Анонс


Тайлақтың жүнінен шекпен жасау технологиясы

Жұма, 31 Қазан 2025 02:07
Тайлақтың жүнінен шекпен жасау технологиясы KAZMUSEUM.KZ -  

Тайлақ – бір жасар түйе төлі, оның жүні ерекше жұмсақ әрі мықты. Шекпен – суыққа төзімді, ұзақ уақыт тозбайтын, экологиялық таза киім. Бұл мақалада дәстүрлі қазақ қолөнерінің маңызды бір саласы – тайлақ жүнінен шекпен жасау технологиясы зерттеледі. Тайлақ жүнінің физикалық және химиялық қасиеттері, оны бастапқы өңдеу, иіру, тоқу және дайын өнімді өңдеу кезеңдері қарастырылады. Сонымен қатар, қазіргі заманғы технологияларды қолдану арқылы бұл дәстүрлі бұйымды жаңғырту мүмкіндіктері ұсынылады. 

Annotation. A taylak is a one-year-old camel calf, and its wool is known for being exceptionally soft and strong. The shekpen is a durable, cold-resistant, and environmentally friendly piece of clothing. This article explores an important aspect of traditional Kazakh craftsmanship — the technology of producing shekpen from taylak wool. It examines the physical and chemical properties of taylak wool, as well as the key stages of processing: initial cleaning, spinning, weaving, and finishing of the final product. In addition, the paper suggests possibilities for reviving and modernizing this traditional garment through the application of contemporary technologies.

Халқымыздың ұлттық киімдерінің түрлері өте көп. Кең байтақ даламыздың табиғатына, ауа райына байланысты киім түрлерінде де ерекшеліктер бар. Шекпен - текқана түйе жүнінен тоқылатын жаздық сырткиім. Шекпендік матаны иіріп, оны өрмекпен тоқып, шапан үлгісінде пішеді. Оған мақпалдан немесе басқа қалың матадан қайырма жаға, тік жаға салады. Шекпеннен су да жел де өтпейді. Су тигенде түйе жүні ширығып, тығыздала түседі. Ол матадай емес, өте берік әрі жеңіл болады, тез тозбайды. Ботаның немесе тайлақтың жүнінен тоқылған шекпен өте әдемі болады. Оны шидем шекпен дейді. Жастар мұны сәндікке киген.Қазақта шен-шекпен деген сөз бар. Оның мағынасы тереңде жатыр. Өткен ғасырларда қазақ елін отарлаған орыс жымысқылары елді, жерді бөліп, болыстар тағайындап, оларға шен тағайындап, белгі беріп, шекпен (шапан) кигізген. Осыдан барып шен-шекпен киген деген теріс ұғым пайда болған. Оған ұлы Абайдың: «Мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың шенді шекпен жапқанға» деген сөзі куә [Кенжеахметұлы, 2006: 92-93].

     Қазақтың дәстүрлы киім-кешегін, әсіресе оның еркектерге, балаларға тиістілерін музей қорына жинап, арттырғанымыз да шамалы. Тоқыманың, киіз басындысының, былғарының, күдерінің темперетуралық-ылғалдық тәртіп жоқ жерде сақтала бермейтінін ескерсек, енді бірер жылда-ақ ары кеткенде 40-50 жылдың о жақ,  бұ жағында қазіргі музейлерде ілулі тұрғандардың іріп-шіріп, түсіп қалатыны айдан анық. Ал осындай қауіптің төне бастағанына қарамастан, олардың баламаларын жасап, жұртқа көрсету ісі әзірге қолға алынатын түрі жоқ. Дәстүрлі киім-кешекке қажетті масаты, мәуіті, қырмызы, зер, бәтес, бедерлі, седеп кездемелерінің, кәмшат, сусар, бұлғын, құндыз терілерінің құрығаны қашан. Тіптен, қазақтың өзіне тән кәсіптен, шекпен тоқудан, зерлі оқа тігуден, күдері ұқсатудан, шегірен илеуден, көнді таптаурындаудан көз жазып қалғанымызға жол болсын [Жәнібеков, 1995: 13].

     Тайлақ жүнінің ерекшеліктері

      Тайлақ - 1-2 жас аралығындағы түйе. Бұл жастағы түйенің жүні өте жұмсақ әрі жеңіл болады. Жүн талшықтарының ұзындығы — 25-35 мм, қалыңдығы — 16-20 микрон. Құрамында табиғи май мен кератин бар, бұл талшықтың серпімді әрі ұзақ сақталуын қамтамасыз етеді. Жылуды жақсы сақтайды, жел өткізбейді, дем алатын құрылымға ие. Тайлақ жүнінен тоқылған киім қыста — жылы, жазда — терлетпей, дене температурасын сақтап тұрады. Бұл — табиғатпен үндескен технологияның дәлелі. Бұрынғы зерттеулерде шекпен тоқу қолөнері көбіне этнографиялық тұрғыда сипатталғанымен, оның технологиялық үдерістері ғылыми тұрғыда толық ашылмаған. Ө.Жәнібековтың осы сөзін негізге ала отырып шекпеннің тоқылу жолын зерттеп бастадым. Неге тайлақтың жүнінен тоқу керек деген сұрақ туындайды? Жалпы түйе, бота-жаңа туған жас төлі, тайлақ-бір жастан асқан түйе. Нарша-үш жасар түйе. Құнажын–үш жас пен төрт жастың аралығындағы түйе. Осының ішінде тайлақтың жүні өте жұмсақ, қылшығы аздау, нәзік болып келгендіктен, ерекше бағаланып, шекпен жасау үшін таптырмас шикізат болып табылады. Шекпен – дәстүрлі киім түрі, көбінесе күзде, көктемде киілетін сырт киім. Ол:

жүннен басылып, жеңі ұзын, етегі тізеден төмен, жағасыз немесе тік жағалы, ерлер мен кейде әйелдерге арналған, сән үшін емес, күнделікті тұрмыста киіледі [Ахметова, 2010: 60].

  • Тайлақ жүні (жұмсақ әрі жібектей құрылымды).
  • Сабау (жүнді жұмсарту және тазалау құралы).
  • Ыстық су (қайнату арқылы ластануды және қыл-қыбырды тазалау).
  • Ұршық (жіпті иіру үшін қолданылады).
  • Өрмек ағашы (жіптерді тоқу үшін қажетті құрылғы).

Тайлақ жүнінен шекпен жасау бірнеше кезеңнен тұрады:

  • жүнді қырқу: Тайлақ жүні қырқылып алынады. Бұл кезеңде жүннің табиғи құрылымы мен жұмсақтығы сақталуы үшін ерекше мұқияттылық қажет.
  • Тазалау: Қырқылған жүн шаң-тозаңнан арылту үшін сабаумен сабалады. Сабау процесі жүнді жұмсартып, қыл-қыбырды бөліп шығарады.
  • Қайнату: Жүн ыстық сумен қайнатылады. Бұл кезеңде жүннің ішіндегі кір мен майлы қабаттары жойылады.
  • Түту: Жүн толық тазарғаннан кейін, оны қолмен немесе арнайы құралдармен түтіп, жібектей жұмсақ құрылымға келтіріледі.
  • Иіру: Түтілген жүн ұршық арқылы жіпке айналдырылады. Бұл кезеңде жіптің беріктігі мен біркелкілігіне ерекше көңіл бөлінеді.
  • Өрмекке құру және тоқу: Дайын жіп өрмек ағашына тартылып, шекпен тоқу үдерісі жүзеге асырылады. Бұл кезеңде шекпеннің тығыздығы мен өрнегі сияқты сипаттамалар анықталады.
  • Басу
  • Мата ыстық сумен және сабынмен өңделіп, бірнеше рет иленеді.
  • Бұл мата тығыздалып, жел мен су өтпейтін қасиетке ие болады.
  • Киімді пішу және тігу
  • Басылған матадан шекпен пішіліп, тігіледі.
  • Қалауы бойынша ұлттық ою-өрнекпен сәнделеді.

Экологиялық артықшылықтары. Табиғи және жаңғыртылатын шикізат - тайлақ жүні. Химиялық заттар мүлде қолданылмайды немесе өте аз пайдаланылады. Қалдықтар табиғи түрде ыдырайды, қоршаған ортаға зиян келтірмейді. 

Экономикалық тиімділігі. Жергілікті шикізатты пайдалану арқылы импортқа тәуелділік азаяды. Қолөнер шеберлеріне жұмыс орны ашылады.

Мәдени және тарихи маңызы. Тайлақ жүнінен шекпен тігу – дәстүрлі мал шаруашылығы мен қолөнердің тығыз байланысын көрсетеді. Бұл өнер арқылы қазақ халқы табиғи ресурсты толықтай тиімді пайдалана білген. Шекпен – қазақ ер-азаматының салмақтылығы мен сабырлылығын білдіретін киім деуге болады. Бұрындары батырлар, ақын-жыраулар шекпен киіп, ел аралаған.

Қазіргі заманмен байланысы. Бүгінде бұл өнер сирек кездеседі, бірақ этнографиялық көрмелер мен сән көрсетілімдерінде қайта жаңғырып келеді. Дизайнерлер қазақтың ұлттық киімдерінен шабыт алып, модернизацияланған шекпендер жасауда.

 Зерттеу барысында тайлақ жүнінен шекпен жасау технологиясының маңызды кезеңдері анықталды. Сабау және түту процестері жүннің жұмсақ әрі біркелкі болуын қамтамасыз етеді, ал иіру және тоқу технологиясы шекпеннің сапалы әрі ұзақ пайдалануға жарамды болуына ықпал етеді. Мұндай әдіс экологиялық таза әрі дәстүрлі мәдениетті сақтауға мүмкіндік береді. Тайлақ жүнін шекпен жасауға пайдалану – қазақ халқының қолөнеріндегі инновациялық және экологиялық тұрғыдан тиімді тәжірибе. Қазіргі заманғы өндірістік технологиялармен салыстырғанда, бұл әдіс табиғи материалдарды пайдалану арқылы қоршаған ортаға зиян келтірмейді және ұлттық мұраны сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар, жүннен жасалған шекпеннің жылылық сақтағыш қасиеті мен ұзақ мерзімділігі оны заманауи киім өндірісінде қолдануға болатынын көрсетеді [Сейітова, 2005: 88]. 

 Тайлақтың жүнінен шекпен жасау өнері — қазақ халқының табиғатпен етене тіршілік еткенін, шеберлік пен сұлулықты қатар қастерлегенін дәлелдейтін құнды мұра. Бұл өнер – ұмытылуға емес, ұлықтауға лайық ұлттық байлық. Шекпен жасау технологиясы – қазақ халқының табиғатпен үндестікте өмір сүріп, мал шаруашылығын тиімді пайдаланғанын дәлелдейтін бірегей өнер. Бұл дәстүр қазіргі таңда сиреп бара жатқанымен, ұлттық мұраны сақтау мен жаңғырту бағытындағы жұмыстар арқылы қайта жандана алады. Халықтың тұрмыстық киімі бола тұра, шекпен — ұлттық болмыстың киелі нышандарының бірі. Қазіргі заманда біз сән қуып, ұлттық киімдерімізді ұмыта бастағандаймыз. Бірақ соңғы жылдары ұлттық құндылықтарға бетбұрыс байқалады. Дизайнерлер шекпенге жаңа сипат беріп, заманауи үлгілермен үйлестіріп, ұлттық рухты қайта тірілтуге тырысуда. Бұл – өте қуантарлық үрдіс. Менің ойымша, шекпен – тарихтың үнсіз куәсі. Ол – аталарымыздың қолының жылуы мен көңілінің дарқандығын бойына сіңірген киелі киім. Біз оны ұмытпауымыз керек. Ұлттық киім – ұлттық сана мен рухтың бір бөлігі. Шекпендей қарапайым, бірақ терең мағынасы бар мұраны болашаққа жеткізу – біздің парызымыз [Рүстемова, 2012: 52].

Қорытынды. Тайлақ жүнінен шекпен жасау дәстүрлі қолөнердің бірегей мысалы болып табылады. Бұл технология экологиялық таза, табиғи материалдарды қолдану арқылы ұлттық мәдениеттің жандануына ықпал етеді. Болашақта бұл әдісті заманауи өндіріс саласына енгізу мүмкіндіктері қарастырылуы тиіс. Тайлақ жүнінен шекпен жасау - мәдени мұрамызды сақтауға бағытталған дәстүрлі технология. Оны қайта жаңғыртып, заманауи өңдеумен ұштастыру арқылы ұлттық киім өндірісін дамытып, халықаралық нарыққа шығаруға толық мүмкіндік бар. Тайлақтың жүнінен шекпен жасау - ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүрлі өнер ғана емес, сонымен қатар, табиғи таза, үнемді және сәннен шықпайтын технология. Бұл технологияны қазіргі заманмен ұштастыра отырып, жаңа деңгейге көтеруге болады.

 

Жадыра  ӨСКЕНБАЕВА, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ғылыми қызметкері

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Кенжеахметулы С. «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті». -Алматы: «Алматы кітап» ЖШС, 2006 жыл. - 384 бет

2. Жәнібеков Ө. «Жолайрықта», Алматы «Рауан» 1995жыл. – 110 бет

3. Ахметова С. «Қазақтың киім мәдениеті». – Алматы: Рауан, 2010 жыл. – 350 бет

4. Сейітова Г. «Қазақ қолөнері». – Алматы: «Өнер» баспасы, 2005 жыл. – 230 бет

5. Рүстемова Қ. «Қолөнер: дәстүр мен мәдениет». – Астана: Фолиант, 2012 жыл. – 160 бет

402 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper