Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп көшпелі отырыста бүгінде музей саласы күрделі сын-қатерлерге тап болып, жүйелі жаңартуды қажет ететінін атап өтті.
«Көптеген музей ескірген инфрақұрылым базасында жұмыс істеп келеді. Жабдықтары мен қойма бөлмелері заманауи стандартқа әрқашан сәйкес келе бермейді, бұл экспозициялардың сапасы мен қордың сақталуына әсер етеді. Музей тек сақтау орны ғана емес, сонымен бірге ағарту, диалог жүргізетін және еліміздің мәдени ортасын қалыптастыруға арналған кеңістік болуы тиіс», - деп атап өтті сенатор.
Комитет төрағасы саланың кадрлық жағдайына да назар аударып, маман даярлауға жаңа тәсілдер қажет екенін айтты.
«Музейлерде кәсіби реставраторлар, кураторлар мен цифрлық мамандар жетіспейді. Білім беру бағдарламаларын дамыту, жас кадрларды тарту үшін жағдай жасау және музейлердің жаңа аудиториямен жұмыс істеуіне, онлайн форматты дамытуға мүмкіндік беретін цифрлық технологияны енгізу маңызды», - деді Нұртөре Жүсіп.
Сенаторлар мен кездесуге қатысушылар талқылау қорытындысы бойынша музей саласын жаңғыртуға және оның еліміздің мәдени дамуындағы рөлін күшейтуге көмектесетін ұсыныстар бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Айтылған барлық ұсыныстар комитеттің одан әрі жұмысында ескеріліп, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.
