Анонс


Алматыда Шыңғыс Айтматовтың 100 жылдығына арналған «Арқау» халықаралық көрмесі ашылды

Бейсенбі, 15 Қазан 2026 16:18
Алматыда Шыңғыс Айтматовтың 100 жылдығына арналған «Арқау» халықаралық көрмесі ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Алматы галереясында қоғам және мемлекет қайраткері, Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 100 жылдығына арналған «Арқау» халықаралық көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрме Алматы қаласы Мәдениет басқармасы мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен, сондай-ақ Қырғызстан және Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Көрме экспозициясына Қырғызстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері Кубанычбек Ибрагимов, Бахрамжон Темиров, Садык Мурзақанов және Азизбек Сулаймановтың 65 туындысы ұсынылды.

Суретшілер өз туындыларында Шыңғыс Айтматов шығармаларының желісін, кейіпкерлері мен көркем образдарын бейнелей отырып, жазушының әдеби әлемін бейнелеу өнері арқылы жеткізеді. Осы тұрғыдан алғанда, экспозициядағы шығармалар өнер арқылы мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ортақ рухани құндылықтарды дәріптейді.

Қырғызстанның халық жазушысы, Мемлекеттік премиялардың лауреаты, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Раев Сұлтан Акимович осындай халықаралық көрмелерде әр ел суретшілерінің өзіндік көзқарасы мен шығармашылық ерекшеліктерін таныстырумен қатар, алдағы уақытта жаңа бірлескен жобаларға жол ашатынын және Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Көрме экспозициясына қойылған туындылар Шыңғыс Айтматов шығармаларының көркемдік әлемін суретшілердің өзіндік көзқарасы арқылы таныстырады. Әрбір туынды қаламгердің бай әдеби әлемін ашып, әдебиет пен бейнелеу өнерінің өзара байланысын көрсетеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, “Арқау” халықаралық көрмесі екі елдің шығармашылық қауымдастығы арасындағы тұрақты байланыстарды қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Экспозиция суретшілердің өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби ынтымақтастықты дамытуына және бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асыруына жол ашады.

Халықаралық көрменің ашылуына Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы консулы, Алматы қаласында орналасқан түркі мемлекеттерінің консулдық мекемелерінің өкілдері, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, танымал суретшілер мен бейнелеу өнері саласының көрнекті өкілдері, жас суретшілер, шығармашылық зиялы қауым, мәдениет және өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Көрме көрермендерге Шыңғыс Айтматов шығармаларындағы кейіпкерлер мен көркем образдарды бейнелеу өнері арқылы танып, Қырғызстан суретшілерінің өзіндік шығармашылық қолтаңбасымен танысуға мүмкіндік береді.

Халықаралық көрме 7 қарашаға дейін жалғасады. Кіру - тегін. Алматы галереясы сейсенбі-жексенбі күндері 10:00-19:00 аралығында жұмыс істейді. Дүйсенбі – санитарлық күн. Галереяның мекенжайы: Достық даңғылы, 44.

72 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper