Тараз қаласы орналасқан жерде, тарихшыларға Тараз деген атпен белгілі, Қазақстанның ең үлкен ортағасырлық шаһарларының бірі орналасқан. Бұл қала туралы ең алғашқы мәліметтер IV ғасырдың соңына жататын византиялық жазбаларда кездеседі. Кейіннен Тараз жөнінде ортағасырлық географтар, тарихшылар мен саяхатшылар да түрлі деректер қалдырған. Қаланың орналасқан жері – Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды нүктелердің бірі болғандықтан, көптеген авторлар өз еңбектерінде оның сауда және мәдениет орталығы болғанын атап өткен. Сонымен қатар, орта ғасырда Тараз ислам мәдениетінің маңызды орталығы ретінде де танылды. Бұл қала көптеген тарихи оқиғалардың ортасында болды. Әсіресе, ортағасырлардағы экономикалық және мәдени өрлеу кезеңінде қала маңызды рөл атқарды. Қала Жібек жолының бойындағы сауда жолдарының тоғысқан жерінде орналасқандықтан, шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке қарай әртүрлі тауарлар мен мәдениеттер алмасқан орталыққа айналған.
Археологтар қаланың орнын нақты таба алмай бірнеше рет археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. В. В. Бартольдтің ортағасырлық қала Әулие-Ата қаласының орнында болған деген пікірінен кейін М. Е. Массон, А. Н. Бернштам, Г. И. Пацеевич, Т. Н. Сенигова сынды археологтардың зерттеу жұмыстарынан кейін қаланың қазіргі Тараз бен ежелгі Тараздың бір қала екендігі расталып көне және ортағасырдағы Тараз өмірінің әртүрлі тарихи кезеңдерін сипаттайтын елеулі деректер жинақталды. Тараздың орталығы, оның ежелгі бөлігі қамал болған. Қаланың берік қорғалған бұл тұсында билеушілер сарайы орналасқан. Оған жапсарласа қабырғамен қоршалған шахристан салынған. Бұл арада бай көпестердің, ақсүйектердің, қолөнершілердің тұрғын-жайлары, сондай-ақ сауда орындары болған. Шахристан қабырғаларына сауда-қолөнер рабаттары жалғастырыла тұрғызылған. Ол жерде қолөнершілердің шеберханалары мен олардің үйлері, сонымен бірге қаланың кедей тұрғындарының үй-жайлары орналасқан деген тұжырымға келген.
2014 жылы Жамбыл облысы әкімдігі тарихи мұраны сақтау және насихаттау мақсатында Тараз қаласының орталығындағы көк базарды қала сыртына көшіріп, оның орнын археологиялық зерттеуге арнады. Бұл бастаманың басты мақсаты – «Көне Тараз» археологиялық саябағын құру болатын. Бұған дейін ғалымдар шахристан деп болжаған аумақта қазба жұмыстары жүргізіле бастаған. Қаланы зерттеу барысында 1,5–2 метр тереңдіктегі мәдени қабаттар Қоқан хандығы кезеңі мен кеңестік дәуірге тиесілі екені анықталды. Ал одан төменгі қабаттан Х–ХІІІ ғасырларға жататын Қарахан дәуірінің мәдени қабаты ашылды. 2014–2017 жылдар аралығында жалпы көлемі 18 000 шаршы метр аумақта жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде Қарахан кезеңіне тән қала құрылысының орны анықталып, ортағасырлық Тараздың мәдениетіне қатысты деректер алынды.
Қарахан дәуірінің мәдени қабатын ашу барысында бір-бірімен қиылысып жатқан магистральды және меридиандық көшелер жүйесі анықталды. Бұл көшелер белгілі бір заңдылықпен, ортағасырлық қала құрылысының жоспарлау талаптарына сай салынған. Қазба барысында ұзындығы әртүрлі жеті көше аршылды: оның екеуі – магистрал, бесеуі – кварталаралық көшелер. Магистральды көшелердің бірі шығыстан батысқа қарай бағытталған, оның ені 3,5 метр, ұзындығы 200 метр, ал екіншісі солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған. Бұл жолдар өз заманында қаланың ішкі инфрақұрылымының негізгі артериялары қызметін атқарған тәрізді. Тастармен төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған тратуарлар қойылған бұл көшелер Тараз қаласының жоғары ұйымдасқан құрылымын айғақтайды (1 сурет).

Бұл магистральды жолдар қаланың оңтүстік пен шығыс бөлігіндегі қақпаларға алып барады. Қазба жұмыстары барысында оңтүстік және солтүстік қақпалардың орындары анықталып, қақпа қайта қалпына келтірілді (2 сурет).

1973 жылы К. Байбосыновтың жетекшілігімен жүргізілген археологиялық зерттеу 2012 жылы қайта жалғасын тауып зерттелді. Зерттеу аяқталғаннан кейін Хамам моншасының негізі қайта қалпына келтірілді. Бұл нысан Тараз қаласының ортағасырлық кезеңдегі мәдени және тұрмыстық деңгейінің жоғары болғанын көрсетеді. Хамам – шығыс әлемінде ежелден белгілі монша түрі, ол тек жуынуға арналған орын ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және мәдени іс-шаралар өтетін қоғамдық кеңістік ретінде де қызмет атқарған. Орта ғасырларда мұндай моншалар адамдардың өзара кездесіп, байланыс орнататын маңызды орталығы болған. Тараздан табылған хамамдар сол дәуірдегі қала мәдениетінің озық үлгіде дамығанын дәлелдейді. Олар күрделі су құбырлары жүйесімен жабдықталып, жылытылатын бөлмелер мен әртүрлі қызметтерге арналған бөлмелерден тұрады (3 сурет).

Керуен сарайлар орта Азияның ортағасырлық кезеңінде ұзақ жол жүрген саудагерлер мен саяхатшылар үшін маңызды орын болған. Бұл ғимараттар қонақ үй, сауда және т.б қызметтер үшін арнайы салынған. Сонымен қатар бұл жер мәдениеттердің кездесу орны, түрлі ұлттар мен этникалық топтардың өзара әсерлесетін алаңы болған (4 сурет).


Керуен сарай маңынан табылған су құбыры оңтүстіктен солтүстікке бағытталған және оңтүстік қақпадан 54,7 метр қашықтықта орналасқан. Әрбір құбырдың ұзындығы 50–55 см, диаметрі 15 см, қабырғаларының қалыңдығы 5 см. Бұл табылым Тараз тұрғындарының қала құрылысы мен су жүйесін ұйымдастыруда жоғары деңгейде болғанын дәлелдейді. Су құбырлары суды тиімді жеткізу және тарату жүйесінің қалыптасқанын көрсетеді. Құбырлар арқылы қала тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп, санитарлық жағдай сақталған, бұл өз кезегінде тұрмыстық мәдениетінің жоғары болғанын айғақтайды (5 сурет).

Керуен сарайға қарама-қарсы қойма бар. Ол 6 квартал № 8 құрылыс нысанында орналасқан (6 сурет). Тік бұрышты пішінге ие қойманың көлемі 2,4 х 2,7 м, ал тереңдігі 1,05 м. Қойманың кіре беріс есігі шығыс жағында орналасқан. Қоймадан Византиялық алтын псевдосолид, қоладан жасалған бөшке, шырағдан бөліктері, хум ыдыстары, қазандар мен сырлы кесе анықталды.

Қазба барысында тастан салынған үй-жайлардың іргетастары мен қоқыс тастауға арналған бадраб орындары ашылды (7 сурет). Бадрабтың табылуы қаланың ерте кезден-ақ жоспарлы қала болғанын дәлелдейді. Орта ғасырларда мұндай қоқыс тастайтын орындар қаланың тазалығын сақтау үшін арнайы қазылған. Олар қоқысты жинау, шығару және өңдеуге арналған.

Әрбір мәдени қабаттан табылған құнды жәдігерлер Тараздың ортағасырлық мәдениеті мен тұрмыстық деңгейінің жоғары болғанын көрсетеді. Жалпы саны 4 мыңға жуық артефакт табылып, олардың ішінде тарихи және археологиялық тұрғыдан ерекше құнды заттар анықталды. Жәдігерлер қыш ыдыстардан, металл бұйымдардан, моншақтардан, шыны және сүйектен жасалған заттардан құралған. Солардың ішінде шамамен 2 мыңға жуығы – нумизматикалық жәдігерлер, яғни теңгелер. Бұл Тараздың тек ірі сауда орталығы ғана емес, сонымен қатар түрлі мәдениеттер мен мемлекеттермен тығыз байланыс орнатқан қала болғанын дәлелдейді. Табылған византиялық алтын солид, Түргеш, Қарахан, Қоқан және Қытай теңгелері қаланың әр түрлі елдермен мауда саттық жасағанын көрсетеді. Теңгелер алтын, күміс, мыстан жасалған. Теңгелердің бетінде жазылған жазулар сол дәуірдің саяси, экономикалық және мәдени жағдайларын зерттеуге мол мүмкіндік береді. Бұл ақшалар тек сауда-саттықты ғана емес, сонымен қатар мәдени алмасу мен дипломатиялық қатынастарды да көрсетеді. 2015 жылдың ең маңызды археологиялық жаңалықтарының бірі – «Алтын көмбе» (8 сурет) №6 құрылыс орнынан табылды. Бұл сенсациялық олжа Тараз қаласының бай мәдени-тарихи мұрасының тағы бір дәлелі ретінде бағаланды. Шағын құмыра ішінен әйел адамға тиесілі алтын, күміс және қоладан жасалған әшекей бұйымдар, дайындамалар, моншақтар, теңгелер мен күміс тостағанның бөліктері табылды. Барлығы 93 дана бұйымнан тұратын бұл көмбе ортағасырлық зергерлік өнерді зерттеу үшін аса құнды материал болып саналады.

Тараз қаласында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде ашылған «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағы бүгінде қала тарихын зерттеу үшін аса маңызды нысанға айналды. Қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл аумақ туристер мен жергілікті тұрғындар үшін Тараздың ортағасырлық мәдениетін, өнерін және тұрмысын танып-білуге мүмкіндік беретін ерекше орын болды. Саябақ тарихи жәдігерлер мен мәдени мұраны сақтау және насихаттау ісіне зор үлес қосып, көне Тараздың өткенін тереңірек түсінуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл саябақ шетелдік туристер мен тарихқа қызығушылық танытқан адамдар үшін де үлкен қызығушылық тудырады. Жүргізілген зерттеулер көне қаланың тарихи келбетін қалпына келтіруге, мәдени мұрасын сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды ғылыми қадам болды.
Гүлмарал ҚАМБАР, «Ежелгі Тараз ескерткіштері»мемлекеттік тарихи-мәденимузей-қорығының кіші ғылыми қызметкері, археология және этнология магистрі
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1.Байпақов К. М. Қазақстанның ежелгі қалалары. – 2005. – 107 б.
2. Тараз мұралары. Көптомдық 6-том. – Тараз: 2019. – 43 б.
3. Смаилов Ж.Е., Абильдин А. К., Буранбаев Р. Н., Турганбаева Л. Р. Тарихи Тараз, 54 б.
