Анонс


Қазақстанның өнер қайраткерлері «Музейге сый» акциясына қатысты

Бейсенбі, 28 Мамыр 2026 15:27
Қазақстанның өнер қайраткерлері «Музейге сый» акциясына қатысты KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде «Музейге сый» акциясы өтті.

Қазіргі қоғамда тарихи мұраны сақтау – әрбір азаматтың маңызды міндеті. Осы мақсатта ұйымдастырылған «Музейге сый» акциясы – ел тарихын толықтыруға және мәдени құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған игі бастама.

Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі – тарихи-мәдени құндылығы бар мұраны жинақтап, сақтап, зерттейтін жетекші ғылыми-мәдени мекеме. Музей қызметінің негізгі бағыттарының бірі – қор жинақтау.

Еліміздің ең көне, әрі алғашқы музей қорында – қазақтың белгілі тұлғалары – ғылым, білім, өнер, тарих және мәдениет қайраткерлерінің киім-кешектері, жеке тұтынған заттары, құжаттары мен марапаттары жинақталған. Бұл жәдігерлер ұлт тарихының маңызды кезеңдерін айғақтайтын бірегей мұра болып саналады.

Атаулы «Музей түні» акциясы Орталық музейді жиырма жылдан аса  басқарған белгілі ғалым-этнограф, профессор Нұрсан Әлімбайдың, яғни 2006 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Сол жылдардан бастау алған бұл «Музейге сый» акциясы аясында музей қоры жыл сайын құнды жәдігерлермен толығып келеді. Бүгіндері осы игі шара ел тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың мұрасын сақтап қана қоймай, кейінгі ұрпаққа насихаттаудың негізгі бағыттарының бірі саналады.

 

Дәстүрлі акциясы барысында музей қорына көрнекті өнер және ғылым қайраткерлерінің жеке коллекциялары табысталды. Атап айтқанда, ҚР Халық әртісі, композитор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қырғыз Республикасының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев өзіне 2001 жылы Қырғыз Республикасының Халық әртісі, ақын Эстебес Тұрсыналиев сыйға берген комузын музей қорына тарту етті. Сонымен қатар, ҚР Халық әртісі, эстрада жұлдызы Роза Қуанышқызы Рымбаева (көйлектері, фотосуреттері, құттықтау және мақтау қағаздары және т.б.), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, профессор Ержан Арзықұлов өз домбырасын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова (сахналық киімідері мен афишаларын, кітап, журналдары, CD-дискілерін және т.б.)  музей қорына табыстады.

Музей саласында қор жинақтау жұмысы – ұлттық мұраны сақтаудың және тарихи сабақтастықты қамтамасыз етудің маңызды бөлшегі болып табылады. Осындай игі бастамалар мәдени мұраны сақтау ісін жүйелі түрде дамытып, қоғамның тарихи санасын нығайтуға қызмет етеді. Акция аясында жиналған құнды жәдігерлер ұлттық мәдени-рухани мұраны толықтырып, келешек ұрпаққа аманат етеді.

 

Ақмарал РАХМЕТОВА, ҚР ҰОМ-нің Қорды есепке алу бөлімінің жетекшесі

 

 

Басты фото: Александр Павский / Kazinform

 

46 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper