Анонс


Семей өлкетану музейінің археологиялық каталогы жарыққа шықты Таңдаулы

Сәрсенбі, 14 Қазан 2026 17:18
Семей өлкетану музейінің археологиялық каталогы жарыққа шықты KAZMUSEUM.KZ -  

1883 жылы негізі қаланған Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі – Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі. Музей негізі қаланған алғашқы күндерден-ақ өңірдің тарихи-мәдени мұрасын, оның ішінде археологиялық заттарды жинақтау жұмыстары бастау алды. Осылайша, 143 жыл бойы толықтырылып, сақталып келе жатқан археологиялық қор бүгінде өңіріміздің ежелгі және ортағасырлық тарихын зерттеудегі маңызды дереккөзге айналды.

Осы бай мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеу мақсатында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Шәкәрім университеті және Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында жасалған үшжақты келісім негізінде музей қорындағы археологиялық заттарды зерттеу, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жүргізілді.

Аталған ынтымақтастықтың маңызды нәтижелерінің бірі – «Қазақстанның археологиялық коллекциясы» көптомдық ғылыми басылымының толықтай Семей музейінің археологиялық қорына арналған V томының жарық көруі.

13 қазанда Шәкәрім университетінде «Абай облысының тарихи-археологиялық мұрасы: зерттеу нәтижелері мен қорытындылары» тақырыбында өткен ғылыми дөңгелек үстелде осы еңбектің тұсаукесері ұйымдастырылды. Шара барысында Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбаев 143 жыл бойы жинақталған музейдің археологиялық мұрасын ғылыми тұрғыдан жүйелеу, зерттеу және ғылыми айналымға енгізудегі аталған басылымның маңыздылығын ерекше атап өтті.

Іс-шараға Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы, белгілі археолог-ғалымдар, ғылыми мекемелердің өкілдері қатысты.

2025 жылы жарық көрген 416 беттік ғылыми каталогқа музей қорындағы тас дәуірінен орта ғасырларға дейінгі кезеңдерді қамтитын 260-тан астам археологиялық зат енгізілген. Олардың қатарында ежелгі еңбек құралдары, қыш ыдыстар, қару-жарақтар, ат әбзелдері, әшекей бұйымдар және басқа да құнды тарихи мұралар бар.

Басылымда музейдің археологиялық коллекцияларының қалыптасу тарихымен қатар, өңірдің әртүрлі тарихи кезеңдеріне арналған ғылыми тараулар берілген:

«Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық коллекцияларын жинақтау тарихы» – А.С. Жүнісханов;

«Тас дәуіріндегі Абай облысы» – В.К. Мерц;

«Қола дәуіріндегі Абай облысы» – С.К. Сәкенов;

«Ерте темір дәуіріндегі Абай облысы» – С.А. Ярыгин;

«Орта ғасырлардағы Абай облысы» – А.К. Айтқали.

Каталогта музей заттары хронологиялық жүйемен топтастырылып, әрбір бұйымның фотосуреті, ғылыми сипаттамасы, мерзімделуі, өлшемдері, жасалу ерекшеліктері мен тарихи-мәдени мәні көрсетілген. Бұған дейін толық зерттелмеген немесе ғылыми әдебиеттерде аз қамтылған бірқатар заттардың ғылыми айналымға енгізілуі еңбектің маңызын арттыра түседі.

Ғылыми басылымның жалпы редакциясын Ақан Оңғарұлы басқарды. Каталогты әзірлеуге археолог-ғалымдармен бірге музей мамандары да тікелей атсалысты. Атап айтқанда, музей қызметкері Ш. Сейсембаева төрт тарихи кезең бойынша каталогтық бөлімдердің бірлескен авторы болды. Сондай-ақ Ш. Сейсембаева мен А.Мұратқан редакциялық алқа құрамына енді.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген бұл ғылыми еңбек Семей өңірінің археологиялық мұрасын отандық және халықаралық ғылыми қауымдастыққа таныстыруға, музей қорындағы тарихи құндылықтарды әрі қарай зерттеуге кең мүмкіндік береді.

143 жыл бойы жинақталып, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келе жатқан Семей музейінің археологиялық мұрасының жеке ғылыми томға арқау болуы – музей тарихындағы маңызды ғылыми жетістік. Бұл еңбек музей қорындағы заттардың тек тарихи құндылық қана емес, еліміздің көне тарихын тануға негіз болатын баға жетпес ғылыми дереккөз екенін айқындайды.

176 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper