Халықаралық көрменің өткізілуіне 2025 жылы Алматы мен Шанхай қалалары арасында бауырластық қатынастардың орнатылуы негіз болды.
Бауырластық қатынастардың жалғасы ретінде 2026 жылғы 7-8 сәуірде Шанхай қаласының мэрі Гун Чжэн Алматы қаласына ресми іс-сапармен келіп, қала әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесу барысында екі мегаполис арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту және өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылаған болатын.
Шара Алматы және Шанхай қалалары әкімдіктерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Шанхай қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Көрмеде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан 100-ге жуық бірегей экспонат ұсынылады. Экспозицияда этнографиялық бұйымдар, Алматы қаласының тарихын бейнелейтін фотосуреттер және қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары таныстырылады.
Шанхай тарихи музейінде өтетін бұл көрме 2026 жылғы 30 тамызға дейін жалғасады.
