдың ортасы ХХ ғасырдың аяғындағы өлкедегі халық ағарту ісінің пайда болу, жетілу және даму тарихын баяндайтын заттардың көшірмелері Алматы, Ташкент, Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор қалалары мұрағаттары мен кітап­ханаларынан алынды.

Орынбор облыстық кітапханасы қорынан алынған дарынды педагогтың «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» атты этнографиялық еңбектерімен «Қырғыз хрестоматиясы» еңбегінің 40 данасын сатып алу туралы дерекпен қорымыз толықтырылды.

«Қазақ халқының тұрмысы және этнографиясы» тақырыбы бойынша үнемі жан-жақты зерттеп, жәдігерлерді шоғырландыру үстіндеміз. Іс-шараларымыздың өзі де осы тақырыппен тығыз байланысты. Қазақстанның халық әртістері Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов, Сералы Қожамқұлов және өз еңбектерімен белгілі бір белеске көтерілген жерлес ақындарымыз туралы жәдігерлер қорымыз да аз емес.

Үздіксіз еңбегіміз жемісін беріп,соңғы жылы Балғожа бидің ұрпағы - Жанат Әубәкірұлы Хаджиев туралы мәлімет алдық. Бұл азамат Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрын биік көтерді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз тарлан сыйлығының, «Құрмет орденінің иегері», Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры.

Тарихтың төрінен өз орнын ойып алған ағартушы Ы.Алтынсариннің осы туысымен кездесіп, танысып, толығырақ материалдар жинау үшін келесі жылға Алматы қаласына іссапарға баруды жоспарлап отырмыз.

Осындай маңызды тарихи деректерді ала отырып, оларды көпшілікпен, әсіресе жастармен бөліскенді жөн көреміз. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» дегендей еліміздің өткені өсіп келе жатқан ұрпақтардың жадында сақталса екен дейміз. Өйткені, еліміз бен жеріміздің келешегі солардың қолында. Соңғы уақытта жастардың тарихқа деген қызығушылықтары артып, музейге жиі келеді. Бұл да біздің, яғни музей қызметкерлерінің еңбегі деп айтуға болады. Жыл бойы жоғары және басқа да оқу орындарына, мекемелерге барып, халқымыз­дың мәдени, тарихи мұрасын жан-жақты насихаттаймыз. Жоғарыда баяндалғандарды осы ісіміздің нәтижесі деп білемін,бүгінгі таңда музей ғылыми қызметкерлерінің қатары жастармен толыға түсті.

Тарихи құндылықтарды сақтау - тарих алдындағы ерекше парызымыз болып қала бермек. Парызға берік болу-азаматтық, отаншылдық борыш. Ол бізге көне мұра үлгілерінің тарихын жүйелеуде, шоғырландыруда қол жеткізген табыс­тармен бірге «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында алдағы уақыттарда да жүзеге асырылатын міндеттерді айқындайды. Уақыт талабы өткен тарихқа мүлдем жаңа қырынан қарауды қажет етеді. Елімнің тарихын білемін деп музейге келген жас ұланның бойын айрықша мақтаныш билесе, бәріміз үшін де ғанибет емес пе.

4639 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper