Анонс


Ақтауда «Әбіш Кекілбайұлы оқулары – 2024» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Дүйсенбі, 30 Қыркүйек 2024 17:46
Ақтауда «Әбіш Кекілбайұлы оқулары – 2024» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Ақтауда «Әбіш Кекілбайұлы оқулары – 2024» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

  Конференцияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қатысты.

  Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

  – Әбіш Кекілбайұлы – төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерген заңғар жазушы, классик қаламгер. Сөз зергері ерекше дарыны мен телегей-теңіз білімінің арқасында шеберліктің шыңына шығып, теңдессіз туындылар жазды. Әбіш Кекілбайұлы – тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, мемлекеттігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Ол жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, халқына қалтқысыз қызмет етті. Ұлт мүддесін және ел бірлігін қашанда бәрінен биік қойды. Әбіш Кекілбайұлының отаншылдығы, парасаттылығы, білімпаздығы мен еңбекқорлығы – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Оның танымы терең, талғамы мол мұрасы әлі талай буынға рухани азық болары сөзсіз. «Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждем» деп, Отанын шексіз сүйген абыз Әбіштің есімін ел жадында сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз, – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

  Мәжіліс спикері өз сөзінде Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойы шын мәнінде халықтың мерекесі, ұлттың тойы екенін атап өтіп, Алаш абызының адами болмысын, қайраткерлік қырларын еске алды.

  Пленарлық мәжілісте ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров «Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық лабораториясы» тақырыбында баяндама жасады.

  «Әбіш Кекілбаевтың арнайы жұмыс кестесі болған жоқ. Ол күніге бес жүз сөз жазатын Хемингуэй, таңғы сағат төртте тұрып, алты сағат сілтейтін Харуки Мураками, таңертең үш сағат, кешке үш сағат жазған Жан Поль Сартр секілді белгілі бір режімге дағдыланбады. Эдгар По сияқты жазу үстелінде ештеңе жазбай, екі-үш сағат ақ қағазға телміріп, шабыт күтіп отыру әдетінде болған жоқ. Александр Дюма (әкесі) тәрізді квадрат пішіндес қағаз болмаса, қаламы жүрмей, жазуын дереу доғаратын, Владимир Набоков секілді арнайы  жәшікте тұратын шағын карточкаларға жазатын шектен тыс кірпияздығы да бола қоймаған сияқты. Желдің ұйтқығанына қарамастан есікті ашып тастап, парақты кірпішпен бастырып қойып, қалам сілтейтін Марк Твенге, көпке дейін жеке кабинеті, тіпті арнайы жазу үстелі де болмаған Агата Кристиге қарағанда Әбіш ағамның жағдайы жақсырақ еді. Өйткені, аяулы анасы Айсәуле мен жан жары Клараның арқасында бабы мен бағы бір-бірінен кем түскен жоқ.

  Жиырмасыншы ғасырдың ең өнімді жазушысы, 86 жылдық ғұмырында 425 кітап жазған, күні-түні тапжылмай бір отырғанда  80 парақтан қайыратын Жорж Сименондай жанкешті болмаса да, шығармалары жиырма томды құрайтын Әбіш Кекілбаев – қазақтың ең өндіре қалам тербеген жазушыларының бірі», - деді баяндамасында Б.Омаров.

  Конференцияның пленарлық мәжілісінде Әбіш Кекілбайұлының замандастары, жазушылар мен ақындар, халықаралық ұйымдардың өкілдері де сөз алып, мерейтойға лебіздерін білдірді.

   Жазушының 85 жылдық мерейтойына арналған конференция 4 секциядан тұратын отырыстарға жалғасты. «Әбіш Кекілбайұлы шығармаларындағы отандық тарих мәселелері» (модераторы – Э.А. Абланова, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры), «Әбіш Кекілбайұлы мұрасы музей қызметі контекстінде»(модераторы – Н.Ж.Жолбарыс, музейтанушы), «Әбіш Кекілбайұлы – мемлекет және қоғам қайраткері» (модераторы – Г.М. Адамбаева, ф.ғ.к., доцент), «Әбіш Кекілбайұлының әдеби шығармашылық мұрасы» (модераторы – Г.Қ. Қортабаева, ф.ғ.к., доцент) тақырыптарындағы секциялық отырыстарда 100-ге жуық баяндама оқылды. Баяндамалар жақын арада жинақ болып шығады.

  Сонымен қатар, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі атынан «Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығы» атты мерейтойлық төсбелгімен марапатталды.

 Айта өтейік, «Әбіш Кекілбайұлы оқулары – 2024» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Түркия, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және отандық ғалымдар қатысты.

  Конференциядан кейін Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі мерейтой қонақтары үшін Маңғыстау облысының киелі жерлеріне арнайы сапар ұйымдастырды.

363 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper