Анонс


Музей қорын қалыптастыру көздері мен жинақтау әдістері

Жұма, 02 Ақпан 2024 00:22
Музей қорын қалыптастыру көздері мен жинақтау әдістері KAZMUSEUM.KZ -  

Қай музейдің болса да қызметі музей қорының жинақтарын қалыптастырудан басталары сөзсіз. Алдымен топтамаларын қалыптастырмай, олардың күтімін қамтамасыз етпей, музей өзінің қоғамдық функцияларын жүзеге асыра алмайды.Сондықтан да музейдің ғылыми-қор жұмысының құрамдас маңызды бір бөлігі әрине музей топтамаларын жинақтау болып табылады.

Кілт сөздер:музей қоры, музей топтамасы, ғылыми жинақтау, жинақтау принциптері, жинақтау әдістері, сый тарту акциялары, экспедициялар.

 

Қай музейдің болса да қызметі музей қорының жинақтарын қалыптастырудан басталары сөзсіз. Бұл қызмет түрі шетелдік музей ісінде тіпті «музей топтамаларын қалыптастыру саясаты» деп аталады. Музей қоры осы жұмыстың тиімділігінің басты көрсеткіші. Алдымен топтамаларын қалыптастырмай, олардың күтімін қамтамасыз етпей, музей өзінің қоғамдық функцияларын жүзеге асыра алмайды.Сондықтан да музейдің ғылыми-қор жұмысының құрамдас маңызды бір бөлігі әрине музей топтамаларын жинақтау болып табылады.

Онысыз бірде-бір тарихи үдерісті немесе табиғи құбылысты дәлме-дәл құжаттау мүмкін емес. Сондықтан да ғылыми-қор жұмыстарын жобалау кезеңінде алдымен ғылыми жинақтау жұмысының тұжырымдамасы зерттеп дайындалады.

Ғылыми жинақтау - музей қызметкерлерінің арасында таптаурынға айналған заттарды жинау емес, қолданыс аясынан музейлік маңызы бар заттарды табу арқылы:

¾         дереккөздердің кешенділігі;

¾         қордың біртұтастығы;

¾         нақтылығы;

¾         мемориалдығы; принциптеріне негізделген музей топтамаларын қалыптастыру.

Жинақтаудың ғылыми концепциясы дегеніміз – музей топтамаларын қалыптастырудағы басты бағыттарды анықтайтын құжат- жинақтау жоспарының негізі.Ол музейдің алға қойған міндеттеріне сәйкес әрбір бөлімнің музей топтамаларын қалыптастырудағы жұмыстарын үйлестіруге, жинақтау жоспары мен бағдарламаларын жасауға, негіз болады.

Концепцияда жинақтау әдістері ашып көрсетіледі:

¾         жүйелі жинақтау-белгілі бір көздерден алынған біртипті музейлік заттармен музей топтамаларын әрдайым толықтырып отыруды жүзеге асыру;

¾         тақырыптық жинақтау-белгілі бір тақырыпта тарихи үдерістер мен құбылыстарды зерттеуді көздеу;

¾         ағымдағы жинақтау – жинақтаудың әр түрлі әдістерін талап ету.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 13 мамырдағы № 129 бұйрығымен бекітілген.

Қазақстан Республикасының музей қорын қалыптастыру және ұстау қағидаларында Музей қорын қалыптастыру келесі жолдармен жүзеге асырылады:

1)  мәдени құндылықтарды сатып алу;

2)  жеке және заңды тұлғалармен ақысыз негізде берілген мәдени құндылықтарды іріктеу; 

3) Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 12578, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 7 желтоқсандағы № 376 бұйрығымен бекітілген Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары алған материалдар мен олжалар ғылыми тіркелгеннен және өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беру қағидаларына сәйкес жеке және заңды тұлғалармен берілген мәдени құндылықтарды қабылдау деп көрсетілген болса, ал музейлік тәжірибеде жинақтаудың әр түрлі әдістері концепцияда ашып көрсетіліп жүзеге асырылады:

¾         экспедиция;

¾         ғылыми іс сапар;

¾         сатып алу;

¾         музейлер арасындағы айырбас;

¾         сыйға беру;

¾         тапсыру; (археологиялық экспедициялар нәтижелерінде)

¾         көрмелерден жинақтап алуды қарастыру;

¾         алдын–ала жоспарланбаған, жер қазу, құрылыс орнын аршу т.т. жұмыстар кезінде табылған «кездейсоқ табыстар»;

¾         қайталама шикізат кеңселерінде жиналған заттардан жинақтау.

Осы орайда айта кету керек, кейбір мәліметтер бойынша осындай бір кеңседен Сақ дәуірінің қола қазаны табылған.

Бұдан басқа да, антикварлар мен букинистерден сатып алу немесе сот шешімі мен кеденде тәркіленген бұйымдардан топтамаларды толықтыру қарастырылады. Сонымен қатар музей қорын толықтырудың ең бір тиімді жолы «оқиғаның ізін суытпай жинақтау әдісі, яғни өтіп жатқан спорттық ойындар жарыстары, олимпиада жеңімпаздарын қарсы алу, авторлық көрмелер т.т. 

Жинақтау концепциясының негізінде жинақтау бағдарламасы дайындалады.Бұл бағдарламада жинақтаудың негізгі принциптері, міндеттері мен мақсаттары баяндалып, ғылыми экспедициялардың тақырыптары мен музейлік маңызы бар заттарды анықтау үшін қажетті заттардың қолданыс ортасы мен мәдени-табиғи кеңістігін зерттеу бағыттары анықталады. Осы бағдарлама негізінде жинақтау нысандары, көздері мен аймағы көрсетілген жинақтау жоспары құрылады.

Концепцияны дайындау барысында музей бөлімдері арасында ғана емес, сонымен қатар ортақ мүдделі басқа музейлер мен мекемелер арасын да үйлестіру мәселелері ескеріледі.

Жинақтау тәжірибесіндегі мынандай өзекті мәселелерді: қазіргі замандық шынайылық объектісін анықтау, олар тарихи бағыттағы музейлерге сай келуі керек, қазіргі замандық музейлік маңызды заттарды тандап алу критериі мен әдіс-тәсілдерін жасау сияқты мәселелерді атап өтуге болады. Музейге ұйымдар мен жеке адамдардан түскен заттарды қабылдап алу.

Әр түрлі мекемелер мен жеке адамдардан заттардың жиналуы музейдің жинақтау жұмысының орындалу дәрежесі мен әр түрлі формасына және музейлердін өнеркәсіптер, мәдени орындармен, партиялық, мемлекеттік органдармен байланысының жергілікті халықтар арасындағы беделімен тығыз байланысты.

Музей қызметінің жинақтау саласындағы қолданатын әдістерін атап шықтық. Сонда да солардың ішіндегі кең тарағаны белгілі бір мерзімде «Музейге сый тарту» акцияларын ұйымдастыру, музейдің қоғамдық белсенділеріне кіретін кейбір адамдар арқылы, басқа да жерлерде тұратын корреспонденттер арқылы заттарды іздестіру болып табылады. Акцияларды өткізу айтарлықтай дайындықты талап етеді, себебі тұрғындар тұрмыста енді өздеріне қажет емес біртекті заттарды көптеп әкелуі мүмкін. Бұндай жағдайда тапсырушының көңіліне қарап, музей қорына аса маңызды емес, кездейсоқ заттарды қабылдау қаупі туындап, музей қорын жәдігерге қойылатын талапқа сай емес заттармен толтыру орын алуы мүмкін.

Музейлік маңызы бар заттар белгілі бір өмір саласын бақылаудың нәтижесінде анықталады. Олар: жергілікті халықтардың өмірін танып білу, бақылау, белгілі тарихи тұлғалардың ұрпақтарымен тікелей араласу, естеліктерін тыңдап жинақтау, маңызды оқиғаларға қатысушылар мен ғалымдар ақын, жазушылар, суретшілермен  музей деңгейінде қарым-қатынас жасау және т.б.

«Ұлттық  музейге сый тарту» акциясы 2015 жылғы 18 наурызда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтанатты түрде бастау алған болатын. Кейін Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент, Қостанай, Орал қалаларында жалғасын тапты. Акцияның мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының жәдігерлерін, ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды кәсіби тұрғыда сақтауға және көпшілік назарына ұсыну үшін Ұлттық музейге тапсыруға үндеу. Біздің акцияның ерекшелігі: жоспарлы түрде, кімнен не алатынымызды алдын ала дайындық жүргізіп, зерттеп, тектеп алып іске кірісеміз. Музейге келетін заттың құндылығы мен тарихи маңызына ерекше мән береміз. Жүздеген заттың ішінен бір бағалысын, әсерлісін, тарихи маңызы барын таңдай білу қажет. Мысалы қаламгер өз жеке кітапханасынан көптеген кітаптарды ұсынар. Бірақ соның ішінде қаламгердің өз қолтаңбасы қалған бір парақ қағаз бізге құнды болуы мүмкін. Себебі сол жазушының тарихи құнды еңбек жазу барысындағы алғашқы қолжазбасы, түзетулерінің тарихи құны ерекше болып есептеледі. Себебі ол әйгілі шығарманың туу процесін көрсететін айғақтық құжат. Мұндай құнды дүниелер көп. Халқымыз құнды жәдігерлерді беруге өте белсенді араласты, әттең, анау халқымыздың ескіден қалған дүниелерді тәбәрік ретінде жыртып алып кететін әдеті, ұнаған нәрсені қалап, сұрап алатыны, ақыр соңында одан із-түзсіз жоғалып кететіні көптеген мұраның болашаққа жетуіне қолбайлау болды. «Ұлы тұлғалар ұрпақтары» деген жобаны да қолға алып жатырмыз. Бұл жоба арқылы біз елге еңбегі сіңген, танымал, ұлы тұлғалардың ұрпақтары жайлы деректерді жинақтап, халық назарына ұсынатын боламыз. Бұдан әрі де тығыз байланыста жұмыс істейміз деген ниеттеміз. 2015 жылдың наурызында бастау алған акция Астана мен өңірлерді қосқанда 12 рет өткізілді, акцияға 268 адам сый тартып, музей қоры 2821 тарихи құнды жәдігерлермен толықты. 2016 жылдың қорытынды акциясы аясында Ұлттық музей  2014-2016 жылдары «Ұлттық  музейге сый тарту» акциясына қатысқан азаматтардың есімдері жазылған «Алғыс тақтасының» таныстырылымын өткізді. 

Музейге түскен заттар музейлік маңыздылығын анықтау барысындағы ғылыми негізделген күрделі іріктеуден өтеді. Музейлік маңызы бар деген заттарды алдымен уақытша қабылдап, ол  музей қызметкері мен заттың иесі қол қойып актіленеді. Сонымен қатар тапсырушы заттың шығу тегі, жасаған шебері немесе авторы туралы, оның қолданылған ортасының тарихы туралы мәліметтер, яғни әфсанасы қоса жазылған сыйға беру немесе сату жөнінде көрсетілген өтінішін толтырып жеке қолын қояды.Заттың әфсанасы оның тарихи  құндылығын анықтауға көмектескенімен, ол зерттеу барысында нақтылауды қажет  етеді. Осыдан кейін музей мамандары сараптамалық қорытынды жасайды.

Музейдің қор іріктеу комиссиясының мүшелері осы құжаттардың негізінде затты қорға алу керек пе, әлде қайтару керек пе және заттар негізгі қорға ма немесе ғылыми-көмекші корға ма деген сияқты мәселелерді шешеді. Ал, мұның бәрі арнайы хаттамаға жазылып қойылады. Тарих және қазіргі заман бойынша қорларды жинақтау мақсатында жүргізілген далалық зерттеулер таңдап алынған аймақтың бағыттық экспедициялық зерттеу әдісін қолданады.

Музейлік экспедициялар нақты алынған міндеттерге байланысты бір-ақ рет немесе бірнеше рет жүргізілуі мүмкін. Ол белгілі бір аймақтың қалыптасуынан дамып, жетілуіне дейін зерттеуі керек.

Далалық зерттеулердің тағы бір түрі оқиғаның болған жерін, оның ізін суытпай жүргізілетін репортажды жинау болып табылады. Музей практикасында тандап алынған шынайылық объектісін (аймағын) зерттеудің этнографтар қолданатын стационарлық әдістерін  де қолданады. Бұл әдісті музей тұрмыстық салттарды зерттеу мен материалдық мәдениет тарихы коллекциясын толықтыруда заттарды іріктеу сияқты міндеттерін шешуге пайдаланады. Музей көбінесе ұзақ мерзімді бақылау жүргізуді  жергілікті тұрғындар арасынан өздерінің корреспонденттеріне тапсырады. Көптеген музейлер жүргізіп тұратын, стационарлық әдіске  ұқсас тағы да тұрақты жұмыс істейтін экспедициялық зерттеулер де жүргізіледі.

Археологиялық экспедициялармен қатар жаңа және қазіргі заман тарихы бойынша жүргізілетін экспедицияларды ұйымдастыру анағұрлым жетілдірілген.

Негізінен экспедицияның жұмысы үш кезеңге бөлінеді:

¾         дайындық кезеңі,

¾         далалық зерттеулерді өткізу,

¾         қорытынды кезең.

Дайындық кезеңі экспедицияның міндетін анықтау, тақырыпты таңдау, аймақтық таңдауды негіздеу, тұрақтандыру. Бұл кезеңде экспедицияның тақырыбына катысты ғылыми әдебиеттер оқылып, өз және басқа да музейлердің жинақтарындағы коллекциялар қарастырылып, жұмыстың бағдарламасы мен бағыты жасалады. Бірінші кезеңнің қорытынды бөлігінде экспедицияның жетекшісі басқа да экспедиция мүшелерінің қатысуымен қор сатып алу(іріктеу) комиссиясы мен музей дирекциясы үшін арнайы баяндама жасайды.

Екінші кезең - далалық зерттеу кезеңі жұмыстың жоспары мен бағытын экспедиция болатын орнын анықтап, нақтылаудан басталады. Келген бетте экспедиция барысында жүргізілетін сұранысқа қатысты адамдардың тізімі жасалады немесе ол алдын ала жасалып қойылған болса, ол нақтыланып, тексеріледі.

Далалық зерттеулерге мынандай қызметтер кіреді, далалық бақылау; жергілікті тұрғындармен әңгімелесу, сөйлесу, олардың әңгімелерін жазып алу; экспедицияның тақырыбына сай келетін дереккөздер-маңызды музейлік заттарды анықтау; ілеспелі мағлұматтарды зерттеу; ол ауызша немесе жазба түрде (жазбалық, өнер туындылары, дыбыстық түрде) болуы мүмкін. Далалық зерттеу барысында кейбір заттардысуретке түсіру, өлшеу және де казіргі замандық техникалық құралдар арқылы заттарды сипаттау, қосымша құжаттық деректер жиналады. Осы құжаттардың бір бөлігі музейлік маңызды заттық сипат алуы мүмкін. Ал басқа бөлігі ғылыми - косалқы қорға енеді.Далалық зерттеу барысында жұмыс процесін, қалыптасқан коллекцияның құрамын көрсететін экспедициялық құжаттар жүргізіліп отырады.

Музейлік маңызды заттарды қабылдап алу актісі ең қажетті заңдық құжат болып табылады. Олар қабылдап алу кезінде бір немесе бірнеше заттарға жасалады да, онда музейдің атауы, материалды өткізіп отырған ұйымның атауы немесе адамның аты-жөні, заттардың саны, сапасы жазылады. Актіге затты өткізуші адам мен музей қызметкерлерінің қолы қойылып, оған дата көрсетіліп, нөмірленеді. Ал, ол экспедицияның соңында музей заттарының қабылдау актісінің тізіміне қосылады. Далалық тізімдеме экспедицияның негізгі ғылыми кұжаты болып табылады. Ол экспедиция мүшелеріне далалық жағдайдың өзінде де заң, музейлік маңыздылығын анықтауға көмектесетін заттың негізгі белгілерін ескеріп отырып жазады:

1) Нөмірленеді;

2) Заттың атауы мен сипаттамасы;

3) Заттың саны;

4) Датасы;

5) Шыққан жері, тарихы, кімге жатқандығы туралы;

6) Размері, сақталу дәрежесі;

7) Заттың кімнен түскені және оның иесі;

8) Бағасы немесе сыйға тартылғаны туралы (қолхат, өтініш)жазбалар;

9) Қабылдап алынған датасы мен құжаттар (счет, акт);

10) Номер және қор бөлімінің шифрі;

11) Ескертпелер. Бұл деректердің бәрі затты белгілі бір тақырып бойыншабайланыстыруға, оның түпнұсқалығын анықтауға, заттың ерекшелігін анықтауға көмектеседі.

Экспедиция күнделігі екінші маңызды құжат болып табылады. Онда жұмыстың жүру барысы: шынайылық бақылау, заттар туралы мәліметтер, кездесулер, далалық опиське кірмеген заттардың деректері. мысалы заттың авторы мен иеленушісі туралы жан-жақты мағлұматтар, ізденіс пен зерттеудің ары қарай жүру барысы жазылады.

Арнайы дәптерлерге музей зерттеген оқиғаларға қатысушылардың, қариялардың, ардагерлердің әңгімелері жазылып алынады. Негізінен экспедицияның бір мүшесі алдын ала дайындалынып алынған сұрақтар барысында әңгіме жүргізсе, екінші мүшесі оны жазып алып отырады. Бір дерек туралы бірнеше жазылып алынған жазбалар, сол фактінің дұрыстығын тексеруге мүмкіндік береді. Экспедиция түсіріліп алынған фотосуреттердің, негативтің нөмірін, орнын, уақытын белгілей отырып, арнайы реестр жасайды.

Экспедицияның музейлік маңызды заттарды анықтау барысында оны толық жүргізу үшін арнайы мекен-жайлық кітабы болады. Онда экспедиция кезінде үйінде болмаған немесе басқа жақта тұратын адамдардың мекен-жайы жазылады. Бұл кітап музейдің қызықтырған материалдарын іздестіру жұмысын кеңейтуге және далалық зерттеу аяқталғаннан, кейінде іздестіру жұмысын жалғастыруға көмектеседі.

Бұл аталған құжаттардың - күнделік, әңгіме жазбасы, фотосуреттердің тізімінің барлығы арнайы номер қойылып, экспедицияның описіне кіргізіледі. Бұл олардың экспедициялық коллекциялармен біріктіріліп сақталуына жағдай жасайды.

Экспедицияның сәтті жүруі оның жүргізген жұмыстарының бағытына байланысты. Ол экспедиция мүшелерінің жергілікті халықты өз міндеттерімен қызықтыра алуына, олармен тығыз байланыс жасай алып, олардан музейлік заттарды және оның ілеспелі мағлұматтар ала алу сияқты жұмыстарын нәтижелі жүргізуіне тікелей байланысты.

Жұмыстың қорытынды кезеңі музейге қайтып келгенде басталады. Оған жиналған материалдарды негізгі мәселе төңірегінде жүйелеу, оларға алдын ала анализ жасау кіреді. Экспедициялық коллекцияны қор-сатып-алу комиссиясы қарастырып, оның музейлік маңызын бағалайды.

Осы алынған музей заттары мен ғылыми-қосалқы материалдар қордың қызметкерлеріне өткізіледі де, далалық тізімдеме соңғы беттеріне бұл туралы арнайы жазба жазылады.

Бұл қорытынды кезеңде экспедиция жұмысы туралы ғылыми есеп жасалады және осы коллекциялардың негізінде, жиналған материалдар бойынша көрме мен ғылыми конференциялар ұйымдастырылады.

Әр типті заттардан тұратын экспедицияның коллекциясы музейге түскеннен кейін, әр қорларға бөлініп тасталынады. Бұл заттардың өзіне тиісті қорларда сақталынып, белгілі саладағы мамандардың арнайы зерттеулер жүргізуі үшін қажет. Бірақ та, музей қызметінде экспедицияның коллекциясы бір тұтас кешен ретінде қарастырылады. Экспедиция коллекциясы музейдін ғылыми анықтамалық құжаттарына тіркеумен қатар, экспедицияның құжаттары мен далалық описьте мәңгі сақталады.

Экспедицияматериалдары әр түрлі формада жарық көреді. Ғылыми есепті жариялау ғылыми-конференцияның материалдары мен ғылыми сипаттау барысында жарыққа шығады. Міне музей әртүрлі әдіспен жүргізіп отырған әрбір жинақтау жұмысының қорытындысы тек музей қорының толығуы емес, сонымен қатар музей зерттеулерінің ғылымға қосқан үлесі.

Рыскүл БЕКТАЛИЕВА

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Пищулин Ю. П. О научном комплектовании музейных фондов // Актуальные проблемы фондовой работы: сб. науч. тр. НИИ культуры. № 83. М., 1979. – С. 3-15.
  2. Разгон А.М. К вопросу о научном комплектовании фондов в музеях исторического и краеведческого профиля// Актуальные вопросы музееведения: сб. ст. — М., 1982. – С. 47-51.
  3. Проблемы комплектования, научного описания и атрибуции этнографических памятников: Сб. науч. тр. ... и др.]. - Л.: Гос. Музей этнографии народов СССР, 1987. – 163 с.
  4. Тельчаров А.Д. Основы музейного дела. М., 2005. – 184 с.
  5. Авижанская С.А., Галкина Е.Л. К вопросу об изучении и научном описании предметов этнографии в процессе комплектования и научной обработки// Актуальные проблемы фондовой работы музеев. М., 1980. – С.81-102.
  6. Юренева Т.Ю. Музееведение. М., 2004. – 560 с.
  7. Основы Музееведения( под ред. Э.А. Шулеповой) М., 2009. – 504 с.
557 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper