Анонс


Алматыда «Өзбекәлі және музей мәдениеті» атты жиын өтті

Дүйсенбі, 15 Маусым 2026 03:53
Алматыда «Өзбекәлі және музей мәдениеті» атты жиын өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдық мерейтойына орай «Өзбекәлі және музей мәдениеті» атты дөңгелек үстел өтті.  

Жиынға ұлы қайраткердің ұрпағы Мәдениет саласының үздігі, Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісіБауыржан Өзбекәліұлы Жәнібеков, немерелері Әзел мен Әліжан, тарихшы-ғалым, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Ерболат Әуезов, журналист, жазушы, әдеби сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі, «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Райхан Сахыбекқызы,Мәдениет саласының үздігі, домбырашы, тарихи «Адырна» ансамблінің алғашқы түлектерінің бірі, ансамбльдің ардагері, қазіргі таңда «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұйымдастырушысы Тілек Оразалиев қатысты.

Белгілі ғалымдар Өзағаңның ұлттық намысты оятудағы, қолөнер мен салт-дәстүрді жаңғыртудағы еңбегін ерекше атап өтіп, қоғам қайраткерінің Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Отырар жәдігерлерін және өзге де тарихи ескерткіштерді сақтап, музей деңгейіне көтерудегі тарихи рөліне тоқталды. Сонымен қатар, оның академик-жазушы С. Мұқановтың музей-үйін ашудағы қажырлы еңбегі жайлы естеліктерімен бөлісті. Аталған мәдени шараны ақын, Қазақстанның құрметті жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми бөлім жетекшісі Әділғазы Қайырбеков ашып, жүргізіп отырды. Кештің шырайын «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің артистері өз өнерлерімен аша түсті.

Сондай-ақ, осындай мәдени жиынның аясында «Мәдениетте мәңгілік із қалдырған тұлға» атты атты арнайы көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрме материалдарының негізін тұлғаның мемлекеттік қызметі мен ғылыми ізденістерін айғақтайтын архивтік деректер, қолжазбалар, ғылыми туындылар және жеке заттары құрады. Шараны музей қызметкерлері, журналистер, Логистика және көлік академиясының Алматы колледжінің студенттері тамашалап, тұлға тағылымына қанықты.

 

 

Назгүл АЛТАЕВА, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі

 

Рашида ОТАР, аға ғылыми қызметкер

 

 

465 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper