«Әбдіманап Оразбаев зерттеулерінің бәрі қазақ хандығымен астасып жатыр. Ол тек қана археолог емес, этноархеолог ғалым. Тас, қола дәуірлерінен бастап, ерте темір, түркі дәуірін, орта ғасырдағы қалаларды зерттеді. ҚазҰУ базасына жататын Ақтөбе Баласағұн қаласында қазба жұмыстарын жүргізді. Ол кісінің зерттеулері негізінен сол қазақ хандығының қалыптасуына себепші болған кезеңдерді зерделеуге мол үлесін қосты. Қазақ хандығының құрылуында негізгі рөл ойнаған Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында қазба жұмыстарын жүргізіп онда ирригация жүйесі бар екенін, оның мұнаралары мен керуен сарайлары бар екенін дәлелдейтін көптеген деректер келтірді. Ол кісі тек қала емес, дала мәдениетін де сабақтастыра зерттеді. Біздің қазақ хандығы екі мәдениеттің синкретикалық ұштасуымен қалыптасты», - деді Ұ.Үмітқалиев.
Айта өтейік, конференция жұмысына археолог, этнограф, тарихшы ғалымдар, мәдениеттанушылар, сондай-ақ музей қызметкерлері және Түркия, Ресей, Молдова, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген гуманитарлық ғылым салаларының мамандары, сонымен қатар ЖОО және республика музейлерінің ғалымдары мен мамандары қатысты.