Анонс


ҚР Ұлттық музейі еліміздің өңірлеріндегі құнды экспонаттарды реставрациялауға көмек көрсетуде

Жұма, 30 Қазан 2015 17:24
ҚР Ұлттық музейі еліміздің өңірлеріндегі құнды экспонаттарды реставрациялауға көмек көрсетуде KAZMUSEUM.KZ -  

Ұлттық музейде 300-ден астам экспонатқа реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы бүгін Астанада «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында ҚР Ұлттық музейі директорының қор қызметі бойынша орынбасары Абай Сатыбалдин мәлім етті.

«Биыл біз реставрация мен консервация бойынша бөлек қызметті құрдық. Қызмет екі бөлімнен тұрады, яғни онда реставрация мен консервация бөлімі және консервация мен реставрацияның зертханасы жасақталды. Атап айтқанда, реставрация мен консервация бөлімі төрт сектордан қалыптасқан. Біріншісінде ағаш, тері, сүйек және металл бұйымдардың реставрациясы жүргізіледі. Екіншісі, көркем сурет, графика және қағаз реставрациясы бағытында жұмыс істейді. Келесі сектор кілем мен киіз бұйымдарды қамтыса, төртінші сектор фарфор, шыны және өзге де керамикалық заттарға реставрациялауды жүргізеді», - деді А.Сатыбалдин. 

Оның сөзіне қарағанда, аталған қызмет ашылғалы реставраторлар 300-ден астам экспонатты жаңғыртты. Бұлар музейдің қорлары мен экспозицияда сақталып жүрген экспонаттар. Тиісті сараптамалық жұмыстар жүргізілгеннен кейін, экспонаттар реставрациялық қызметке жіберіледі. 

«Сонымен қатар біз өңірлерден келген музейлердің көрмелерін өткіземіз. Атап айтқанда, өңірлердегі музейлердің экспонаттары да реставрациялауды қажет етеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, олар Ұлттық музейде экспонаттарын жаңғырта алады», - деді А.Сатыбалдин.

Автор: Руслан Ғаббасов

6082 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper