Анонс


Тараздың тарихи моншалары

Бейсенбі, 26 Маусым 2025 19:17
Тараздың тарихи моншалары KAZMUSEUM.KZ -  

Тараз – қазақ даласының ең ежелгі әрі рухани мәні зор қалаларының бірі. Тарихы тереңде жатқан бұл қала талай дәуірдің куәсі болып, түркі халықтарының өркениеті мен мәдениетінің ошағына айналған.

Бүгінде халқымыздың тарихи тамырына айналған Тараз қаласының орнынан табылған қоғамдық ғимараттардың бірі – ортағасырлық монша қалдықтары. Тарихи деректерге сүйенсек, көне қалалардың әрқайсысында кемінде 5–6 монша болған.

Монша адамның жан дүниесін, көңіл-күйін тынықтырып, рухани ләззатқа бөлейтін ерекше кеңістік ретінде қабылданған. Бұл түсінік орта ғасыр дәуіріндегі шығыс пен ислам мәдениетінің денсаулық пен сұлулыққа деген көзқарасын бейнелейді. Сонымен қатар, монша ем алу орны деп те есептелінген. Мәселен, Эрзерум, Брусса, Тиблисидің моншалары шипалы арасан су көздерінің үстіне салынған. Кейбір деректерде бұл моншаларда әртүрлі емдік шаралар жүргізіліп, сауықтыру массаждары жасалған, сондай-ақ, дәрілік өсімдіктердің қайнатпасынан келушілер ванна қабылдайтын болған. Атақты Ибн Сина монша адамдардың қан айналымын жақсартатын, улы заттарды тері арқылы шығаратын, бұлшық ет пен буындарды босататын, жүйке жүйесін тыныштандыратын орта ретінде сипаттаған. Ибн Сина монша бөлмелерінің кең әрі жарық, жылы, суының мол болуын, қабырғаларының адам жанына жайлылық сыйлайтын көркем суреттермен безендірілуін ерекше жоғары бағалаған. Оның пікірінше, мұндай орта – тек тән тазалығы үшін емес, жан рахаты мен ағзаның сауығуына да үлкен септігін тигізеді. IX–X ғасырлардағы дәрігер Закария ар-Рази да моншаның адам ағзасына жағымды әсерін атап өтіп, көңіл сергітіп, мұңды сейілтетін мекен ретінде көріп, ішін көркем суреттермен безендіруге кеңес берген. Осыдан-ақ, орта ғасырдағы адамдар монша қабырғаларындағы әр алуан тақырыпта бейнеленген көркем суреттерден шабыт алып, эстетикалық ләззатқа бөленіп, жан рахатына бөлене дем алғанын байқауға болады [1. 299].

Шығыс елдерінің қалалық тұрғындары үшін моншаның мәні мен маңызы ерекше болған. Мұндай орындардың қадір-қасиеті халық арасында кеңінен танылып, «Мұсылманға мешіт қаншалықты қажет болса, монша да сондай қажет» деген сөз тараған. Мысалы, X ғасырдың алғашқы жартысында Бағдат қаласында 10 мыңға жуық монша жұмыс істегені белгілі. Бұл деректен сол заманда моншаның қаншалықты кең таралғанын және халықтың күнделікті өмірінде маңызды орын алғанын анық көруге болады. Ортағасырлық әйгілі каллиграфтың Мешхедтегі монша қабырғасына қашап жазған мынадай сөзі қалған: «Хаммам – саз балшық пен кірпіштен жасалғанымен, жұмаққа ұқсайды» [2. 101].

Сонымен қатар, монша ежелден-ақ көпшіліктің бас қосатын орны ретінде де қызмет атқарған. Мұнда түрлі дәрежедегі лауазымды тұлғалар мен көпестер, зиялы қауым өкілдері кездесіп, маңызды қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді талқылаған. Осы тұрғыдан алғанда, бұл моншалар ежелгі грек пен рим моншаларына, сондай-ақ дәстүрлі түрік хаммамдарына ұқсас сипатта болған.

XI ғасырдағы әдеби мұраларда моншаға түсуге қатысты арнайы ережелер мен ескертпелер де жазылып қалдырылған. Онда моншаға тек тән тазалығы үшін емес, денсаулық пен әдепке сай мәдениетпен кіру қажеттігі ескертіледі:

«Моншаға қарныңды тойғызып барма – ол зиян. Күнде бара беруге де болмайды – ол денеңе ауырлық түсіреді. Екі күнде бір рет түскен жөн. Қысы-жазы, ең алдымен, денеңді үйретіп ал: алдыңғы бөлмеде аз-кем аялда, кейінгі бөлмеде де біраз тынығып барып, содан соң ғана ыстық буға масаттанып кір. Бірақ онда да ұзақ отырып қалудан сақтан. Бу денеңе толық сіңген соң, оңаша бөлмеде жуын. Ыстық пен салқын суды кезек-кезек құя беруге де болмайды – оның да шегі бар. Моншадан шыққанда шашыңды құрғат – сулы шашпен сыртқа шығу – парасатты кісіге жараспайды. Әсіресе қадірлі қауымның көзіне сулы шашпен көріну – үлкен әдепсіздік. Моншада сыра мен салқын судан бойыңды аулақ ұста – ол денеңе зиян, ісініп қалуың мүмкін…»

Бұл өсиет – сол дәуір адамдарының тазалық пен мәдениетті, денсаулық пен әдепті қатар ұстанғанының айғағы. Бұдан біз бабаларымыздың өмір салтына қаншалықты мән бергенін, тіпті күнделікті әрекеттердің өзін рухани тәрбие құралына айналдыра білгенін көреміз.

Археологтар Тараз қаласы аумағында жүргізілген қазба жұмыстары барысында екі ортағасырлық моншаны анықтады. Біріншісін 1938 жылы атақты ғалым Александр Бернштам тапқанымен, өкінішке қарай, 1940 жылы ол қайта көміліп тасталды.

 

Суретте: Тараздың алғашқы моншасы

Монша жобасы шамамен шаршы пішінді болып, өлшемі 13,60х12,40 метр. Құрылыста өлшемі 50×50×6,5 сантиметр болатын күйдірілген кірпіш қолданылған. Нысан алты бөлмеден тұрған. Бірінші, киім шешетін бөлмеде екі орындық пен пештің іздері анықталған. Ал моншаның оңтүстік-батыс бөлігіндегі бөлмеде жуынуға арналған астау мен еденнен сыртқа су ағатын арнайы қуыстар болған. Төбе қалдықтарына қарағанда, бұл монша көп күмбезді құрылыс болған. Еден астынан X–XI ғасырларға жататын 17 көне тиын мен жақсы сақталған шырағдан табылған. Александр Бернштам моншаны XI ғасырдағы Қараханидтер дәуірінен қалған жәдігер деп тұжырымдайды. Өйткені моншаның қабырғаларындағы геометриялы, шөп тәрізді ою-өрнектердің Айша бибі кесенесіндегі өрнектермен ұқсас болып шыққан.

Екінші хамам типіндегі монша 1970–1972 жылдары табылған. Зерттеу барысында Көк базар маңындағы бұрынғы ет қоймасының орнында орналасқан, көлемі 10,5х10 метр болатын төртбұрышты құрылыс анықталды. Қабырғаларының биіктігі шамамен 1,5 метр, ал қалыңдығы 90 сантиметрге жететін бұл монша күйдірілген кірпіштен қаланған және төрт бөлмеден тұрған. Моншаның ең үлкен бөлмесі шешінетін орын болған. 2–3-ші бөлмелер жуынуға, бу қабылдауға арналған. 4-ші бөлмеден ыстық су құятын астау орны табылған. Еден астынан өтетін жылу арналары мен қыш құбырлар арқылы жылу тараған, бұл монша ішін жылы әрі жайлы еткен. Жылу жүйесі мұқият қаланып, жақсы сақталған. Моншаның солтүстігінде орналасқан пештен тараған жылу арнайы құбырмен сыртқа шығарылған. Батыс бөлікте лас суды сүзетін және құдыққа бағыттайтын екі сүзгі жүйесі болған. Ауыз су терең құдықтан алынған. Қазба барысында көп күмбезді құрылыс болғанын көрсететін төбе сынықтары мен түрлі тұрмыстық заттар – қыш ыдыстар, шырағдандар табылған.

 

 Суретте: Хамам моншасы

Зерттеулер көрсеткендей, моншалардың орналасуы қаланың санитарлық тазалық талаптарын ескере отырып, сыртқы қорғаныс дуалдарының ішкі жағына салынған. Бұл жағдай моншалардың қала тұрғындарының денсаулығын сақтаудағы рөлін көрсетеді. Сондай-ақ, Талас өзенінің ағысы деңгейінің төмендігіне қарамастан, биік жерлерден табылған су құбырлары моншаларға қажетті судың өзеннен шығыршақ арқылы су қоймасына құйылып, кейін құбырлар арқылы моншаға жеткізілгенін дәлелдейді. Бұл жүйе қала тұрғындарының сумен жабдықталуы мен гигиена саласындағы жетістіктерін айғақтайды. Екі монша да сәулеті мен құрылымдық ерекшеліктері жағынан Қали Жүніс моншасына ұқсас болып шықты [3. 126].

Қали Жүніс моншасы да осы ортағасырлық шығыс монша дәстүрінің сарқыншақтарын бойына сіңірген. XX ғасырдан жеткен, жақсы сақталған шаруашылық-тұрмыстық ескерткіші. Тараз қаласының орталығында орналасқан бұл монша 11 орын-жайдан тұрады.  Оның сәулеті римдік термдер мен түрік хамамдары стилінің біргей үйлесімін көрсетеді. Ондағы сәулеттік нақыштар, кең құрылымы, күмбездердің биіктігі – бәрі де адамның жан дүниесіне, тән саулығына әсер етуге бағытталған. Бұл – бабаларымыздың жан мен тән тазалығына бірдей мән бергеннің айғағы.

 

Суретте: Қали Жүніс моншасының схемалық жоспары

Монша қала меценаты, көпес Жүніс Маюсуповтың қаржылай қолдауымен салынған. Халық арасында «Қали» аталып кеткен. Ол қалаға Ферғана мен Бұқараның шеберлері келгенін естіп, өзіне шақырып алып, қала тұрғындарына қоғамдық монша салдырған. Құрылыс орнын өзі таңдап, бірінші кірпішті өзі қалаған деген деректер бар. Жергілікті тұрғындардың мәліметтері мен архивтік құжаттарға сәйкес монша XX ғасырдың ортасына дейін қызмет еткен.

 

 Суретте: Қали Жүніс моншасы, 2024 ж.

Қали Жүніс моншасы бір қабатты, күйген кірпіштен салынған, үлкен күмбездері бар ғимарат. Жалпы ауданы 450 шаршы метр. Қабырға қалыңдығы 0,8 метр, биіктігі 2,5–3 метрді құрайды, бөлмелердің ішкі биіктігі 4–6 метр. Монша ғимаратын жоспарлау құрылымы үш негізгі бөлмелер тобына бөлінеді. Олардың әрқайсысыны өзіне тән функцияларды атқарады:

– Бірінші топқа кіре беріс бөлме, демалыс орны, жуыну бөлмесі, массаж жасалатын бүйірлік бөлмелер және екі жылыту бөлмесі кіреді;

– Екінші топқа ыстық және суық су сақталатын ыдыстары бар аймақ, қабырғаға жапсарлас орнатылған су ысытатын қазандық және ауласында құдығы бар техникалық сектор жатады.

– Үшінші топ жуынуға арналған үш бөлмеден және сыртқа шығуға арналған жеке есігі бар шағын пайдалану секторынан тұрады [4. 67–68].

Әр бөлменің төбесі жоғары жағынан күйдірілген кірпішпен өрілген күмбезбен жабылған. Күмбездердің төбесінде табиғи жарық түсіруге және желдетуге арналған тікбұрышты саңылаулар орналасқан. Жылыту жүйесі еден астындағы каналдар арқылы жүзеге асырылған. Бөлмені еден арқылы жылыту (гиппокаустик) жүйесі – римдік термдерге де, шығыстық хамамдарға да тән ерекшелік.

  

 

2019 жылы түсірілген суреттер

1982–1986 жылдары моншаға Жамбыл реставрациялық шеберханасы алғашқы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. 1982 жылға дейін ескерткіштің ғимараты жартылай күйреген жағдайда болды. Қайта қалпына келтіру және жаңарту жұмыстары нәтижесінде моншаның ішінде көптеген жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өзінің алғашқы кейіпін өзгертті. Кейінгі 2002–2004, 2014, 2020, 2023 жылдары «Қазқайтажаңғырту» РМК Тараз филиалының мамандары моншаға қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Жалпы алғанда, Тараздағы тарихи моншалар – тек тұрмыстық қызмет атқарған ғимараттар ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік өзара қатынас, мәдени өмір және сәулет өнерінің дамуында маңызды рөл атқарған орталық. Бұл нысандарды ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттеу, олардың архитектуралық ерекшеліктерін, салыну тарихын және функционалдық маңызын зерделеу – отандық сәулет тарихы мен мәдениеттану ғылымы үшін өзекті мәселелердің бірі.

Уақыт тезіне төтеп беріп, бүгінге дейін сақталған мұраларымыз – өткеннің үнін жеткізуші, болашақ ұрпаққа сабақ болатын құндылық. Сондықтан ескерткіштерді сақтау, қайта жаңғырту және оның тарихи маңызын насихаттау – баршамыздың ортақ парызымыз.

 

Ақдидар КӘРІБЕКОВА,

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттіктарихи-мәдени музей-қорығының«Ғылыми қызмет және ескерткіштердіқорғау» бөлімінің тарихшысы

 

Әдебиеттер мен дереккөздер:

  1. Ежелгі және орта ғасырлардағы Тараз бен Жамбыл облысының қазыналары. – Тараз, 2011 ж. – 299 б.
  2. К. Байпақов. Қазақстанның ежелгі қалалары. – Алматы: «Аруна Ltd.», 2005. – 101 б.
  3. Тараз мұралары. 7-том. Тарих тамырлары. Ортағасырлық сәулет өнерінің ерекше туындылары. Тараз, – 2019 ж. 126 б.
  4. Жамбыл облысы бойынша республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері: Ғылыми-танымдық шығарылым. – Тараз: «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, 2020. – 67–68 бб.
132 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper