Анонс


Астанада теміржол тарихына арналған музей ашылды (ФОТО) Таңдаулы

Дүйсенбі, 15 Маусым 2026 03:37
Астанада теміржол тарихына арналған музей ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Астана қаласындағы «Нұрлы жол» вокзал кешенінің аумағында «Ұлы Жібек жолынан – болат магистральдарға дейін» атты Қазақстан темір жолдары тарихы музейінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Музейдің ашылу рәсіміне Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов және теміржол саласының өкілдері қатысты.

Аумағы 3200 шаршы метрді құрайтын музей төрт тақырыптық залдан тұрады: «Түрксіб және Мұхамеджан Тынышбаев», «Локомотивтердің эволюциясы», «Мамандықтар мен инновациялар», «Қазақстан темір жолдарының тарихы».

Экспозиция тарихи материалдар мен заманауи цифрлық технологияларды ұштастырады: интерактивті панельдер, мультимедиялық экрандар, AR және VR шешімдері, сондай-ақ түрлі тренажерлар ұсынылған.

Музейде түпнұсқа локомотивтер мен жылжымалы құрам үлгілері қойылған. Олардың қатарында жаңа буындағы CR200J жолаушылар вагоны да бар. Келушілер оның ішкі құрылымымен және заманауи техникалық шешімдерімен таныса алады. Негізгі экспонаттардың қатарында еліміздің теміржол саласының дамуына зор үлес қосқан ЧМЭ3 және 2ТЭМ10 сериялы маневрлік тепловоздар, ВЛ80 сериялы жүк электровозы және ТЭП70 сериялы жолаушылар тепловозы бар. Келушілер олардың құрылымын зерттеп, кейбір локомотивтердің машинист кабиналарына көтеріле алады.

Музей қорында 250-ден астам экспонат сақталған. Атап айтқанда, теміржол шамдары, белгі беру элементтері, рельстік инфрақұрылым заттары, жұмыс құралдары, мұрағаттық материалдар, әр жылдардағы техникалық құрылғылар мен ведомстволық марапаттар бар.

Алғашқы келушілерге экскурсияны кәсіби гидтермен қатар Астана локомотив пайдалану депосының машинист-нұсқаушысы, «ҚТЖ» Жастар кадрлық резервінің қатысушысы Жігер Сейітов жүргізді. Ол машинист тренажерының жұмысын көрсетіп, шынайы жағдайларға барынша жақын ортада локомотивті басқару қағидаттары туралы әңгімеледі.

Музей аумағында мәдени және білім беру іс-шараларын өткізуге арналған вагон-мейрамхана, сондай-ақ «Нұрлы жол» вокзалы пойыздарының кестесін көрсететін ақпараттық таблосы бар кофехана орналасқан.

Музей көлік, инженерия, өнеркәсіп және заманауи технологияларға арналған уақытша көрмелерді өткізу алаңына айналмақ.

 

402 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper