Көрме мақсаты – қазақтың дәстүрлі бас киімдерінің тарихи, мәдени және этнографиялық ерекшеліктерін таныстыру, олардың ұлттық болмыс пен дүниетанымдағы орнын айқындау, сондай-ақ жас ұрпақтың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру.

Көрмені ҚР Ұлттық орталық музейінің Бас ғылыми қызметкері Ғалия Теміртон ашты. Сонымен қатар, іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің Антропология және этнология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Рүстембек Нұсқабекұлы Шойбеков сөз сөйлеп, қазақтың ұлттық бас киімдерінің шығу тарихы, семантикалық мәні, әлеуметтік қызметі мен этнографиялық ерекшеліктері жөнінде мазмұнды баяндама жасады.

Көрменің құрметті қонағы, қазақтың бай мәдениеті мен дәстүрін отандық және халықаралық деңгейде дәріптеп жүрген белгілі қолөнер шебері, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО-ның сапа белгісінің иегері, «Шеберлер одағының» «Жалын» медалінің иегері, «Ең үздік ұлттық киім дизайнері – 2025» ұлттық сыйлығының лауреаты Тілек Сұлтан ұлттық киім мен бас киім жасаудағы дәстүр сабақтастығы, қолөнердің бүгінгі дамуы және оның мәдени мұраны сақтаудағы маңызы туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар Қазақстандық этнодизайнерлер одағының президенті, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Ұлттық ұйым жетекшісі Салтанат Аминқызы Жапарова ұлттық этнодизайнның заманауи бағыттары, қазақтың дәстүрлі бас киімдерін жаңғырту және оларды қазіргі сән индустриясында пайдалану мәселелері жөнінде баяндама жасады.

Көрме экспозициясында қазақтың салтанатты, тұрмыстық және ғұрыптық бас киімдерінің бірегей музейлік үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында XIX ғасырдың басына жататын, сұлтан Баймұхамед Айшуақовқа тиесілі аса құнды мұрақ ерекше орын алды. Қызғылт күлгін және жасыл барқытпен тысталған, төрт сайдан құралған бұл конус пішінді, биік шошақ төбелі бас киім зертаспамен көмкеріліп, зер жіппен көгеріс өрнегі кестеленген. Мұрақ қазақ қоғамындағы әлеуметтік мәртебені білдіретін әрі салтанатты рәсімдерде киілген ерекше бас киімдердің бірі болып саналады.


Батыс Қазақстан өңіріне тиесілі XIX–XX ғасырлар тоғысындағы сәукеле де көрермен назарына ұсынылды. Қызыл барқытпен тысталған бұл сәукеле ақық, маржан, оқа, үкі және құндыз терісімен әсем безендірілген. Экспонат 1924 жылы сол кездегі Орал губерниясы Ілек уезі Қарашығанақ аймағынан музей қорына қабылданған.
Сондай-ақ көрмеге XX ғасырдың ортасына тән шошақ төбелі далбай тымақ қойылды. Сұр шибарқытпен тысталған, қой терісімен көмкерілген бұл бас киім ұл балаларға арналған қысқы тымақтың өңірлік ерекшелігін танытады. Экспонат 1987 жылы ҚР Ұлттық орталық музейінің этнографиялық экспедициясы барысында Түркіменстанның Красноводск облысы Қошоба ауылынан қор жинағына қабылданған.

Экспозицияда қыз-келіншектердің сәндік әрі тұрмыстық бұйымдарының бірі – шашқап та ерекше қызығушылық тудырды. Шашқап бұрымды күн көзінен, шаң-тозаңнан қорғауға арналған және шаштың ұзындығы мен жуандығына қарай арнайы тігілген.
Сонымен қатар көрмеде қазақтың дәстүрлі бас киімдерінің басқа да түрлері – қасаба, бөрік, тақия, тымақ, қалпақ, күләпара, кимешек, дулыға және өзге экспонаттар қойылды. Жалпы экспозицияда қазақтың ұлттық бас киімдерінің 30-ға жуық түрі таныстырылып, олардың жасалу технологиясы, көркемдік ерекшелігі, қолданылу аясы мен әлеуметтік мәні жан-жақты түсіндірілді.

Көрме барысында келушілер ұлттық бас киімдердің әрқайсысының өзіндік тарихымен, сәндік-көркемдік ерекшеліктерімен және халқымыздың дүниетанымы мен өмір салтындағы маңызымен танысты.
«Дәуірлер үні: Қазақтың бас киімдері» көрмесі ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге, халқымыздың тарихи-этнографиялық құндылықтарын кеңінен насихаттауға және ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
